Өткенді қорытындылау мен алдағы оқу жылына қатысты бағыт-бағдарды айқындау кезегі бүгін облыс педагогтарына келді. Олар «Тамыз кеңесінде» басқосты. Облыстың барлық аудандарынан келген ұстаздар мен өңір басшылары атқарылған істер мен болашақта неге мән беру керектігін сарапқа салды.
Биылғы жалпы жиналысқа келгендердің арасында тәжірибелі оқытушылармен қатар жас мамандар да бар. Жыл сайын бас қосатын ұстаздар өткен оқу жылын қорытындылап, келер жылға жоспар құрады.
Бекмұрат Бақыт, мұғалім: «Жаңа оқу жылы кезеңінде тамыз конференциясына жоғары көңіл-күймен келеміз. Барлық педагогтар үлкен құлшыныспен келеді. Жаңалық күтеді».
Дәстүрлі жиынды мерекеге ұластырған ұстаздар ҰБТ қорытындысына келгенде ұялып, қызарды да. Жіберілген кемшілік жаңа оқу жылында қайталанбас үшін тапсырмалар берілді.
Ал мұғалім мәртебесін көтеріп, білім саласын жаңғырту — биылғы жылдың басты міндеті дейді басқарма басшылары.
Серік Әуесхан, ОҚО Білім басқармасы бастығының орынбасары:»Мұғалімнің статусын көтеру үшін барлық жағдай жасалып келеді. Былтыр жәрдемақы ретінде бір айлық жәрдемақы төленетін болса, биылғы жылы олардың біліктілігін көтеру жұмыстары жүргізілді.Онда 3-деңгейлі мұғалімдерге 30 пайыз ақша қосылса, екінші деңгейден өткендерге 70 пайыз қосылады. Ал бірінші деңгейлі өткендерге 100 пайыз айлық қосылады. Осындай жағдай жасалып жатқанда, мұғалімдерге қойылатын талапта ерекше».
Жаңа оқу жылын ұстаздар мен оқушылардың біразы жаңа мектепте қарсы алу үшін ел қоржынынан 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Енді 1-қыркүйекте 18 жаңа мектеп есігін балғындарға айқара ашса, жыл соңына дейін тағы 26 білім ордасы қолданысқа беріледі.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YNQd_UFvbR4[/youtube]