Бүгінгі жастардың «агент» деген ауылдағы танысуы, ғашық болуы осылай басталады. Сезімдерін бұрынғы ғашықтар секілді хатқа түсіріп, оны пошта жәшігіне салып жатпай-ақ айналдырған 2-3 минуттың ішінде «сүйем мен күйем » айтылып, сезім деген сергелдеңнің соңына түседі. Онда да жалықтырып жібермесе. ..
Демалыс күні болатын. Үй жиыстырып жүріп, көп қағаздың ішінен, сарғайып кеткен сары конверттерді тауып алдым. Мекенжайы таныс секілді. Ішім қылп ете қалды. Қызығушылығым қойсын ба, ашып оқи бастадым. Ұқыпты, әдемі әріптермен тізілген хаттың әлқиссасы бірден баурап алды…
«…Алла берген күш-қуаттың арқасында аман-есен жүрмін. Ауыл аман, ел тыныш. Таң атып, күн батып жатыр. Бірақ, бұл құбылыстарда мән жоқ. Себебі, ауылда өзің жоқсың, айнам. Өзің болмаған соң, жаным жабырқайды, тіршілігім мәнін жоғалтқандай. Себебі, өзің жоқсың, гүлім. Сен кетерде, кеудемдегі сезімімді білдіріп едім, үн қатпадың. Әдемі жүзің қызарып, көзіңді көлден алмадың ғой… Қысылдың. Мен де қысылдым. Іңкәрлығымды білдіруім үшін қаншама ұйқысыз түндер мен мазасыз күндерді өткіздім десеңші. Айтуға қаншама рет батылым жетпей, геометрия кітабын сылтау етіп барып, сол құрғыр кітапты алып бос қайтушы едім . Апаңнан қанша рет ұрыс естідім. Қарауыз да қауып алды… Бірақ, өзегімді өрт еткен бұл сезімімді айтпасыма болмады. Айттым. Айнам-ау, мұның не? Ертесіне бір ауыз жауабыңды айтпай кетіп қалдың қалаға. Сен қаладасың. Ал мен болсам далада. Айнам, Айнашым. Сезімімнің соңында сергелдеңге түспесін десең, бір ауыз жауабыңды берші. Ғашықтығыма не дейсің, қалқам? Хат-хабар күтемін. Әрдайым амандығыңды тілеуші менің бар екенімді ұмытпағайсың…»
Хаттың соңына қолтаңбасын қойып аяқтапты. Бұл менің ағамның жеңгеме жазған хаты екенін түсіндім. Хатқа жазған жауабын оқып шықтым. Таза көңіл, риясыз сезім.
Өкінішке орай, қазіргі ғашықтардың хаты мұндай емес. Керісінше, «сен мені сүйесің бе, жоқ па? Жауабыңды айт» деген қысқа да нұсқа хаттар, агент арқылы жылдам шешіліп жататын тағдырлар… Шарт-шұрт. Болды. Бір ауыз сөзбен кездесу күні белгіленіп, тіпті кездеспестен агент арқылы танысып, отау құрып жатқандарды да естіп жүрміз. Бұл не махаббат па, әлде уақытша келетін құмарлық па? Электронды түрде шешілетін бүгінгінің махаббаты-ай?! Қорқынышты. Бұрынғыдай тұнып тұрған сезім, тәтті мұңға бөлейтін ғашықтық жоқ сияқты. Содан да болса керек, ағамның хатындай хатты да ешкім жазбайтындай…
«Ғашықтың тілі-тілсіз тіл» демеуші ме еді Абай. Тылсымы да осында шығар. Хат қай тілде, қандай әдіс арқылы жазылса да шынайылығымен еліктіреді емес пе? Әлде біз электрондалған мына қоғамда ғашықтық деген құндылықты да жоғалтып алдық па? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Назым Төрегелді
Төрехан Төртпаев, қала тұрғыны:
– Өз басым сезімімді алғаш рет хат арқылы жеткізгенмін. Онда да ұзын-сонар хат емес, «записка» арқылы. Ол қыз да жауап жазды. Кейін ұялы телефон арқылы, яғни, «смс»-пен хат алмасатын болдық. Әр нәрсе өз заманымен дейді ғой. Өз басым «смс»-ке қарсы емеспін. Ол арқылы да ғашықтығыңды білдіруге болады.
Салтанат Мархабаева, қала тұрғыны:
– Бірде агентте отырсам 91-жылғы жігіт «дружба предлагать» етті. Менімен дос болғысы келетіндей, мұны соншама қандай қызығушылық алып бара жатыр деп қабылдап көрдім (қызық болсын деп). Сәлем деп қояды. Содан әбден ескіріп, «модадан» қалған «комплименттерін» айтып болды. Сосын мен оған «Кешір, жасым 30-ға келіп қалды» дедім «серьезный» жауап беріп. (Оның 91-жылғы екенін тағы бір еске салып).
– Ну и что махаббат жасқа қарамайды. Если что мен «самалда» тұрамын. Үйде ешкім жоқ, такси ұстап келсейші, – деп қояды. Сосын менде қарап тұрмай:
– Үйіңдегілер қайда кетіп еді? – дедім.
– Қонаққа.
– Ммм… Сен үйде ешкім жоқта ылғи осылай қыздармен танысып, шақырып тұрасың ба? – дедім.
– Жоқ, тек сені ғана. Осыдан кейін мен қатты шошындым. Жастардың махаббат хаты неткен сорақы еді…