Бастауыш сыныптарға ағылшын тілі енгізілмек

Өткенді қорытындылау мен алдағы оқу жылына қатысты бағыт-бағдарды айқындау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Тамыз кеңесі» биыл да өз жалғасын тапты. Облыстың барлық аудандарынан келген ұстаздар қауымы мен өңір басшылары келелі кеңес барысында атқарылған істер мен болашақта неге мән беру керектігін сарапқа салды. Баяндама жасаған облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Серік Әуесханов Елбасының тапсырмасына сай «бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа жетуінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылады»,- деді.

Сөз алғандардың арасында Түркістан дарынды балаларға арналған мектептің директоры Қуаныш Бәйшенов Білім және ғылым министрлігінен арнайы қатысып отырған шенеунікке бірнеше маңызды ұсыныс айтты. Оның айтуынша, ҰБТ-ға барлық оқушыларды түгел қатыстырып, таңдау пәнін екіге дейін көбейту керек. Сондай-ақ, қосымша пән ретіндегі орыс тілінен жиналған балды негізгі балдан кесіп алып тастауды тоқтатқан жөн. Және де мемлекеттік грантты бөлгенде орыс немесе қазақ тобы деп бөлу тиімсіз екенін атап өтті. Мәселен, орыс тобына тапсырған талапкердің балл көрсеткіші қазақ тобындағыдан 10-15% төмен болады екен. Осылайша қазақ тобына түсушілердің мүмкіндігін шектеп отырғанға ұқсайды.

Жалпы, оңтүстік өңірінің білім саласында жасалып жатқан істер аз емес. Білім саласындағы басты аспектілердің бірі қаржыландыру болса, оның көлемі облыс бойынша жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, білім беруді қаржыландыруға 2010 жылы 98 млрд. 10 млн. теңге жұмсалса, 2011 жылы 122 млрд. 497 млн., 2012 жылы 139 млрд. 719 млн. теңге бөлінген. Республикалық және облыстық бюджет есебінен 17 млрд. 718 млн. теңгеге 74 білім нысанының құрылысы жүргізілсе, жыл соңына дейін 44 білім нысанының құрылысын, оның ішінде ағымдағы жылғы 1-қыркүйекке дейін 18 нысанды тапсыру жоспарланған.

«Назарбаев зияткерлік мектептерінің» тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептерге енгізу мақсатында республикадағы базалық білім беру ұйымдарының қатарында Шымкенттегі Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы мен Ж. Қаппаров атындағы дарынды балаларға арналған №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернаты енгізілген.

Оқушылардың білім сапасына келер болсақ, жалпы білім беретін пәндерден өткізілетін республикалық олимпиадада ОҚО-дан барған оқушылар 2 алтын, 7 күміс, 11 қола медаль иеленіп, командалық есепте облыс оқушылары 3-орынды жеңіп алған. Республикалық «Зерде» ғылыми жоба жарысында облыстан барған оқушылардың екеуі 1-орын, төртеуі 2-орын, үшеуі 3-орын иемденіпті. Бұл да болса, білім сапасының арта бастағанын көрсетсе керек.

Биылғы жылы облыс бойынша 16 мыңға жуық оқушы жазғы демалыста қала сыртындағы лагерлерде демалған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына көмек қолын созу, олардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 6 мыңға жуық бала тегін жолдамамен демалған.

Биыл 56 мың бала 1-сыныптың есігін ашады

Оңтүстік Қазақстан облысында 12 жылдық білім беру моделін енгізу бойынша 2003 жылдан бастап 6 эксперимент алаңы жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ, 24 тәжірибелік сыныпта 397 оқушы білім алып, оларға 180 мұғалім сабақ берген. «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептерге енгізу мақсатында республикадағы базалық білім беру ұйымдарының қатарында Шымкенттегі Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы мен Ж. Қаппаров атындағы дарынды балаларға арналған №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернаты енгізілген.

«Тамыз кеңесінен» ұққанымыз, ұстаздардың білімі мен білігіне деген талап жыл өткен сайын арта түспек. Тиісінше еңбегіне сай зейнетін де көретін болады. Мұғалімдердің жалақысы алдағы жылдары едәуір көтеріліп, 1-қыркүйекте оларға бір реттік сыйақы беру мәселесі де қаралу үстінде.

Жиын барысында сөз алған: «облыс әкімінің орынбасары С. Қаныбеков Елбасы тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың барлығында дерлік білім саласы мамандарының өзіндік үлесі бар» деп атап өтті.
Облыстық Білім басқармасындағылар «ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» 2015 жылға дейінгі бірінші кезеңдегі атқарылатын жұмыстардың ең негізгілері ретінде мектептерді оқулықпен 100 % қамтамасыз ету, бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасына ағылшын тілін енгізу, 12 жылдық білім беруге көшу мәселелерін басты назарға алып отырғандарын айтты.

Саят ЖҰМАҒҰЛОВ