Оңтүстіктің жүзім өсіретін шаруалары өнім алудың соны әдісін меңгерді. Сөзімізге дәлел ретінде, Қазығұрт ауданы жүзімшілерінің қажетсіз деп саналған жерге тамшылатып суғару әдісін пайдалану арқылы әр гектардан 5 тоннадан жүзім алып жатқанын айта аламыз.
Батырхан ЖҰМАСАЕВ, «Амангелді» ЖШС-нің басқарушысы: «Бау-бақша жерлерін игеру ісін қайта қарау керек. Бұл істі шаруа қожалығы осыдан төрт жыл бұрын қолға алған болатын. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей кім қарсы, кім қалыс деп, тіпті дауысқа салып тамшылатып суару жүйесін ақыры қолға алдық».
Жүзімдікке су жеткізу үшін шаруалар ұңғыманы бұрғылау арқылы сорғымен су тартты. Тамшылатып суару әдісінің құрылғылары 64 гектар алқапқа орнатылып, жүзімбақ жасау мүмкін болды.
Әбдіәкім ЖҮНІСОВ, шаруа қожалықтың агрономы: «Іс ілгері басты. Көшеттер жақсы өнді. Осыған байланысты өткен жылы жүзімбақтың көлемін арттыруды қолға алып, егістік алқабын 110 гектарға дейін көбейттік. Келер жылы тағы да 80 гектар жерге жүзім көшеттерін отырғызсақ дейміз. Біздер жүзімнің шараптық емес, асханалық сұрыпын өсірудеміз».
Жаңа алқаптарды сумен қамтамасыз ету үшін тамшылатып суару жиынтығы тағы да толықтырылды. Базар сөрелерін жүзіммен тек жазда ғана емес, қыстыгүні де қамтамасыз ету үшін қожалық сыйымдылығы 1000 тоннаға жететін тоңазытқыш сатып алды.