Ордабасы ауданында шешімін таппай жатқан мәселелер мен олқы істер шаш етектен. Ауданда соңғы жылдары мемлекет қаржысына салынған бірқатар нысандардың құрылысы сапасыз жүргізілген және де кемшін тұстары жетерлік.
«Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалының партиялық бақылауы анықтағандай мемлекеттік қабылдаудан 2009 жылдың қыркүйегінде өткен Амангелді ауылындағы Ғ. Мұратбаев атындағы 300 орынды жалпы орта мектебінің ғимаратын қайта-қайта жөндеуге тура келген. Мердігері «Асыл мұра» ЖШС-і болып табылатын бұл нысанға биыл мамыр айында қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілгенімен сапасы сын көтермейді. Оның үстіне мердігер жұмысты толық аяқтамаған. Мектеп ғимаратының дәліздерінің кафельдері бір деңгейде төселмеген. Ішкі әрлеу жұмысы сапасыз жасалынған. Ғимараттың ішкі қабырғаларында жарықтар пайда болған.
Осы сияқты Қараспан ауыл әкімдігіне қарасты Қ.Сәтбаев атындағы 2009 жылы пайдалануға берілген жалпы орта мектебінің құрылысы өте сапасыз жүргізілгені анықталып отыр. «Шымкент құрылыс» ЖШС-і мердігер болып табылатын бұл нысанның сапасы сын көтермейді.
Биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа аудандағы 5 елді мекенде 200 орынды мектеп салынуда. Осы білім ордасының 3-де құрылыс жұмысы белгіленген кестеден кешігіп отыр. Мысалы, Ықыластемір елді мекеніндегі орта мектеп құрылысы. (Мердігері «Теспром» ЖШС-і), Алтынтөбе және Төреарық елді мекеніндегі мектептердің (Мердігері «Құрылыс ТА» ЖШС-і) құрылысын жандандырмаса болмайды.
Кестеден кешігудің негізгі себебі, құрылыс нысандарындағы жұмысшылардың аздығы және тиісті тұрмыстық жағдайлардың жасалмағаны болып отыр.
Ордабасыда ауызсумен қамтудың да жәйі мәз емес. Бөген ауылындағы ауызсу құрылысы сапасыз жүргізілгендіктен, әрі мердігер «Жас Отан» ЖШС-і жұмысты толық аяқтамағандықтан ауыл тұрғындарының 3 жылдан бері сапалы суға қолы жетпей отыр. Биыл жұмысты қайта қолға алғанымен дәл осы нысандағы құрылыс жұмысы талапқа сай емес. Су құбырлары жататын арықтың асты тегістелмей, су тарататын құдықтардың асты цементтелмей қойыла салған.
Осыдан екі жыл бұрын басталған Төрткөл ауылындағы таза ауызсу құрылысы да сиырқұйымшықтанып кеткен. Мердігер «Раустрой» ЖШС-нің құрылыс материалдары мен жүргізілген жөндеу жұмысының сапасыздығынан су құбырлары көшелердің әр жерінен қайта-қайта жарылып, елді мекен тұрғындарының наразылығын тудыруда.
Осылайша 2011 жылы жергілікті бюджеттен 13 млн. қаржыға сапасыз салынған 2,5 шақырым құбыр қайта ауыстырылды. Бұл жұмысты «Шаңырақ» ЖШС-і жүргізген. Бірақ, бұл жұмыстың да тиісті деңгейде атқарылмағаны белгілі болып отыр. Құбырлар әр жерінен жарылып, тұрғындарға ауызсу толық жетпеуде. Биыл су жүйесінің құрылыс жұмыстарын аяқтауға бюджеттен 68 млн. теңге қаралған.
Бадам ауыл округі, Мамыр елді мекенінде 2011 жылы басталған құны 98 млн. теңге тұратын ауызсу жүйесі құрылысы да өз мерзімінен кешігуде.