Бүгін таңертеңнен облыстық соттың алдына Созақ ауданының 70-тен аса тұрғыны жиналды. Теріскей жұртының бұлайша әрекет етуіне былтыр пәремен ұсталған аудан әкімінің орынбасары болған Болат Айдарбеков себеп болып отыр. Жерлестерінің сөзінше, шенеунік қасақана ұйымдастырып жасалған қастандықтың құрбаны болған.
Созақтықтар облыстық сот алдында бірнеше күннен бері сарсылып жүр. Ауданның 10 ауылынан жиналған азаматтар өздеріне ешкімнің назар аудармайтынына ашынады. Олар 7 жыл бас бостандығынан айрылған Болат Айдарбеков жазықсыз жапа шегіп отыр дейді.
Еске сала кеткен жөн, былтырғы маусым айында Созақ ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Болат Айдарбеков пәре алды деген күдікпен 2 жыл абақтыға жабылған болатын. Кейіннен облыстық прокуратураның талап-арызы бойынша мәселе қайта көтеріліп, бұрынғы орынбасарға 7 жыл түрмеде отыруға үкім шығарылған болатын.
Бұрынғы орынбасарға болысуға келген «Алтын алқалы»ананың бірі «Бір жыл болды. Біз ауылдан осынша адам келіп ол жігіттің ақтығына күйіп жатырмыз -дейді. «Ол халықтың, елдің адамы болған соң біз соған күйіп жатырмыз. Алдымен оны төрт жылға соттады. Одан кейін осы жер екі жылға түсірді. Екі жылдан кейін енді бір айдан кейін шығады деп отырсақ. Қайтадан біреу арыз беріп, қайтадан сот болды. Енді болса, 7 жылға бас бостандығынан айырып отыр. 8 сот болды. Оның бәріне осы адамның бәрі қатысты. Сол сотта осы адамды ақтап аламыз деп отырмыз бәріміз үміттеніп…».
Тұрғындардың сөзінше, экс-шенеунікке жала жабылды, бұл қасақана қастық ойлап, пәре алды деп ұстап бергендердің айласы. Халыққа жақын болған нағыз азаматтарды бұлай қаралауға болмайды, дейді ауыл тұрғындары.
Әділ АЙДАРБЕКОВ, Созақ ауданының тұрғыны: «Жала жауып, ұстап берген адамның сот процесі кезінде қаржы полияциясының адамы екені белгілі болды. Ол ауылға барғанда да сақал қойып алып, қолына тәспі ұстап «мен Алланың алдындағы адаммын, өтірік айтпаймын» деп сенімге кіріп алады. Сөйтіп алдап жүріп, Б.Айдарбековтен қарызға ақша алып, сосын қайтарғанда ақшаға пәре деген жазу жазып, ұстап алған. Менің қолымда оның осындай әдіспен құрықтаған азаматтардың тізімдерінің құжаты бар. Мәселен, ол 2009 жылдың 6 қаңтары күні Жамбыл облысындағы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (КУИС) бастығын ұстаған. Жақында Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасарын да ұстап келіп отыр. Мұндай мысалдар айта берсем жеткілікті».
Шалдар ТӘЖІБАЕВ, Созақ ауданының тұрғыны: «Елге барып көрсеңіздер, бұл азамат жайрап жатқан елді гүлдендіріп, қалаға бергісіз қылды. Содан қорықты ма, кейбіреулер қолдан ұстатты. Ол енді баспанасы жоқ адам, 20 жылдай әкім болған адам. Осы уақытқа дейін үйі жоқ болса, осы уақытқа дейін ол байып кетпей ме?»
Қарапайым халық қанша ашу-ызаға булыққанымен мұның сот шешіміне ешқандай әсері жоқ дейді турабилер. Өйткені, сотта келтірілген барлық жәйт дәлелденген. Ал экс шенеунік онсызда ең төменгі мерзіммен жазасын өтеуде.
Таубай ҚАДЫРБАЕВ, Облыстық соттың аппеляциялық сот алқасының судьясы: «Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2012 жылдың 1 маусымындағы айыптау үкімімен Айдарбеков Болат Сатыпалдыұлы ҚР ҚК-нің 311-бабы 4-бөлімінің «б,г» тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп табылып, 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталған. Негізінен пәре алғаны үшін Заңда 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Демек, бұл азамат ең төменгі жазалау мерзіміне тартылған. Оның үстіне, Заңда халық келіп, немесе туысқаны келіп біз мұнымен келіспейміз деген болмайды. Ол өзінің пікірі. Оны айтуға құқылы. Бірақ олар шағым келтіруге, не болмаса, басқадай әрекет жасауға құқы жоқ. Заңда бұл көзделмеген. Ал халық арасынан өкіл қатысуға құқы бар еді сот процесі кезінде».
Ұтылған тараптың аппеляциялық шағым түсіруге әлі де 10 күндей уақыты бар дейді судьялар. Осы аралықта жаңа дәйектер табылмаса, сот шешімі өз күшіне енеді.