Бұрынғыдай емес, «дефицит тауарлардың» заманы өткен.
Қазір Еуропа елдерінде жасап шығарылған өнім бір апта өтер-өтпес Қытай жақтан жетіп келіп, базарымызды жаулап ала қояды. Керісінше өзімізде шығарылатын тауарларды табу мүмкін емес. Әйтпесе, отандық өнім өндірушілерге мемлекет тарапынан аз қамқорлық жасалып жатқан жоқ. Кәсіпкерліктің де дамуына кең жол ашылған. Бірақ…
Кешегі аптада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы болып өтті Шымкентте. Туууу, көздің жауын алар тауарларды көргенде таңғаласың. Шұжықтың неше түрі, сүт өнімдерінің қаншама түрі бар екенін байқадық. Тамсанасың. Көрмеге 200-ден аса тауар өндіруші өз өнімін қойыпты. Бұл аз дейді. «Негізі облысымызда 300-ден астам өнім өндіруші бар» деп қояды ұйымдастырушылар. Өкініштісі сол, өз өнімімізді тек осындай көрмелерден ғана көреміз. Сонда ол тауарлар кім үшін шығарылады? Күнделікті тұтыну тауарлары санатындағы наннан өзгесі негізінен сырттан тасымалданады. Сүт-қырғыздікі, ірімшік-голландық, алма мен – қытай жарылқап, конфетті украиндар тасымалдап әлек.
Ал біздің тауарларды дүкеннен күндіз шам алып іздесең де таппайсың. Тек көрмеден көресің. Бағасы да удай қымбат. Ал, сырттан әкелінетін тауарлардың құны қалтаға қонымды. Әншейінде тасымал қызметі қымбат деп теміржолдың қызмет көрсету ақысын тілдеп-ақ жатамыз. Есесіне ешқандай теміржолсыз-ақ базарға, дүкенге тасымалданатын өз тауарымыз қымбат. Әйтеуір, миға қонымсыз тірлік көп.Азық-түлігіміздің өзі осылайша «шетелский» боп жатқанда киім-кешек, тұрмыстық заттар жайында айтудың да қажеті жоқ сияқты.
Жә, шли түңілгіміз жоқ. Қостанай, Қызылорда, Тараз жақтан келетін де онша-мұнша тауарлар бар. Тізбектесек. Тегінде «Шымкентте жасалған», «Оңтүстіктің өз өнімі» дегенді тапқымыз бар да, я?! Көрмеден көрдік қой. Бар екен. Жасап шығара алады екенбіз.
Қымбат болса да өз өнімімізді пайдаланғанға не жетсін-ай! Әсіресе, экологиялық жағынан алғанда таза, әрі пайдалы құрылыс материалдары, пластикалық құбырлар сынды тауарларды табаннан тозсақ та тапсақ дейміз.
Бәрін айт та, бірін айт, кешегі аптада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қойылған тауарларды іздеп дүкенде жалтақтайтын болдық осы күні. Жоқ! Осынымыз жаман, енді. Өз өнімімізді көрмеден ғана көретінімізді айтамын…
Ж. ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