Лондон ойындары қазақ елі үшін өте сәтті басталды. Алғашқы күні-ақ, велоспортшы Александр Винокуров көптен күткен алтынды қоржынға салды.

Небір майталман велоспортшылардың арасынан қызылжарлық өрен мәре сызығын алғаш болып қиды. Шыны керек, отандасымыздың чемпион атанарына ешкім сенбеген. Жасы қырыққа таяған спортшыдан жүлде күткендер аз еді. Алайда қайсар Винокуров өзінің спорттық ғұмырындағы ең мәртебелі атақты иемденді. Міне, көл-көсір жеңіс. Лондон аспанында алаш жұртының Әнұраны қалықтады. Қуатты Қазақстаннның абыройы аспандап, мәртебесі өсті. Бұл қазақ спортының тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Олимпиада ойындарының алғашқы күні Қазақстан қоржынына алтын жүлде түспеген.

Үкілеген үміттеріміз жарыстың екінші күнінде де толағай ерлік жасады. Бәріміз үміт еткен, арқалы ауыр атлеттеріміздің жеңісі ғой бұл. Домаланған қара қыз Зүлфия Чиншанло мерейімізді тасытты. 53 келіде додаға қосылған отандасымыз әлем және Олимпиада рекордымен әлемді аузына қараты. Көк жәшікке телміре Зүлфияның ғаламат жеңісіне сүйсіндік.

Жұдырықтай қыз жұлқа көтеруде аздап абыржытып қойған. 95 келімен тоқтағанда ішіміз қылп ете қалды. Алайда серпе көтеруде жерлесіміздің ешкімге дес бермейтінін білеміз. Солай болды да. Сүйікті жаттығуында көсіле 131 келімен әлем және Олимпиада рекордына түзету енгізді. Зілтеміршілеріміздің алдағы уақытта да қуантатынына сенеміз. Қатарда әлі Светлана Подобедова, Илья Ильин сынды саңлақтарымыз бар.

Өкінішке қарай, өзге спорт өкілдері жүлдемен сүйіншілей алар емес. Садақ ату, дзюдо, жүзу спортының өкілдері ауылға ерте қайтатын халде. Оңтүстік өрендері де орта жолда шаң қауып қалды. Алғашқы күні татамиде белдескен Александра Аборневаның моңғол Мухбат Урантстестеге шамасы жеткен жоқ. Қабырғаға оқ атуда Ангелина Мищуктың көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Жерлесіміз іріктеуде іркілді. Қазақ олимпиадашыларының ең жасы гимнастшы Мөлдір Әзімбайдың жолына үмітпен қарағанбыз. Бірақ шынашақтай қыз қалың топтың арасында қалып қойды. Бір жұбанарымыз, шеберлігі толысса әлі-ақ жүлдені күреп алатынына сенгіміз келеді.

Әлемнің азулы боксшылары Лондон шаршы алаңын шайқауда. Бұл сында біздің де несібеміз бар. Әзірге, қазақ боксшыларының шабысы шаттандырады. Сенген серкелеріміз алғашқы бәсекелерін сәтті өткізуде. Ильяс Сүлейменов (52 келі), Ғани Жайлауов (60 келі), Қанат Әбутәліпов (56 келі) қарсыластарын жүндей түтті. Ал Серік Сәпиев (69 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Иван Дычко ( +91 келі) жеребенің сәтті түсуіне байланысты жарысқа кейінірек қосылады. Кеше 49 келідегі Біржан Жақыпов пен Данияр Елеусінов (64 келі) тұсаукесер жекпе-жектерін өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, қабырғалы балуандардың бәсекесі әлі басталған жоқ. Біз «классиктер» Нұрмахан Тінәлиев, Алмат Кебісбаев және еркін күрес шебрлері Дәулет Ниязбеков, Дәурен Жұмағазиев және Таймұраз Тигиевтен алтын дәметеміз. Балуандардың бәсекесі 5 – тамыз күні басталады.

 

Олимпиада айшықтары:

Сарымайдай сақтап келген зілтеміршілеріміз Арли Чонтей мен Фархад Харки Лондон ойындарынан аластатылды. Ғаламдық ойындар таяғанда Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы екі дүнген жігітін танымайтын болып шыққан. Осы себептен орта жолда құрама сапына Кирилл Павлов (77 келіге дейін) және Александр Зайчиков (105 келіге дейін) қосылды.

ХХХ жазғы олимпиада ойындарының ресми сайты London2012.com бірқатар елдердің сынына ұшырады. Байыптап қарасақ, ресми сайтта ресейлік боксшы Сергей Водопьянов Ресейдің Қазақстан аймағында туып өскен деп көрсетілген. Яғни, Қазақстанды Ресейдің бір аймағы деп шатып-пұтқан. Сондай-ақ, бұл санатқа Қазақстанмен бірге Грузия, Арменияны қосып жіберіпті.

Қазақ жанкүйерлері көкжәшіктен «KZAKHSTAN» деген жазуы бар спорттық жейде киген азаматты байқап қалған. Зүлфия Чиншанло бәсекеге түскен сайыста орын алған бұл жағдай. Қазір жағдайдың анық-қанығы тексеріліп жатыр. Қалың жанкүйерлер мұндай сорақылықтың ғаламат жеңістің сәнін келтіретіндігін айтады.

Олимпиада чемпиондарының ерен ерлігін әсіресе, Грузия бағалайтын болып шықты. Лондонда чемпион атанған грузин спортшыларын бір миллион 200 мың АҚШ доллары күтіп тұр. Ал әзірбайжандықтар жеңімпаздарға 510 мың АҚШ доллар беретіндіктерін уәде еткен. Күні кеше Лондон олимпиадасының жеңімпазы атанған ресейлік дзюдошы Мансур Исаевқа Челябинск облысының губернаторы Михаил Юревич 1 млн доллар беретіндігін мәлім етті.

 

Артық болмас білгенің..

Лондон ойындарының ащылу салтанаты шілденің 27-інен 28-іне ауған түні Стратфордтағы әйгілі Олимпиялық стадионда өтті. «Таңғажайып аралдағы» думанды салтанатты стадионнан 80 мың адам көрсе, 4 млрд-қа жуық адам теледидардан тамашалады.

Ашылу рәсіміне 10 мыңға таяу спортшылар, 40 ел президенттері қатысқан. Олимпиялық стадионнан Нұрсұлтан Назарбаев та төбе көрсетті. Сәні мен салтанаты кесілген мемлекеттердің шеруінде Нұрмахан Тінәлиев бастаған Қазақстан делегациясы № 94 болып шықты.

Ғаламдық сайыста 204 елдің 12 500-ге жуық спортшысы спорттың 26 түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салады. Оның ішінде Қазақстанның 116 жампозы 25 спорт түрінде бақ сынайды. 27 – шілде күні алауы тұтанған Олимпиада ойындары тамыздың 12-нде мәреге жетеді.