Шымкентте жоғары санаттағы техникалық лицей салынады

Шымкентте «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның бастамасымен Қазақстан бойынша үздік санатқа кіретін техникалық лицей салынады.

Бұл туралы бүгін облысымызға арнайы іс-сапармен келген басқарма төрағасы Владимир Школьник мәлім етті. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы өндірістік нысандардың бүгінгі ахуалымен танысқан Школьник мырза атом өнеркәсіптері салынған аумақтардағы әлеуметтік жағдайдың болашақта одан әрі жақсаратынына сенімді.

«Қазатомөнеркәсіптің» әрбір кәсіпорны уран өндіріп қана қоймай, өздері жұмыс істейтін аймақтағы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына атсалысуы қажет. Бұл туралы бүгін басқарма төрағасының өзі ескертті.

Владимир Школьник, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ Басқарма төрағасы: «Шымкентте салынатын техникалық лицей жатақханасымен салынатын болады. Біз өз балаларымыздың жақсы білім алуына мүмкіндік беруіміз керек. Лицейде білім алатын балалар техникалық білім жағынан жоғары сапада тәлім алатынына сенімдімін».

Бұған дейін де әлеуметтік салаға құйылған инвестиция мен төгілген тер баршылық. Мұны жиын барысында өзіміздің облыстағы уран кенішін басқарып отырған кәсіпкерлердің сөздерінен де аңғаруға болады. Оларға сенсек, көптеген шалғай ауылдардағы салынып жатқан бала-бақшалар мен мектептер секілді әлеуметтік маңызы күшті нысандар осы кәсіпкерлердің арқасында пайдалануға беріліп жатыр.

Дархан ҚАЛЕТАЕВ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның басқарушы директоры: «Үш күндік сапар барысында біз Школьник мырзамен бірге Созақ ауданына қарасты Таукент, Қыземшек, Тайқоңыр, Шиелі елдімекендерін аралап көрдік. Ондағы салынған әлеуметтік нысандармен танысып, олардың бүгінгі ахуалына куә болыстық. Жалақылары қандай, қандай көмек керегін білдік. Кейбір аудандардың «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы 60-90 пайызға дейін бюджетін көтеріп отыр. Бірақ енді бұл мәңгілік болатын нәрсе емес. Басшылар бұл жөнінен ойлану керек. Болашақты жоспарлап, жастарды оқыту керек. Тек қана бөлінген ақшаны ала бермей, жаңадан жұмыс орнын ашып, кейбір мәселелерді жолға қоюлары керек шығар деген қорытындыдамыз».

Қаперіңізде жүрсін, Қазақ елі ядролық отын өндіру жөнінен әлемдегі өндірістің 34 пайызына ие. Бұл дегеніңіз, жер-жаһандағы әрбір үшінші электр шамы отандық өнімнің нәтижесі деген сөз. Осылай деген Владимир Школьник істің кейбір көлеңкелі жақтарын журналистерсіз талқылауды қалады. Яғни, экологиялық пробелма сынды көп түйіндер жабық есіктің ар жағында сөз болды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Iu-gQX_-F8w[/youtube]