Бәйдібек ауданының фермерлері егін орағын келесі айдың соңында аяқтауды жоспарлап отыр. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі күні дәнді дақылдардың 50%-дан астамы жиналды. Дәнді дақылдар бойынша жиналған алқап көлемі барлығы 13310 гектарды құрап, нәтижесінде 5424 тонна бидай, 2135 тонна арпа қамбаға құйылған. Егінді ору жұмысына аудан бойынша бас-аяғы 17 комбайн тартылған.
— Осы уақытқа дейін егілген 27180 гектар астықтың 9040 гектарынан бидай, 4270 гектар егістіктен арпа жиналды. Таулы жерде орналасқан аймақтар егінге әлі орақ салған жоқ. Негізі диқандардың екпіні қатты. Ендігі мәселе барлық астықты қыркүйек айына дейін төгіп-шашпай жинап, жиған-тергенді сақтау науқаны тұр, — дейді ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Данабек Тұрдалиев.
Өткен жылы 30626 гектар алқапқа дән сеуіп, орта есеппен гектарына 13,7 центнерден астық алған аудан диқандары үлкен көрсеткішке қол жеткізген еді. Бірақ, биылғы ауа райының қолайсыздығы диқандарды соншалықты қуанта қоймады. Өткен жылғыдан айтарлықтай кем. 27180 гектар астық еккен бәйдібектік диқандар анау айтқандай табыссыз да емес. Шаруашылығы былтыр мол астығын сата алмай қиналса, биыл жиналған астықтың сапасы да жоғары, оның үстіне бидай бағасы да аспандап тұр.
Биылғы астықтың гектар түсімі орта есеппен 6 центнерден айналған. Шынын айтқанда, биылғыдай құрғақшылық жылында мұның өзі жаман көрсеткіш емес. Бір өкініштісі, Ақбастау округінде 910 гектар, яғни, 526 га. арпа, 234 га. күздік, 150 гектар жаздық бидай оруға жарамсыз болған. Бөген аймағында да дәл осындай жағдай. Бұл аумақта 450 га. бидай, 320 гектар арпа күйіп кеткен. Ал, Алғабас атырабында бар-жоғы егілген 70 гектар күздік бидайдың бір түйірі де өнім бермеген. Бәрі де құрғақшылықтың қамытын киген. Гектар түсімінің төмен жағынан егінді гектарына 3 центнерден жинаған Жамбыл мен Бөген округі тұр. Облыстың өзге аймақтарындағы бидай шығымына қарап, барға шүкір деуге болады. Сонымен бірге, алтын астық шығымы жағынан өзге облыстармен салыстырғанда көш соңында емеспіз.
Бір қызығы, бүгінде ауылшаруашылығы науқандарының бәрі кеңес заманындағыдай емес, даңғазасыз тып-тыныш өтетін болды. Тіпті, үлкен науқан жүріп жатқандығы еш білінбейді. Белгіленген мерзімде дәнді сеуіп тастаған диқандар жаз айларында арамшөпке қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізіп, одан қалды мал азығын дайындап, күзге дейін тынымсыз тер төгеді. Шілде айының ортасында басталатын егін орағы бір айға жетер-жетпес уақыттың ішінде айқай-шусыз аяқталады. Кеңес заманында қаладағы кәсіпорындардан, одан қалды іргелес республикалардан көмекке адам шақырып, тіпті, солдаттар алдырып даңғаза ұранмен бір жарым, екі айда әзер аяқтайтын егін орағын қазір әр шаруашылық өз күшімен екі-үш аптада бітіріп алады. Мұның бәрі – шетелдік алымдылығы жоғары техниканың арқасында қол жеткізіп отырған жетістік. Кеңес заманындағы бес комбайнның орғанын қазір жалғыз «Джондир» комбайыны атқарады. Басқару түгел компьютерлендірілген, кабинасының іші салқын, әрі таза. Содан болар, комбайндар орақ кезінде күндіз-түні үзіліссіз жұмыс істейді.
