Әкімдер ауысып жатыр

Өткен жарты жылдың қорытындысы бойынша есеп берген аудан, қала әкімдерінің атқарған жұмысы сараланып, таразыға салынатындығына сол кезде-ақ Асқар Мырзахметов уәде еткен-ді.

Жұмысын қожыратып алған әкімдерге қатысты шара көрілетіндігі де тілге тиек болған. Сол рас болып шықты. Оңтүстікте әкімдер ауыса бастады.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімі Сейіт Мырзақұлұлы Ертай Арыс қаласының әкімі болып  тағайындалды. Ол бұған дейін облыс әкімі аппараты қоғамдық қатынастар мониторингі бөлімінің меңгерушісі болатын. Арыс Сейіт Ертайға бейтаныс мекен емес. Біраз жылдар бұрын қала әкімінің орынбасары болып, сонда қызмет атқарғаны бар.

Негізі Сейіт Мырзақұлұлы — 1971 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, заңгер, мемлекеттік басқару бакалавры. Еңбек жолын 1993 жылы Жетісай ауданы әкімшілігі жастар ісі жөніндегі комитетінің бас маманы болып бастаған. 1994-2010 жылдары Жетісай ауданы әкімшілігі жастар ісі, спорт және туризм жөніндегі басқармасының бастығы, Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы колледждің проректоры, Халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының көмекшісі, Мақтарал ауданы әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, Мақтарал ауданы әкімшілігі ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім комитетінің төрағасы, Мақтарал ауданы Қазыбек би ауылдық округінің әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бас инспекторы, Арыс, Түркістан қалалары әкімдерінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Ал   Арыс қаласын бұған дейін басқарған Қанат Жамалбекұлы Сыдықов басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босатылған.

Тағы бір тағайындау Шардара ауданының әкімі лауазымына байланысты болды.

Ендігі жерде шағалалы Шардараны Қамытбек Нұржанұлы Айтөреев басқарады. 

 Ол 1962 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша ғалым агроном.

Еңбек жолын 1978 жылы Киров ауданы ХХ-партсъезд атындағы мақта совхозының №1 бөлімшесінің жұмысшысы болып бастаған. 1985-2007 жылдары Киров ауданы ХХ-партсъезд атындағы мақта совхозының №1 бөлімшесінің аға агрономы, №5 мақта бөлімшесінің бригадирі, «Нұр» шағын кәсіпорын директорының орынбасары, «Бекболат» шаруа қожалығының төрағасы, «Асық ата-газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Оңтүстік сушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Шардара филиалының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2007 жылдың желтоқсан айынан бастап «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Оңтүстік Қазақстан филиалы «Шардара су қоймасын пайдалану» өндірістік бөлімшесінің бастығы болып еңбек етіп келеді.

Ал,  Шардараның бған дейінгі әкімі Марғұлан Зұлхарнайұлы Мараим әзірге қандай қызметке тағайындалары белгісіз. Белгілісі ол басқа жұмысқа ауысуына байланысты Шардара ауданының әкімі лауазымынан босатылды.