«Бекжаннан» ақпар

«Бекжан» базарының сатушылары сондағы әкімшілік ғимаратқа тас атып жатыр. Үш мыңдай саудагерлер келтірілген шығындардың орны өтеле ме деген сауалмен базар жетекшілігімен кездесуді талап етуде. Тәртіп сақшылары жетпеген соң, наразы саудагерлердің толқуын басу үшін арнайы жасақ қызметкерлері мен әскерилер нысан маңын қоршауда.

«Шығынымызды кім төлейді енді?!!! Кеше ғана, біздерден сатып тұрған орнымыз үшін және жыл аяғына дейінгі салықты жинап алып еді. Оны енді кім қайтарады? Демек, қолдан жасалған қастандық!!!», — дегенді айтып шулап жүр.

Айта өтейік, бүгін түңгі сағат 03:30-дар шамасында «Бекжан» базарынан өрт шығып, мыңдаған саудагерлер миллиондаған тауарын жандырып, өте үлкен сомадағы шығынға ұшырады. Қызыл алау, шамамен 4 мың шаршы метрді жалмаған деген болжам бар. Тілсіз жау нысанның 4 жерінен бір уақытта шыққан. Құтқарушылардың айтуынша, әзірге келтірілген шығын көлемі белгісіз.

Облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиев, аталған төтенше жағдай жөнінде арнайы комиссияның құрылатынын мәлімдеді. Арнайы топ өрттің шығу себебін анықтайтын болады.

«Бекжандағы» қызыл алауды өрт сөндірушілер таңғы сағат 07:07-де ауыздықтадық дейді төтенше жағдай қызметінің өкілдері.  Тілсіз жауды сөндіруге ОҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің 175 адамы мен 27 техникасы жұмылдырылды. Құрбан болғандар  жоқ.

Сондағы көз көргендердің мәліметінше, «Бекжан» базары бойынша күмәнді мәселелер өте көп. Базардың өзі дұрыс салынбаған. Өрт сөндіру гидранттары орнатылмаған, камералар сынып, жерде шашылып жатыр. Кәсіпкерлермен арадағы келісім 1 тамызда біткен. Бұл аймақты арабтар сатып алған деген қауесет ел арасында өріп жүр. Бұл кезде Швейцарияда жүр деген базар қожайыны сағат тоғыздар шамасында Шымкентке ұшып келді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=sdQr9THe7jQ[/youtube]