40 мың нанталап қайда барады?

Биылғы ҰБТ мен кешенді тестілеуге қатысқан 70 мыңға жуық талапкердің 34315-і мемлекеттің тегін оқу грантына ие болды. Қалғандарының жігерлері құм болмаса да, таулары шағылды. Бәсеке болған соң мұндайдың болуы заңдылық шығар. Дегенмен, тегін оқуға түсе алмай қалдық-ау деп салы суға кетіп жатқан ешқайсысы жоқ. Бұлай деуімізге себеп те бар. Мәселен, оқу орындарының көптігімен аты шартарапқа танымал болған Шымкентте дәл қазір оқуға шақыратын жарнаманың шоғы қызып тұр. Оған Байтұрсынов көшесіндегі пединституттың алдындағы жаяу соқпақпен жүрсеңіз куә боласыз.

«Бізге тапсыр, бізде мынадай мүмкіндіктер бар, бізде мынадай жағдайлар жасалған, жатақханамен қамтамасыз етеміз» деген секілді жарнамалардан, оқу орнына адам жинап отырғандардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жарнаманың тәтті уәдесіне ұйығандары тапсырып та жатыр. Оқу орындарының өкілдері дәл сол жерде отырып алып, құжаттарды әп-сәтте реттеп, тіркеп береді. Грантқа түсе алмай калғандардың көпшілігі армандарына дәл осы жерде осылайша жетуде.

Бүгіндері білім беру нарығында бәсекеге шыдас бере алмайтын оқу орындарының көп екендігі туралы ащы сөздерді жиі естиміз. Ащы сөздің ашынғаннан шығатындығы да бесенеден белгілі. Демек, қазақ қоғамында атына заты сай емес оқу ордаларының қалай болса солай білім беріп жатқандығы ақиқат. Көбінің жабылып жатқанына ел талай мәрте куә да болған. Ал, енді қарап отырсақ, атынан ат үркитін, дағарадай, замана талабына сайманы да, ұстазы да әбден сай келетін оқу ордаларымыз да бір төбе екен. Берісі елу, арысы тоқсан жылға табан тірейтін тарихы бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы Мемлекеттік университет, Елордадағы бүкіл Еуразия жұртшылығына танымал Л. Гумилев атындағы Еуразия ҰУ, Қазақ-Британ, А. Ясауи атындағы Қазақ – Түрік, КИМЭП, ҚазҰТУ, өз өңіріміздегі М. Әеузов атындағы ОҚМУ, Халықаралық қазақ-түрік университеті тағы басқалар ел мойындаған, білім беру мен кадр даярлауда алдыңғы шепте жүретін оқу ордалары. Осы тұста, осыншама ірі оқу орындарымыз бола тұра, білім беруді дамытуды алғашқы орынға қойып отырған елімізде неге сонша саны бар сапасы төмен ЖОО-лар қаптап кетті деген сауал көкейге келе береді.

Биыл 34 315 білім гранты үлестірілді. Оның ішінде:
— техникалық ғылымдар мен технологияларға — 12 мың
— педагогикалық мамандықтарға — 6600-ден астам;
— ауылшаруашылығы мен ветеринарлық ғылымдарға — 2630 орын бөлінді. Түлектер саны — 68 мың.
— мектеп бітірушілердің 71%-ы қазақ тілді оқу грантына,
— 29%-ы орыс тілді оқу грантына ие болды.
— 500 грант сырттай оқуға бөлінген

16 миллиондай халқы бар елімізде 150-дей жоғары оқу орны бар екен. Оның үштен бірі ғана мемлекеттік. Әлемнің жетекші елдеріндегі жағдаймен салыстырғанда 60 млн. астам халқы бар Ұлыбританияда – 89, 5,2 млн. халқы бар Финляндияда – 20, 10,2 млн. халқы бар Чехияда – 66. Шығыс Азия елдерінде, Еуропа, Ресей мен Батыста 150 мыңнан 700 мың адамға шаққанда бір оқу орнынан келеді. Дүниежүзінде орта есеппен бұл көрсеткіш – 320 мың, ал, Қазақстанда – 80 мыңдай. Еліміздің жоғары оқу орындарында 800 мыңдай студент оқыса, Канаданың 100 оқу орнында – 1,5 млн. сол сияқты Ұлыбританияның 89 оқу орнында 640 мың жас оқиды екен. Демек, жоғары оқу орындарының саны жағынан біздің елге пара-пар келетін бірде-бір ел жоқ. Оның есесіне жоғары біліммен қамтуда көштен қалып қойған жайымыз бар. Бұл – жоғары оқумен қамтудан бастап жұмысқа орналастыруда сәйкессіздік пен жүйесіздікке ұшырап отырғанымыздың салдары. Және сол жыл сайын бітіретін 800 мыңнан астам мамандардың барлығы қайда, жұмыс күші жетіспей жатқан елімізде неге солар көрінбейді? Демек, білімі таяз, білігі шамалы демеске лаж жоқ.

