Ағылшын астанасы Лондон қазақ елі үшін құтты мекенге айналды. Үкілі үміттеріміз күн сайын бір алтын олжалап, қоржын саф алтынға толды. Лондон төрінде еңсеміз тік, рухымыз биік.
Сөз жоқ, Лондон ойындарында зілтеміршілеріміз толағай ерлік жасады. Ауыр атлеттер берген уәдесін асыра орындады. Алғаш болып алтынды сыйлаған Зүлфияның ерлігі ұлан асыр жеңіске ұласты. Қазақ жанкүйерлері Майя Манезадан алтын күткен. Берген уәдесін орындайтын Манеза талайлардың мысын басты. Парижде алдын орап кеткен ресейлік әлем чемпионы Светлана Царукаева отандасымызға еш қарсылық көрсете алған жоқ.
Естеріңізде болса, Францияның бас шаһарында төрешілер «тобықтан» шалып, Майя күміс жүлдені қанағат тұтқан-ды. Бұл жолы жерлесіміз кеткен есені асыра қайтарды. Тіпті, Царукаева біздің қыздан қоссайыс қорытындысында 10 келіге қалып қойды.
Шыны керек, 69 келіде ғаламдық ойындардың додасына алғаш болып қосылған Анна Нұрмұхамедованың көрсеткіші де ерлікпен пара-пар. Ол төрешілердің қитұрқы әрекетінен сасқан жоқ. Жүйкесі темірден екендігін дәлелдей білді. Жұлқа жаттығуда 117 келіні кеудесінен асыра өз ырқына көндірген. Алайда қазылар әділеттілікті белден басып, көпе-көрнеу қиянат жасады. Нәтижесінде, отандасымыз үздік ондыққа жайғасты. Біз Аннаның болашағы зор екеніне сенеміз. Әсіресе, Лондондағы Ексель аренасында 75 келідегі қыздардың тартысы көпшілікті тәнтті еті.
Негізінен бұл салмақта алтын үшін айқас қос ресейлік Надежда Евстюхина, Наталья Забалотная және қазақстандық Светлана Подобедованың арасында өтуі тиіс болатын. Бәсеке барысында Евстюхинаның «баранка» жасауы сенсациялық жағдай еді. Әрине, одан кейін тартыстың қызығы кетті дей алмаймыз. Забалотная мен Подобедова соңына дейін ұзақ текетіресті. Қуанышымызға орай, Светаның бағы жанып, әлемдік рекордпен Олимпиада чемпионы атанды. Осы жеңісті алаш жұрты сарыла күткен. Себебі, тәуелсіздік тарихындағы 4 олимпиада ойындарында ең көбі үш алтын олжалағанбыз.
3 -тамыз күні қазақтың спорт шежіресіне өзгерту енгізілді. Ауыр атлеттердің тосын сыйы мұнымен тоқтаған жоқ. Ел үкілеген 94 келідегі Илья Ильин әлемді аузына қаратты. Айтқан сөзі жерде қалмайтын батыр ұлдың жанкештілігіне сүйсіндік. Нағыз тартыс осы бәсекеде болғанын күллі әлем көрді. Илья ер екен! Ресейліктер үміт артқан Александр Иванов, Андрей Деманов, парсы Сайд Мохаммадпур, молдаван Анатолий Кирику және әзірбайжан Интигам Зайровтың әуселесі белгілі болып қалды. Осындай атағы жер жарған зілтеміршілерден Ильин 10 келі артық көтеріп, әлем және Олимпиада рекордының қаймағын бұзды. Қызылордалық өреннің бұл жеңісі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Лондон олимпиадасы қазаққа екі дүркін олимпиада чемпионын сыйлады. Міне, бақыт! Қазақтың қуатты ел екенін Илья дәлелдеп берді.
Лондонда ерен ерлік жасаған спортшыларымыздың бірі үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова. 2000 жылы Сиднейде олимптің шыңына шыққан желаяқ Олга Шишигинаның жеңісі араға 12 жыл салып, Лондон төрінде жалғасты. Иә, Оля қыздың жеңісін ұзақ күткенбіз. Бейжің олимпиадасында төртінші орыннан көрінген қайсар қыз еш босаңсымай, ағылшын топырағында ақ түйенің қарнын жарды. Бұл жеңіс кездейсоқ келген жоқ. Рыпакованың алтыны 4 жыл бойы тынымсыз еңбектің арқасы деп білеміз. Статфорд стадионындағы 80 мың жанкүйер қазақтың әнұранына бір сәт ұйыды. Ел мерейі тасыған сәт болды бұл.
Ең өкініштісі, қазақ дзюдошылары Лондон татамиінде еркін көсіле алмады. Сенім артқан 9 ұл-қызымыздың бірінен кейін бірі аттан ауғаны жанымызға батты. Жанымызды шүберекке түйіп, балуандардың жеңісін тілегенімізбен, спортшыларымыз жерге қаратты. Әсіресе, әлем чемпионы Максим Раковтың жүлдеге ілінеріне дәмелі болғанбыз. Бірақ Қарағандының өкілі шешуші сәтте сыр берді. Алғашқы белдесуінде-ақ, әзірбайжан Эльмир Гасимовқа жол берді.
