Төрт жылда бір келетін спорт додасынан Оңтүстік өрендері жүлдесіз оралды. Додаға үкілеп қосқан үміттеріміз сенімді ақтай алған жоқ. Бірінің бағы жанбаса, енді біреуінің бабы келіспегенін көрдік. Олимпиада ойындарында жеңісті дәстүрі бар Оңтүстік спортшылары неден сүрінді?
Лондон олимпиадасына дайындығымыз Бейжің ойындарынан кейін-ақ басталған. Ауыр атлет Алла Важенинаның күмісі, Елена Шалыгина мен Еркебұлан Шыналиевтің қола жүлдесі үмітімізді оятты. Ақсүйектер еліне тыңғылықты дайындық жүргізу үшін жоспар түзілген. Осы мақсатқа қыруар қаржы құйылып, спортшыларымыз дайындық жұмысынан, ас-судан таршылық көрген жоқ. Барлық дайындық жұмыстары көңілге қонымды еді. Сайыпқырандарымыздың әлеуетін бажайлап, басы-қасында жүрген облыс спортының басшысы Полат Қырықбаевтың мәлімдемесінен ішіміз жылып қалған. «Оңтүстiктiң сайыпқырандары 1 алтын, 1 күмiс, 1 қола әкеледi деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, бiздiң өңiрiмiзде жүлдеге қол созатын саңлақтар бар. Олардың аты-жөнi, әзірше, құпия болып қала берсiн. Лондонда бәрiн көресiздер. Уақыт көрсетедi»,- деген басқарма басшысының уәдесі жадымызда. Алайда, сарыла күткен спорт мерекесінен еншімізге жүлде бұйырмауы бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Көңілімізді ащы өксік кернейді. Лондоннан құралақан қайтамыз деген ой мүлде түсімізге де кірмеген. Расы керек, үміт артқан 12 серкемізден жүлде күткенбіз. Шешуші сәтте сыр берген спортшыларымыз бірінен соң бірі жарысты ерте аяқтап жатты. Әсіресе, басқарма басшысы сарымайдай сақтап, құпия ұстап келген зілтемірші Арли Чонтейдің Лондон ойындарынан тыс қалуы жанкүйерлерге ауыр соққы болды. Шындығында бәріміз Чонтейден бағалы жүлде күткен едік. Өкінерлігі, бәсеке басталуға таяғанда Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығының басшылары шала бүлініп, спортшымызды жарыс-тан шеттетті. Оның себебін қауымдастық жетекшілері спортшының азаматтық мәселелерімен түсіндірді. Яғни, Арли еліміздің атынан сынға түсу үшін елде кемінде үш жыл тұру керек екен. Осылайша біз күткен олимпиада қырсықпен басталды. Теледидарға телмірген жанкүйерлерді «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген үміт қана жұбатты.
Ел Үкіметі 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль иегерлеріне жалпы 2 млн. 225 мың АҚШ долларын үлестіретін болады. Біз бұл көрсеткіш бойынша әлемде жетінші орынды аламыз.
Байқағанымыздай, Лондон төрінде барын сала бәсекеге түскен бірден-бір өреніміз – Біржан Жақыпов. Ширек финалға алқынбай жеткен боксшымыз бұл жолы да төрешілердің «құрығына» ілінді. Алғашында француз Жереми Беккуді, кейіннен филиппиндік Марк Барриганы қапы қалдырған отандасымызды әділетсіз қазылар ширек финалда қытайлық Зоу Шиминьге жығып берді. Өйткені Шиминь алпауыт қытайдың жүлдеден үмітті жалғыз өкілі болатын. Осы жолы Шиминьді аяусыз соққылаған Жақыпов тағы да сыралғы қарсыласына жол беруге мәжбүр болды. Сөйтіп, жер-лестеріміздің арасынан ең үздік нәтижеге жеткен Жақыповқа бесінші орын бұйырды. Әттеген-айы, қалған спортшыларымыздың дені тұсаукесер бәсекелерінде-ақ, көрермендер қатарына ерте қосылды. Даян шеберлері Нұрсұлтан Мамаев мысырлық Тамер Баюмидің алдында дәрменсіздік танытса, Феруза Ергешова словениялық Нуша Радхердтен бір ғана ұпаймен есе жіберіп алды. Балуандарымыздың бойынан жанкештілік көре алмадық. Олар да алғашқы белдесулерінде жеңіліп, еңсемізді түсірді. Елена Шалыгинаны белдесуде тіпті тани алған жоқпыз. Украин Олеся Остапчукпен өте сылбыр күресіп, тас-талқан боп жеңілді. Еркін күрес шебері Ермек Байдуашевтің жағдайы да осындай. Ол ирандық Ехсан Лашариға қарсы еш қауқар көрсете алмады. Ал татами шынары Александра Подрядованың қарымы бізге әу баста белгілі болатын. Саша Лондонға Халықаралық дзюдо қауымдастығының «қайырымдылығы» арқасында аттанған. Біз күткендей, алғашқы айналымда моңғол қызы Уранцецег Мунхбаттан ойсырай жеңілді.
