Сайрамсу шатқалы Оңтүстік төңірегіндегі ең сұлу аймақтың бірі. Тянь-Шань тауының бөктеріне кіретін шатқал Сайрам-Өгем паркінің қарауына кіреді. Демалыс орнына келген саяхаттаушылардан түсетін қаржы аталған аймақты тазарту жұмыстарына жұмсалады. Бірақ ондағы қазіргі көрініс мүлдем басқа. Сайрам-су өзенінің аңғары қоқысқа толып, адам көргісіз жағдайға жеткен.
Владимир ГОРЯНОВ, Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері: «Әр аймақта қоқыс үшін жәшіктер орналастырылған. Ал мұнда ештеңе де жоқ. Міне адамдар келіп, демалған. Қоқыс урналары жоқ. Қоқысты басқа қайда тастайды?».
Өзеннің жағалауындағы жағдай тіпті сұмдық. Туристік аймақтағы ахуалды айтып жеткізу қиынның қиыны. Пайдаланудан қалған дәретхана қағазы, бос бөтелкелер жанынан өткеннің ұятын шығарады. Сонда мұндай көріністен хабардар ұлттық парктің мамандары не істеп жүр. Түсініксіз. Қарбыз қалдығы, пластикалық пакеттер, мына түрімен, жақын арада шатқалдың «басты байлығы» болары анық.
Бұл ретте В.Горянов, «Сайрам-су бұл табиғаты өте бай шатқал. Мұнда 2 мыңнан аса өсімдік түрі кездеседі. Ал сирек кездесетін жасыл өскіндердің саны бір мыңға артық. Онда неге осы мекенді қорғалатын аймаққа жатқызып, қорық жасамасқа?!», — дейді.
Табиғаттың көркіне көз тоймайтын аймағын туристердің ластап жатқанын түсіндік. Алайда, ұлттық парк қызметкерлері де бұл ретте қандай да бір жақсы іс істеуге атсалысуы керек емес пе? Ең болмағанды қоқыс контейнерлерін орнатса көрікті мекеннің ахуалы осынша жаман болмас еді.