Ерте көктемде су тасқынынан зардап шеккен ордабасылықтар жарты жыл өткенде өтемақысын зорға дегенде түгел алды. Осылайша мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмады. Осылайша, жапа шеккен жұрттың көңілі тынышталды. Сәрсенбі күні арнайы іссапармен Ордабасы ауданына атбасын бұрған облыс әкімі Асқар Мырзахметов жергілікті халықпен кездесіп, көпшіліктің өтемақысын түгел алғанына көз жеткізді. Айта кету керек, облыс басшысының бұл жолғы сапары аудан әкімдерінің есебінде айтылған тірліктердің барысымен танысу болатын.
Қоңыр салқын күз келгенде далада қаламыз ба деп үрейленген халық ала жаздай мемлекет қазынасынан көмек күтті. Сөйтіп, ақыры күткендеріне қол жеткізді. Облыс әкімі тұрғындармен кездесу барысында, зардап шеккендердің өтемақымен түгел қамтылғанын білді.
Бір қуанарлығы, «Алма піс, аузыма түс» деп жатпастан, қарекетке көшкен кейбір тұрғындар өздігінше қыш құйып, үйдің құрылысын бастап та кеткен. Бұйыртса, осы күзде шатырын жауып, жаңа баспанасына кіретіндер де жеткілікті. Қолында азын-аулақ қаражаты барлардың жағдайы осындай. Ал бар мүлкінен айрылып, қара бақырсыз қалғандар мемлекет қазынасы мен қайырымдылық қорынан бөлінген қаражатқа енді баспана саламыз дейді.
Қазір су тасқынынан зардап шеккен алты ауылдың тұрғындары қызу қарекетін жасап жатыр. Жамағат «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей, алдымен Алланың, содан кейін мемлекет қамқорлығы арқасында күзде баспаналы болармыз деген үмітте. Облыс басшысы берілген қаржыны той-томалаққа жұмсамай, тиыннан шашау шығармастан баспана құрылысын ертерек аяқтау керектігін айтты.
Енді осындай табиғи апатты болдырмауға келер болсақ, бұдан былай Темірлан елді мекеніне төтеннен қауіп төнбеуі тиіс. Соңғы төрт жылда тасқыннан жүрегі шайлығып қалған жұрт үшін сай-саладағы қардың суынан қорқатын кез артта қалды. «Палуан тас» су реттегіш тоспасының құрылысын жүргізіп жатқандар осылай дейді. Сапар барысында облыс әкімі бөгет басына атбасын бұрған болатын.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі
– Найман арық бойын тазалауға 20 млн. теңге бөлінді. Қосымша тағы өзге де каналдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Енді тоғанның құрылысы аяқталса, темірландықтар үшін бар қиындық артта қалады.
Жомарт Сабырханов, «Ақ босаға LTD» ЖШС директоры
– Топырақты әбден таптап болдық. Нығыздау жұмысы қазір аяқталды. Енді су реттегіш аумақты бетондау ісін жүргізіп жатырмыз. Жобада көрсетілген барлық талаптарды орындап жатырмыз. Құрылыс сапасының жоғары болуына кепілдік береміз.
Жердің тоңы жібіп, сай-салада еріген қардың суы енді осы жерге жиналады. «Палуан тас» бөгетінің орташа сыйымдылығы 3 млн. текше метрге дейін жетеді. Бұл жұмысқа жуырда облыс қазынасынан қаражат бөлінеді. Ал «Палуан» тас» бөгетінің құрылысына бөлінген 66 млн. теңге қазір толығымен игерілуге жақын. Бөгеттен жіберілген су Найман арық арқылы Арыс-Түркістан каналына барып құятын болады. Жол-жөнекей жайлаған үйлердің қауіпсіздігі үшін үлкен атыздың екі жақ беті тегіс бетондалуы тиіс.
Мамыр айында басталған құрылыс тамыздың соңында аяқталмақ. Одан соң Найман арықтың екі жақ бетінің бетондалу ісі басталады. Сөйтіп, биыл қыста темірландық ағайындарға төтеннен төнетін қауіптің бұлты сейіледі деген сенім бар.
Мақсат ЖАҚСЫБАЕВ