Көршісін бауыздап, 7 жылға сотталды

Нұргелді соңғы кездері араққа құнығып алды. Тапқан таянғанын «бір жартыға» жұмсап, үнемі масаң халде жүргені. Жындысуға еліткен қайбір оңар дейсіз, шаруасы да шатқаяқтап әбігер күйге түскен. Онысы қайғыртпайды да. Мұның теріс қылығы көршілеріне де сор болды. Нұргелді ақаңа сылқия тойып алса болды, қоңсыларымен соқтығысып, оларды балағаттауға бейім. Осы жүрісінен қылмыстық жауапкершілікке де тартылған. Бірақ бұл қылығы оның шекесіне тиер емес.

Шымкенттегі Қонаев гүлзарының бойындағы № 9 үйдің тұрғындары Нұргелдінің қасиетсіз қылығынан әбден мезі болды. Әсіресе, көршісі Асан тісін қайрап жүрген. Кездесіп қалса боқауызбен сыбап алатын көршісінің жұғымсыз әрекеті жүйкесіне тиді. Енді бір ыңғайы келсе қарымтасын қайтаруға ниетті.

Күн тас төбеден ауып, қызуы қайта бастаған. Нұргелді бүгін де тәлтіректеген күйде жын соққандай аласұрды. Ішінде қайнаған «градусы» жанын тыныштатар емес. № 9 үйдің кіреберісінің алдында торуылдаған Нұргелді осы сәтте кездейсоқ Асанды жолықтырады. Ащысу денесіне дарыған ол бұрынғы әдетінше былапыт сөз айтып, келеке ете бастайды. Алайда, көршісінің есерсоқтығын білетін Асан жұлқыласқысы келмей тезірек үйіне кіріп кетеді. Осы сәтте қаны басына шапшыған Нұргелді қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағасына азар бергені аздай, енді үйіне барып балағаттауды ойлайды. Ал Құдайы қоңсысының ұзында өші, қысқада кегі жоқ. Оның қазіргі ойы — бес баласының қамын күйттеу. Бұрын сотты болып, маңдайы тасқа тигенін түсінген. Сол себептен, өзгемен шатысуға дәрмені жоқ. Томаға тұйық өз жөнімен жүрген. Шамамен он минуттай өткенде үйінің есігін біреу тарсылдатады.

Кездейсоқ «мейманның» көршісі екенін біліп, есікті ашуға жүрегі дауламады. Қоярда қоймай есікті сындыруға таяған Нұргелдінің әрекетіне ызаланған ол ақыры сыртқа шығады. Осы мезетте Нұргелді көзі қанталаған, құтырған иттей кейіпте тұғын. Асанды көре сала боқтап, тіл тигізе бастайды. Онысымен қоймай, момын көршісінің жағасына жармасып, әбден зәрезап етеді. Шыдамның да шегі бар емес пе, Асан да осы сәтте қарап қалған жоқ. Бұрыннан бері көріп жүрген қорлығының ақысын қайтармаққа бекінді. Ішіп алған көршісінің әл бермей бара жатқанын сезіп, құрылыс жүріп жатқан қоңсысының үйінен қорғанатын қару іздейді. Бұл кезде көзі тұманданған Асан ашуға булыққан. Әке-шешесіне тіл тигізгені жүйкесіне әсер етсе керек, қолына түскен темір қысқышты Нұргелдінің мойнына сермеп жібереді. Мойнынан қан шапшыған қаныпезердің әл-дәрмені құрып, жерге сұлқ түседі. Осылайша, кім-көрінгенді балағаттай жөнелетін маскүнем аурухана төсегінде жан тапсырады. Кейіннен оқиға орнынан қаша жөнелген қылмыскер заңнан аттап кете алған жоқ. Полицейлердің құрығына ілініп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағабай ҚАСЫМ

PS: Белгілі себептермен кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді. Оқиға орын алған мекенжайлар нақты деректер бойынша сақталды. Деректер ОҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Райымхан Заппаров пен облыстық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбидің көмегімен алынды.