Облыс әкімі Сайрам ауданының жай-күйімен танысты

Облыс әкімі А. Мырзахметов - Сайрам ауданында

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов кезекті сапарын Сайрам ауданында жалғастырды. Басты мақсат — ауданның жетістігін жіпке тізбелеу емес, қайта түйіні тарқатылмай тұрған мәселелерді шешіп, келесі жылдың бюджетіне енетін жобаларды көзбен көріп қайту болатын.

Ауданның негізі экономикалық көрсекіштері тәп-тәуір. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім көлемі 105.0 пайызға, өнеркәсіп 112. 2, ауылшаруашылықтан түсетін өнім 100. 6 пайызға өскен.

Сайрамда бірнеше тындырымды тірліктер қолға алыныпты. Сондай ілкімді жобалардың бірі «Сайрам — Сүт» ЖШС-і. Бұл серіктестік күніне 5 тонна сүт өндіреді екен. Онда 26 түрлі сүт өнімдері шығарылады. «Сайрам — Сүттің»директоры Ержігіт Шәріпбековтің айтуынша шығарып

«Сайрам — Сүт» ЖШС директоры Ержігіт Шәріпбековтің жұмысымен танысты

жатқан өнімдер «Фудмастерге» қарағанда 20-30 пайызға арзан. Бұл қарапайым халықтың қалтасына қонымды. Бүгінгі күні 43 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік болашақта елді балмұздақпен, басқа да өнім түрлерімен қамтамасыз етпек. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, біз осындай болашағы бар жобаларға қаржы салуымыз керек» деді облыс басшысы.

Ол бұдан кейін «Манкент-Агро» ЖШС-не ат басын бұрды. Бұл серіктестік 2008 жылы құрылған. Жер көлемі 7450 га. Оның 2400 га. суармалы жер болса, 700 га. бау-бақша, 300 га. жүзім, ал қалған жерге көкөніс егілген көрінеді. Мұнда 5 түрлі жаздық, күздік картоп, қызанақ, пияз және 2 түрлі орамжапырақ өсіріледі. Піскен өнім Қарағанды, Астана қалаларына жіберіледі. Жердің қуаңшылығына байланысты былтырғыға қарағанда биыл азырақ өнім алынып жатыр екен. Мысалы, өткен жылы 50-55 тонна орамжапырақ алса, биыл 40-45 тонна аламыз деп күтілуде. Бірақ биыл көкөніс бағасы айтарлықтай қымбат

«Манкент-Агро» ЖШС-нің өнімдері

бағаға сатылуда. Айталық, былтыр 20-25 теңгеге сатылған пияз, 50-55 теңгеге көтеріліп кеткен. Серіктестік басшысы Батырбек Анарметов  облыс басшысына биыл тыңайтқышты жеткізе алмай қиналғандықтарын жеткізді. Сондай-ақ жаңа, заманауи техника құралдарының да қажеттілігін атап өтті.

Ал аудандағы кәріз жүйесінің құрылысы қаржы тапшылығына байланысты таяу арада аяқталмайын деп тұр. Оған әлі 28 млн. қосымша қаржы керек. Кезінде кәріз жүйесіне тапсырыс болған. Сол жобаға қатысты адамдардың бәрі қолын қойып, мөрін басқанмен, жоба кезінде көп жұмыстар ескерілмей қалған. Бөлінген қаржы бітіп қалып, енді тағы да бюджетке алақандарын жаюға тура келеді. Бұл мәселені облыс әкімі келесі жылға қалдырмай шешіп беруге уәдесін берді. «Ауданның экономикасына қандай жоба керек болса, сол төңіректе жұмыс істеуіміз керек» деген облыс басшысы Асқар Мырзахметов Сайрамда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Z8SQnT474jg[/youtube]