Құдайберген ЕРЖАН, облыстық мәслихаттың хатшысы
– Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген жақсы сөз бар. Спортшыларымыздың бабы келіскенімен, бағы кемшін түскен шығар. Бұны естен шығармайық. Дегенмен, мен бұл сәтсіздікті кездейсоқ деп қабылдаймын. Биылғы төртжылдықтың басты додасынан жүлдесіз қалғанымызбен келесі ойындарда тәуір нәтиже көрсетеді деп сеніммен айта аламын. Мәселен, 30 млн. таяу өзбек халқының өзі 1 алтынға әрең қолы жетті. Халықтың бүгінгі ахуалына қарап айтар едім, келесі олимпиада ойындарында бізді толағай табыстар күтіп тұр.
Полат ҚЫРЫҚБАЕВ, ОҚО туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы
– Біздің спортшыларға сәттілік жетіспеді. Кейбіреуінің жеребесі қиын түссе, енді біреуі төрешілердің кесірінен өтпей қалды. Әрине, үлкен спортта жеңіс пен жеңілістің қоса-қабат жүретіні бар. Мұны мойындауымыз керек. Сәтсіздіктің себебін алдағы уақытта терең талдаймыз. Қалай болғанда да, келесі Рио де Жанейро ойындарына дайындыққа кірісеміз.
Нұржан СМАНОВ, Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы
– Олимпиада ойындарын басынан аяғына дейін үзбей тамашаладым. Әсіресе, боксшылардың бәсекесі тартысты да тартымды өтті. Бір байқағаным, биылғы додада төрешілер алқасы көп қателіктерге жол берді. Біздің Жақыповтың жолын кескен де әділетсіз қазылар. Әйтпесе, жүлде қол созым жерде тұрған еді. Осы сәтсіздікпен тоқтап қалмақ емеспіз. Алда атқарылар шаруа көп.
Тұманды Альбионға сапар шегудің алдында қаншама қаржы жұмсалып, тер төгілгені анық. Келімсек спорт-шылардың аяғын тұсап, облыстың атынан қатыстыру үшін де бюджеттің бүйірі тесілгенін біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, Бейжің ойындарының қола жүлдегері Елена Шалыгинаның бір өзі 12-13 мың доллар жалақы алады екен. Осындайда еңбектің зая кеткеніне, қаржының құмға сіңген судай жоғалғанына налиды екенсің. Одан басқа спортшыларға кеткен есіл ақшаны да есептей беріңіз. Лондон ойындары біз үшін өте сәтсіз аяқталды. Бұған дейін Оңтүстіктің алымды ұл-қыздары дүбірлі бәсекеден олжасыз оралған емес. Әр олимпиада ойындарынан алар сыбағамыз бар болатын. Енді, міне, ағылшындар елінен несібесіз қалдық. Бұл жағдайдың да алдағы уақытта талқыға салынып, зерделенетіні мәлім. Бірақ, спортшыларымыз кез келген жарысқа құр серуендеу үшін бармағандықтарын жадында ұстаса дейміз. Халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын спорттағы жетістіктері арқылы көрінеді деген тәмсілді қаперге алсақ, облыста әлі де болса салауаттылыққа баса назар аудару керектігін ұққандаймыз.
Тағабай ҚАСЫМ