Шымкенттіктер есірткіге қарсы күресуде

359
Шымкенттіктердің есірткіге қарсы шаралары жалғасуда

Есірткінің ессіздікке әкелетінін жастар тағы да дәлелдемек болды. Облыстық есірткіге қарсы диспансердің ұйытқы болуымен жастар рок әуенді насихаттап, “Есірткіге қарсы күрес” атты шара өткізді. Жаман әрекеттен жан дүниесін аулақ ұстаған жастардың бұл әрекеттері өздеріне жарасып-ақ тұрды. Рок әуенінінің бұл кеште әуелеуінің өз себебі де бар дейді олар. Мәселен, рок әуенін тыңдап, қызығушылық танытушыларды есірткі қолданады деп есептейтіндер көп. Негізінде бұл пікірдің жаңсақ екенін жастар бұл күні дәлелдеуде белсенділік танытты. Салауатты өмір салтын ұстанып, ел ертеңін ойлайтындарын шегелеп айтып, өз міндеттерін де білетіндерін қуана жеткізді.

Серғазы Әлменов есірткіге күрес жүргізіле беретінін мәлімдеді

Серғазы Әлменов, облыстық есірткіге қарсы диспансердің бас дәрігері: “Әрине, жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың әрбір іс-әрекеті мен қоғамда өз-өзін ұстауы, сонымен қоса жасаған жұмыстары да өз атына сай болуы маңызды. Бүгінде ұйымдастырып отырған шарамыздың басты діттеген мақсаты – еліміздегі кеңінен етек алып отырған есітрткімен күресті жастар арасында кеңінен жүргізу. Оңтүстік өңіріндегі статистикаға сүйенсек, бұл тізімнің азаяр түрі жоқ. Сол себепті жастардың жанына жақын әуестіктері арқылы оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жалғастыра бермекпіз. Сондай-ақ қазір 26-маусым – дүниежүзілік есірткіге қарсы күрес күні болғандықтан, атаулы датаға дейін мүндай маңызы мол шара тек қаламызда ғана емес, аудан-ауылдарда да жүзеге асып жатыр. Сонда ғана егеменді елдің есті ұрпағы өз атына сай болады деген тұжырымдамыз».

Ильдар Абдрашитов, әнші: “Біз есірткіге қарсымыз. Жаман әрі аты суық дүниеге жоламауға шақырудамыз. Ел ертеңін бізге жүктелгендіктен біз өз атымызға лайық болуымыз міндетті. Барша жастың басын біріктірген шарада өнерімді ортаға салудамы. Олар да қолдау көрсетіп, есірткі мен нашақорлыққа жол жоқ деген парақшаларды көтеруде. Бұл дегеніңіз – олардың санасын салауаттылықтың жаулауы дегенді білдіреді.

Виктория Гейгер: “Мен мұнда достарыммен жүрмін. Рок әуені арқылы есірткіге қарсы шыққан замандастарымды көріп, сүйсініп отырмын. Салауатты өмір салтын ұстанған достарыма демеу-қолдау көрсету үшін келдім. Әрине, көпшілік қауым рок тыңдайтындарға күдікпен қарайды. Меніңше, бұл – дұрыс емес. Барлық адам бірдей. Сондықтан таңданудың еш қажеті жоқ. Бастысы, әрбір адам салауатты өмір сүруі қажет».

Талай жанның тағдырын талқандап, адамдық қалыптан айырған ғасыр індетіне қарсы қойылған кешке келген жастардың қарасы қалың болды. Десе де шындықты бүкпесіз жеткізген баяндама оқылып, түсіндірме парақшалары да таратылды бұл күні.

Заманауи ән арқылы жастарға түсіндірме жұмысын жүргізген өнерпаздар ғасыр дертіне күрес жүргізуді міндеті санайды. Сондықтан тегін ән айтып, қаламыздағы жастарға жарқын өмірге шақыруды жөн көріпті. Айта өтейік, Оңтүстік өңірінде 19 423 адам есірткіге тәуелді. Оның 3000-ы – нашақорлар болса, қалғанын маскүнемдер құрап отыр.

Қоғамның қасіретіне айнаған апатты дүниеге қызығушылар аурудың атын өздері шақырумен әлек. Десе де жастарға түсіндірме-насихаттың жүргізілуі – оң нәтижелі болмақ. Осы орайда, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»деген аталы сөз текке айтылмаса керек.