Абыройың қандай, ақсақал?

Абыройың қандай, ақсақал?! Облысымызда дәстүрлі түрде өткеріліп келе жатқан «Ырыс алды — ынтымақ» форумы кезекті тақырыбын қазыналы қарттықтың атақ-беделіне арнады. 4 жыл бұрын Түркістаннан бастау алған қоғамдық форумның осыған дейінгі кездесулері жастар тәрбиесіне, ағайын арасындағы алауыздық сынды мәселелерге арналған болатын.

Бұл жолғы кездесу — «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасы аясында «Әлеуметтік жаңғыртылу мұраттарына сәйкес ақсақалдықтың абырой-беделін биіктету — уақыт талабы» мәселесінде қаузалды.

«Пайғамбар жасынан асқан кейбір інішектеріміз «Ата» деген сөзді есітсе, шошып, шоршып түседі. Әне бір келіншек, мені «ата» демесе екен деп тұрады. Бұл дұрыс емес», — деді алғашқы сөздердің бісмілләсін форумның жауапты хатшысы Мархабат Байғұт.

Қоғамдық форумның дәстүрлі жүргізушісінің бұл сөзіне жиналған жұрт жабылып күлсе де, ой түбінде зіл бар екенін іштей жақсы біледі. Аузы дуалы қария, кейінгіге дария екенін бүгінгінің ақсақалы ұмытып бара жатқаны шындық. Оның себебін заман ағымымен түсіндіреді көпшілік.

Әбілқасым Досболов, Облыстық мәслихаттың депутаты: «Көп ағаларымыз да бар, Құдайға шүкір, жағдайым жақсы ғой. Әркім өзі білер деген сияқты ақыл айтуда қалыс қалып, бұғып жатады. Кейбір жастар оны тыңдайды, кейбірі не жұмысың барға басады. Сондай жағдайдан да ойланып қалатындар бар. Сол себепті де, ақсақалдың абыройы түсіп барады ау, шамасы».

Жастардың жүгенсізденіп кетпеуі үшін оларды ауылшаруашылық ісіне баулу қажет. Депутат Досболовтың ұсынысы осы. Яғни, нанның қайдан келіп жатқанын ата-анадан үйрену арқылы ұрпақтар сабақтастығы жарастығын табуы тиіс. Ал сарыағаштық Рақымберді қарт кейінгіге үлгі-өнеге көрсету ісін ауданда кәсіптік топ құру арқылы шешкеніні мақтана жеткізді.

Рақымберді Оспанов, Сарыағаш қалалық ақсақалдар қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Сарыағашта әртүрлі кәсіпті меңгерген ақсақалдардың арқасында түрлі еңбек топтары құрылған. Жастардың арасында өз еңбек кәсібін сол ақсақалдардың басып өткен еңбек жолын білу арқылы ұйымдастыруды аудандағы әрбір ақсақал мойнына алған».

Қоғамда ақсақалдың абыройын арттыру үшін жастарды қатыгездікке үйретіп жатқан көгілдір экрандағы бейәдептілікті тыюымыз қажет. Форумда айтылған ұсыныстың бірі осы. Ал көп ел ағасы сүйекке сіңіп бара жатқан жағымпаздықтан арылса, түтініміз түзу шығары анық.

Мархабат Байғұт, «Ырыс алды — ынтымақ» қоғамдық форумының жауапты хатшысы: «Ақсақалдардың, қариялардың, шалдардың психологиясындағы басшыларға жағымпаздану мәселесін, сол психологиядағы бір жалтақтық, ақсақалдарға жараспайтын жағымпаздықты санадан арылту керек. Ақсақалдар шындықты, ақиқатты көбірек айту керек, тіпті, тіліп айту керек деп ойлаймын».

Өкінішке орай, ақсақалдықтың қадір-қасиетін арттыратын бәтуәлі пікірді мінберде сөз алғандар айта алған жоқ. Тізімге ілініп сөз алғандар түрлі саладағы жетістіктерімізді баяндаумен шектелді.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Форумның көтерген тақырыбына біз дайындалып келуіміз керек сияқты. Махаң (Мархабат Байғұт) жаңа бірнеше рет ой тастады. Осыған пікір білдіріңіздер? Не істеуіміз керек деді. Ақсақалдың беделін арттыруымыз үшін не істеуіміз керек? Егер БАҚ-тан арнайы айдар ашу керек болса, оны қарастырайық. Жоқ болмаса, елімізге белгілі ел ағаларының пікірін газет бетіне шығаруды ұйымдастырайық».

Жиын соңында облыстың 15 ауданынан жиналған 350-ге жуық қария жастарды тура жолдан тайдырмау үшін алдымен өзімізді тәрбиелейік деген ойды түйіндеп, облыс әкімі шақырған ауызашар дастарханынан дәм татты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=btnOqcelM84[/youtube]