Балаларды зорлау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

291
Салтанат Қаракөзова
ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова

Төлеби ауданындағы тіл кемістігі бар балалардың мектеп-интернатында тоғыз ай бойы балаларды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Естеріңізге сала кетейік, 15 жасар оқушы өзінен кіші балаларды қорқытып, зорлағаны туралы жәбірленген жасөспірімдердің ата-аналары шағымданған болатын. Олардың бірі баласын сот-медициналық сараптамадан өткізіп, зорлау нышандары бар екенін анықтағанын айтқан.

Осыған дейін олар құзырлы органдарға шағымданбаған. Енді іспен тәртіп сақшылары айналысады. Бұл жөнінде ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова мәлім етті.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Төлеби аудандық ішкі істер бөлімінде осы жәйтке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Бірнеше сараптамалар тағайындалды. Осы жәйтке байланысты біраз сұрақтар туындап отыр.Қазір тергеушілер тергеп жатыр.Толық мәліметті тергеу аяқталған соң айтатын боламыз».