Қазіргі диқандардың қол жеткізген тағы бір үлкен жетістігі егін өсірудің озық технологиясын меңгеруге деген ұмтылыс арқылы көрініс беріп отыр. Кеңес заманында түгелдей ауа райына тәуелді болып, жаңбырлы жылдары мол өнім жинап, құрғақшылық болған кезде тұқымын да ала алмай пұшайман болатын диқандар бүгінде ылғал үнемдегіш технологияны қолданысқа енгізуде.
Биыл жалпы егіс алқабының бірқатары ылғал үнемдегіш технология бойынша егілген. Мамыр айында жауған аздаған жаңбырдан кейін ала жаздай жерге бір тамшы ылғал түскен жоқ. Бірақ, соған қарамастан, егін біршама жақсы бой көтерді. Ал, агротехникалық шаралардың бәрін мерзімінде, сапалы жүргізіп жүрген Көктерек ауыл округі биылғы құрғақшылық жылының өзінде гектарынан 10 центнерден астам астық жинады. Мұның өзі егін өсірудің озық технологиясын пайдаланып, агротехникалық шараларға жете көңіл бөлінсе, ауа райының жағдайына қарамастан жыл сайын мол өнім алуға болатындығын тағы да дәлелдеді.
Аудан диқандарының биылғы тағы бір жетістігі егіншілік саласын әртараптандыруға жете көңіл бөле бастағаны десе болады. Көктемде сеуіп тастап, күзде орып алатын бейнеті аз бидайға ғана қарап қалмай, бүгінде үлкен сұраныс туғызып отырған және базарда бағасы да бидайдан әлдеқайда жоғары сояулы мал азығын өсіруге аудан шаруашылығы биыл үлкен көңіл бөлді. Ауданда сояулы мал азығын дайындау жоспары 239 600 тонна болса, ал нақты дайындалғаны 187 321 тоннаға (78 %) жетті. Оның ішінде 169 260 тонна пішен, 1 984 тонна сабан, 16 077 тонна жоңышқа жиналған. Мұның өзі аудан тұрғындарына қыстан қысылмай шығуына кәдімгідей көмек болғалы тұр. Сояулы мал азығын дайындаудан аудан бойынша Ағыбет округі жоспарды артығымен орындап 101%-бен көш бастап тұрса, көш соңында 54%-бен Мыңбұлақ пен Алғабас атырабы тұр.
Ауылшаруашылығы науқандарын уақытында аяқтауға мемлекет тарапынан беріліп келе жатқан қаржылай көмектің тигізіп отырған ықпалы да зор. Бір сөзбен айтқанда, егіншілік саласы мемлекет тарапынан қуатты қолдауды барлық уақытта айқын сезініп келеді. Ауданның ауылшаруашылығы қызметкерлері биылғы жылды осындай жетістіктермен қорытындылауда. Алдағы жылдан күтер үміт те зор. Ауылшаруашылығы саласында қолға алынып отырған ірі инвестициялық жобалар аз емес. Осындай жобалардың бірқатары биылдың өзінде іске қосылып, толыққанды жұмыс істей бастады. Яғни, аграрлық аймақтың ауылшаруашылығы саласы қазіргі заман талабына сай дамуға бет бұруда деп айтуға болады.
Күзгі орақ науқанына диқандар үлкен даярлықпен кіріскенін айта кеткен жөн. Соқа-сайманы жөнделіп, техникалық базасы да толықтай жаңартылған шаруа қожалықтары ору науқанын еш қиындықсыз атқаруда. Сарапшылардың болжамынша, биылғы жылы әлемде бидай бағасы жылдағыдан қымбаттау болады. Астық бағасының көтерілуіне – көрші Ресей, Украина елдерінде бидайдың шығымының төмендігі түрткі болмақ. Мұндай жағдайда, диқандар бидай саудасынан мол пайда табуы ықтимал. Осының арқасында тынымсыз тірлік пен егін егуге, оруға кеткен шығындарды еселеп пайда табу арқылы жауып, қомақты қор жинап алуына жағдай жеткілікті.
Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ
Бәйдібек ауданы