Ораза Айтын «Нұрсәттіктер» қоқыспен қарсы алды

№23 мектептің жанында жаяу жүргіншіге жол жоқ
Қалдық заттар көшенің бел ортасына дейін жайылып кеткен

«Қоқыстан көз ашар күн бар ма екен?!». «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары таңертеңнен арнамызға хабарласты. Ораза Айт күндерін тазалықпен қарсы аламыз деген көпшілікті шағынаудандағы тазалыққа жауап беретін компанияның жұмысына салғырт қарауы ызаландырып отыр.

Осылайша, Оразаның Айт мейрамын «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары ыбырсыған «тазалықпен» қарсы алды. Қазір шағынаудан маңындағы «Көктем» көшесімен жүрсеңіз, қарадай қарап тұрып өзіңіз ұяласыз. Қоқыс контейнерлерінің аузы-мұрнынан шыққан қалдық заттар көшенің бел ортасына дейін жайылып кеткен. Оны елеп жатқан жергілікті тұрғындар жоқ. Үсті-үстіне қоқыс шашып, «сиқы келіскен» мекенді одан әрі «жайнатып» жатыр. Бұған тұрғындар қызмет көрсету компаниясын кінәласа, кейбірі керісінше пікір айтады.

Қалдық заттар көшенің бел ортасына дейін жайылып кеткен

Ғалия АРТЫҚБАЕВА, «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны: «Күндіз-түні осы. Контейнер жетіспейді көріп тұрсыз. Тексеру болып, әкімшіліктен қонақтар келетін болса, қоқыс жәшіктерінің бәрін әкеліп, біздің үйдің алдына қояды тығып. Қонақтар кеткен соң, контейнерлерді сол орнына қайтадан қояды. Сол қоқыстың жатқаны сол қоқыс».

Ұлбазар ҚҰДАБАЕВА, «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны: «Тазалайтындарға мен кінә қоймаймын. Осы жерде тұратын тұрғындарды кінәлаймын. Неге дейсіз ғой?.. Адамдардың өзі өмір сүретін ортасын сыйламайды. Қалдық заттарды алады да, осы бойды жағалаған арықтарға тастайды. Өздері шашады, шынын айтқанда».

Ішкі «Нұрсәттің» қоқысын тілмен жеткізу, тіпті қиын, дейді тұрғындар. Тазалыққа жауап беруші «Орион жаңа технологиялар» мекемесі болса, барлық нысанның кесте бойынша тазартылып жатқанын алға тартады. Осы серіктестіктің өкілі Жұмабекпен телефон арқылы тілдескенімізде, «Көктем» көшесінің кеше кешкісін сағат 18.00-19.00 шамасында тазалағандықтарын айтты. Ендігі тазарту бүгінгі сағат 12.00-де екенін, сондықтан күтуіміз қажетін ескертті. Ал жергілікті халайық болса, аталмыш көшенің көше тұрмақ, жұмадан бері тазаланбағанын айтып, зар илейді. Бүйте берсе, бір күні «Нұрсәт» қалдық шағынауданына айналатын шығар деп күмәнданады да олар.

«Нұрсәттің» дәл бұлайша қоқыс басуын, мамандар тазалау нысандарының тым көптігімен түсіндіреді. Яғни, «Ориондық» тазалықшылар жұмысына үлгермей жүр. Десе де, түске дейін жағдайды қалыпқа келтіруге уәде еткен компанияның сөзі орындалмады. Қолқаны қапқан кір-қоқыс әлі жатыр. Айтпақшы, бұл жағдай тек «Көктемге» ғана қатысты емес, «Адырбеков» жолындағы жағдай да шаһарымыздың сәнін кетіріп тұр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=T_yia7P1TjY[/youtube]