Шымкент қаласының орталығы «Қайтпас-1», «Нұртас», «Мирас» шағынаудандарының бос жатқан жерлеріне қарай ауысады дейтін хабар тарағалы бері жергілікті халықтың дегбірі қашып, ел арасында сан түрлі ақпарат тарап жатқаны белгілі. Біреулері 350 үй мемлекет қажеттілігі үшін алынады екен десе, енді бірі мыңдаған үйлер қиратылады екен деп мәселені ушықтырып жатқан көрінеді. Біз бұл мәселені халыққа жете түсіндіру мақсатымен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Әшірбаевпен кездесіп, мәселенің мән-жайын сұраған болатынбыз.
Жаңа тұрғын-үй кешені мен әкімшілік іскерлік орталығы деп аталатын жаңа ауданның бой көтеруі үшін қажетті аумақта орналасқан 55 үй ғана мемлекет мақсаты үшін алынбақ. Және де оны мемлекет өтемақы төлеп, сатып алатынын ескерте кеткен жөн. Мемлекет тарапынан құрылған бағалаушы компания әр үйдің, әр жер телімінің қазіргі нарықтық бағасын есептеп, қорытындысы бойынша иелеріне қаржылай өтемақы төленетін болады. Егер үй немесе жер телімінің иесі мемлекет белгілеген бағамен келіспейтін болса, тәуелсіз бағалаушылардың қызметіне жүгініп, сол арқылы сотқа шағым түсіре алады. «Әр үйдің иесі жерінің көлеміне, үйінің сапасына, біткен-бітпегеніне қарай әртүрлі көлемде ақша алуы мүмкін. Бұл жағдайға тұрғындар түсіністікпен қарағандары жөн», – дейді Б. Әшірбаев.
Сондай-ақ, неліктен нақ осы аудандардың жері таңдалып алынғаны туралы да түсінік бере кетті. Сөйтсек, бұл аймақта құрылысы жүріп жатқан нысандар өте аз екен. Және де дөңестеу біткен жер бедері жаңа орталықтың кәріз жүйесін жүргізу үшін ерекше тиімді болған. Бақытжан Әшірбаев қаланың бас жоспарына қатысты мәліметімен де бөлісті. Айтуынша, Шымкенттің бас жоспары Үкіметтің қарауында екен. Жақын арада бекітіледі дейді. Жаңа тұрғын үй кешені мен әкімшілік іскерлік орталығы қаланың жаңа бас жоспарына қатысы жоқ дегенді де айтып қалды.
Бүгіндері 1.5 мың гектар аумаққа жобаланған жаңа орталықта салынуы тиіс бірнеше нысанның құрылысы әне-міне дегенше басталып та кетіпті. Мәселен, кітапхана, драма театр, әкімшілік ғимараттарының алғашқы кірпіштері қаланып үлгерген. Қала әкімінің орынбасары облыстық, қалалық әкімдіктерге қарасты ғимаратты жалға алып жұмыс істеп жатқан мекемелер осында көшірілетінін айтты. Сондай-ақ, қаланың айналасына жағалай 210 гектар жерге ағаш отырғызылып, жасыл белдеу жасалмақ.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