Шымкентте су ішуге арналған субұрқақтар жұмыс істемейді. Өйткені оларды күтіп-баптап, жағдайын жасау мәселесіне бюджеттен ақша бөлінбеген дейді қалалық коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары. Әрі бұл мәселе бөлімнің құзырына кірмейді. Ал шаһарда дәл бүгінгі күні 50-ге жуық ауызсу субұрқағы жөндеуді қажет етіп тұр. Сөйтіп, бір кездері шөліңізді қандырып, ыстық күннің аптабынан сақтауға сеп болған тегін ауызсу субұрқақтары бұл күндері көзден бал-бұл ұшты.
Рақымжан ШАМСУТДИНОВ, «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары: «Бір кездері Шымкенттің әкімі Анарбек Орман болып тұрғанда ауызсу субұрқақтарының кем-кетісі түрлі коммерциялық бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындардың есебінен жөнделетін. Енді субұрқақтар ешкімнің балансына кірмейді. Сондықтан бұл түйінді тарқату үшін іске қалалық коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары араласап, құзіретті өздері алулары керек деп ойлаймын».
Ауызсу фонтандары қазіргі таңда дендрарий бағында ғана сақталған. Олардың құрып кетпеуін саябақтың жетекшілігі қадағалайды. Саябақтың директоры Әбутәліп Құламетовтың сөзінше, қолдағы субұрқақтарды қалыпты жағдайда ұстап тұруға соншалықты көп қаражат керек емес көрінеді. Бақ ай сайын таза ауыз су үшін 15-20 мың теңге төлейді екен. Саябақта бүгінде осындай 10 субұрқақ болса, жақында олардың саны тағы да 10-ға артпақ. Тазасу фонтандары жаңа технологиямен жасалады екен. Мамандардың сөзінше, ондағы су арынын кез келген адам реттей алады. Алайда, мұндағы субұрқақтарға да қауіп төніп тұрған көрінеді. Сондықтан оны бүлдірушілерге айыппұл да салынбақ.
Сонда иесіз субұрқақтардың жағдайын кім реттейді? Ал ең арзан деген газдалған су мен квастың бағасы бұл күндері әжептеуір ақша. Кейбір тұрғын үшін бұл тіпті қалтаға салмақ та салады. Іске жарамсыз болып тұрған 50 субұрқақтың қашан жұмыс істері де белгісіз. Шілденің шіліңгірінде күнге қақталатын халайықтың жағдайы әзірге бірде-бір шенеунікті ойландырар емес.