Біздер білікті маман даярлауда да, оқыған маманды жұмысқа орналастырып, оны пайдалануда да артта қалып отырмыз, және де рес-публикада жоғары білім деңгейі төмендігінің себептері көп дейді мамандар. Біріншіден, жоғары оқу орындарының саны мен оларда қамтылған студенттердің арасындағы сәйкессіздік бар екен. Білім және ғылым министрлігі қаптаған жоғары оқу орындарының санын азайтып, сапасын көтеру үшін қысқарту шараларын жасағанымен, одан нәтиже шыққан жоқ. Бақылаусыздықты жекеменшік ЖОО-лар әлі де пайдалануда. Бұрынғыша сапаны сан билеп тұр. Екіншіден, республикада жоғары білімнің өткір проблемасының бірі – білім алудың қымбатқа түсетіні. Халықтың әртүрлі жігінің арасында теңсіздік жағдайы қалыптасқан. Яғни, жан басына шаққанда орташа табыстың көлемі ақылы негізде оқуға мүмкіндік бермейді. Он алты мыңдай қазақстандықтың жасы егде тартқандарының 15%-ның өзі жоғары білім алуға қызығушылық танытса, шын мәнінде елде білім алуға құштарлар әлдеқайда көп. Бірақ бәрінің бірдей соның ішінде ауыл жастарының қаржылық проблеманың салдарынан жоғары білімге қолы жете бермейді. Мемлекеттік қолдау әлі де болса жеткіліксіз.

Бүгіндері қоғамда үлкен қызығушылық тудырып отырған нәрсе – білім беруді несиелендіру. Білім беруді несиелеу басқа елдерде аса маңызды болса, біздер әлі тиіп-қашты қараудан асар емеспіз. Мысалы, 2010-2011 оқу жылында елдегі жоғары оқу орындарына бакалавриат бойынша 192 507 адам қабылданған. Оның 35 128 мемлекеттік грантпен және 157 379-ы ақылы негізде түсіпті. 2010 жылдың 1-қыркүйегіне жоғары оқу орындарының 77%-ы ақылы негізде оқытса, 2010 жылдың 1-қазанына Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы жалпы көлемі 479 млн. теңге 3 834 кепілдік міндеттеме берді. Оның 1 785-сі ғана жеңілдетілген кредит. Ал, жоғары оқу орындарында жеңілдетілген кредит алуға құқығы бар 40 000 адам оқиды. Олар – көпбалалы, тұрмысы нашар отбасылардың балалары, жетім балалар немесе ата-анасының асырауынсыз қалғандар, мүгедектер және тағы басқалар. Байқасақ, жеңілдікпен несие алғандардың саны өте аз. Кредитті алғысы келмегендіктен алмайды дегеннен гөрі қолы жетпейді деген дұрыс. Өйткені кредит алудың кедергілерінен өту қиямет-қайым.

Бақытжан Жұмағұлов өткен жылы Білім және ғылым министрінің орынтағына отырған соң жеделдете «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына барып, жұмысымен танысқан-ды. Танысу барысында қаржы орталығының қызметтік тұрғыдан одан әрі дамуына пікір білдіріп, орталық менеджерлеріне студент пен оның ата-анасына ыңғайлы әрі түсінікті болатындай оқу несиесінің жаңа механизмдерін жасауды, тұтынушының сұранысына жауап беретін жинақтау формасының жаңа жүйелерін ойластыруды ұсынған болатын. Бұл министрдің алғашқы қарқыны ғана ма, әлде несиелеуге қатысты жақсы өзгерістер бола ма, одан әзірге хабар жоқ.

Саят ЖҰМАҒҰЛОВ

P.S. Халықшаруашылығының әрбір саласында жұмыс күші жеткілікті, әрі көпшілігі білікті болса, мемелекеттің қарқынды дамитындығы сөзсіз деп пайымдаймыз. Қазіргі таңда, ел дамуына серпін берерлік әртүрлі мемлекеттік жобалар түзіліп, оны орындау ісі басталып та кетті. Үдемелі инновациялық-индустриаландыру бағдарламасы, «Дипломмен ауылға» жобасы. Оларды жүзеге асыруда әдеттегідей сырттан келгендерге иек арта бермей, өз кадрларымызға, олардың біліміне, біліктілік деңгейіне сүйену қажет-ақ. Бәсекеге қаншалықты қабілетті екендігіміз таразы басына түсіп отыр. Сондықтан, Үкіметтің кеуделі жобалар жасаудан бұрын білікті кадр даярлауды, ол үшін білім саласы проблемаларын жан-жақты шешуді ойлағаны абзал болар еді-ау дегіміз келеді.