Журналистер мерекесінде «Отырардың» мерейі үстем болды

Журналистиканың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргендер аз емес. Облысымызда екі жүзге жуық баспасөз құралдары бар екен. Қоғамның бар-жоғын түгендеп, билік пен халық арасында дәнекер болып жүрген журналистер қаншама. Соның бірқатарын облыс әкімі Асқар Мырзахметов құттықтап, алғыс хатпен марапаттады.

Қалам ұстанған қарымды жұртшылықты облыс әкімі дендрологиялық саябақта жинады. Салтанатты жиын өткізіп, еңбегі елеулілерді түрлі аталымдарда марапаттады. Биыл «Дидар-2012» номинациясын біздің арнаның тілшісі Мақпал Ибрагимова иеленді.

Мақпал Ибрагимова, «Дидар-2012» аталымының иегері: «Жас болсам да, еңбегімді елеп, ескеріп, қолдау көрсетіп отырған ұжым жетекшілеріне рахмет. Бұл менің ғана жеңісім емес, бұл «Отырардың» жеңісі! Әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын».

Мінберге шығып, сөз алған билік өкілдерінің барлығы, журналистерді марапаттап, сыйлықтарын аямады. Облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, «Журналистер Одағының» жариялаған «Алғыс хаттарына» Лилия Шаймарданова, Фарида Шарафутдинова, Жамиля Мамырәлі, Бахадүр Тәжібаев, Тағабай Қасым, Арайлым Бексейтова, Мақсат Жақсыбай сынды қызметкерлеріміз ие болды.

Лилия Шаймарданова, «Отырар» телеарнасының бас продюсері: «Жаңашыл журналист» аталымын алдым. Әрине, Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жұртшылыққа танытып, қарапайым халыққа қолдау көрсететін жоба біздің арнамызда осымен үшінші жыл қатарында көрсетіліп келеді. Еңбекті бағалаған ел ағаларына алғысым шексіз».

Журналистер билік пен қара халық арасындағы «алтын көпірдің» ескегін есушілерді «Алтын сарай» салтанат сарайында ақ дастархан жайып күтті, одан әрі. Қазіргі ақпараттық заманда олардың қызметінің маңызы мен жауапкершілігі артты. Сондықтан, өзінің «жыртығын жамамай», өзгенің күйін күйттеп, жоғын-жоқтап жүретін журналистер расында да құрметке лайық.