Қазақ жанкүйерлері ендігі кезекте балуандар мен боксшылардан жүлде күтеді. Жуанжұдырық жігіттеріміздің әзірге қарқыны қуантады. Ширек финалға 6 өреніміз шықты. Ғани Жайлауов, Біржан Жақыпов, Данияр Елеусінов, Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычко жүлденің ауылына бір табан жақындады. Боксшылар бәсекесі 12-тамыз күні аяқталатындықтан алдын ала сәуегейсімей-ақ қоялық. Жігіттердің бабы мен бағы қатар шапса, бағалы жүлделерді иемденуге мүмкіндіктері бар. Бәріміз Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетовтен алтын дәметеміз.
5- тамыз күні бозкілемге грек-рим күресінің балуандары шықты. 84 келіде белдескен Асхат Ділмұхамедов тұсаукесер бәсекесінде украиндық Александр Кикинковтың алдында дәрменсіздік танытты. Өкінішке қарай, еліміздің туын көтеріп шыққан Нұрмахан Тінәлиев бірінші белдесуінде-ақ, көрермендер қатарына қосылды. 60 келіде алтыннан үмітті деген Алмат Кебісбаевтың да жолы болған жоқ. Ол ширек финалға шыққанымен Иранның бағына біткен жампазы, әлемнің бес дүркін чемпионы Омид Норузиден жеңілді. Есесіне, 84 келідегі Даниал Гаджиев сөнген үмітті қайта жандырды. Ширек финалда азулы қарсыласына есе жібергенімен, қола үшін өткен белдесулердің бәрін де жеңіске жетті. Сөйтіп, грек-рим күресінің балуаны қола жүлдені еншіледі. Енді қалған балуандарымызға сәттілік серік болсын дейік.
Айта кетейік, олимпиада ойындары бел ортасынан ауса да Оңтүстіктің қоржыны бос. Желаяқ Наталья Ивонинская жүлденің жалынан ұстай алмады. Балуандарымыз бен татами шеберлері жарысқа енді қосылатындықтан әліптің артын баға тұрайық.
Еліміздің «бас зілтеміршісі» Алексей Ни қызметімен қоштасатынын мәлімдеді. Оның себебін Ни мырза былай түсіндірді. «Бес олимпиада мен тоғыз әлем чемпионатына бардым. Осы жеткілікті. Менің жетістігімді көре алмайтындар да бар. Сондықтан, уақытында кетуге бел будым, – дейді бас бапкер «Ұлттық телеарнаның» журналистеріне сұхбат бергенде. Дегенмен, бұл туралы әлі ресми ақпарат жоқ.
Зілтемірден әлем чемпионы ресейлік Александр Иванов Ильиннің мықтылығын ақыры мойындады. Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын Иванов: «Илья талантты емес. Ол тек қана дөрекі спортшы. Оның көтергендеріне күлкім келеді»,- деп «Спорт экспресс» газетіне сұхбат берген еді. Енді міне, Лондон төрінде Ильяның өзінен 9 келі артық көтергендігіне таң қалғанын мәлімдеді.
«Ильяның дайындығы жақсы. 418 келі — бұл әлем рекордынан 6 келіге артық. Бас айналдырар көрсеткіш. Ал, Ильин жаттығуларда жұлқа көтеруде -196, серпе көтеруде 240 келіні еңсеретін. Яғни, оның жеңімпаз атануы заңдылық»,- дейді Александр.
Ұлыбритания патшайымының немересі өз үйінде өтіп жатқан олимпиададан несібесіз қалған жоқ. Патшайымның сүйікті немересі Зара Филипс ат спорты бойынша бәсекеде олимпиаданың күміс медалін мойнына ілді. 31 жастағы Зара Филипс ат спорты бойынша әлем және Еуропаның 3 дүркін чемпионы. Айта кетейік, ханзада Уильям мен оның зайыбы немересінің жарысын бірге тамашалаған.
Швейцариялық футболшы Мишель Морганелла нәсілшілдік пікірі үшін олимпиададан ресми түрде қуылды. Швейцария футболшыларының Оңтүстік Кореядан ұтылып жатқандығына шамданған ол өзінің Твиттердегі парақшасында кәрістерді «моңғолдар тобыры» деп келеке еткен. Мишель осы қылығы үшін кешірім сұрағанмен бәрібір жазасыз қалған жоқ.
Әлемнің бірқатар спортшылары допинг қолданғаны үшін Лондон ойындарынан шет қалды. Алдын ала допингтік тексеру барысында өзбекстандық гимнастшы Луиза Галиулинаның қанынан рұқсат етілмеген фуросемид дәрісі анықталған. Сондай-ақ, ауыр атлеттер — албандық Хусена Пулаку, Түркия өкілдері Фатих Байдар мен Ибрагим Араттың жарыстан шығарылғандығы мәлім болды. Олардың қандарынан тиым салынған заттар анықталған.