Қазақстанның кішкентай хас сұлуы Шымкенттен

258

Шымкентте өткен аймақтық «Little miss Shymkent 2012» байқауының жүлдегері Нұрай Сәрсенова Алматы қаласында өткен «Little miss Kazahstan-2012» атағын жеңіп алған болатын. Енді Түркияда өтетін «Little miss world -21012 »  байқауында бағын сынайтын Нұрай бүгін «Отырар» телеарнасында қонақта болды.  Әлемдік додада Қазақстан намысын қорғайтын кішкентай бүлдіршін сұлу өз-өзіне сенімді.

«Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сұлулық сынында Көкшетау, Қостанай, Алматы қалаларынан келген өзім құралпы қыздармен танысып, достасып кеттім. Байқауға  қатысқан қыздардың барлығы да сұлу, ақылды, әдемі. Тартысты болса да, өзімнің жеңіп шығатыныма сендім,» – дейді Нұрай Болатқызы.

Нұргүл Сәрсенова, анасы: «Республикалық байқаудың басты ерекшелігі , оның ұлттық құндылықтарға мән берілуінде. Әсіресе, аяқ астынан  3 күн ішінде ұлттық киім тіктіріп әуре-сарсаңға түскеніміз қызық болды. Өйткені Шымкентте өткен аймақтық байқауда ұлттық киім аталымы болған жоқ. Біздікі тек қолдау ғана. Қызымыз өзі ұмтылып, талаптанып тұрған соң, қал-қадіріміз жеткенше көмегімізді аямаймыз. Болар баланың белін буып, байқауға барар болса, батасын беріп жатқан қос ата-апасы бар, құдайға шүкір. Солардың тәрбиесі болар, қызымыз орыс тілін еркін меңгерумен қатар,  ана тілін, қазақылықты да қанына, жанына сіңіріп өсіп келеді».

Үлкен теннис мектебінен тәлім алып, Әлия Юсупованың көркем гимнастика мектебінде бапталып жатқан балғын ару Шымкенттегі Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның оқушысы. Оқу озаты. Білім мен өнерді, спортты жастайынан жанына жақын тұтқан шымқалалық ару Нұрайға алдағы уақытта әлем аруы атағын жеңіп алып, биіктерді бағындыра бер дегіміз келеді.