Шымкентте бай-бағландар салық төлемей жүр. Бұл туралы бүгін басталған рейд барысында белгілі болды. Әл-Фараби аудандық салық басқармасының өкілдері берешегі бар азаматтарды іздеп жатыр. Тіпті, үйіне барып, салықты талап етуде. Өйткені, бір ғана аудан бойынша 14 млн. теңгенің салығы бюджетке түспеген.
Зәулім сарай соғып, салықтан жалтарғандардың көшбасында үш жылдан бері мемлекет міндеттеген қаржыдан қашып жүргендер жеткілікті. Олардың бірі шаһардағы Д.Қонаев көшесінің бойында тұратын бақуатты отбасы. Бұл үйдің ортақ қазынаға 187 мың теңге берешегі бар. Салық басқармасының мамандары қарызыңды төле деп барғанда үйдің қазіргі пәтер жалдаушылары есікті тарс жауып, көңілді суытып жіберді. Әл-Фараби ауданы бойынша салық төлеуден қашып жүрген осындай 14 мыңға жуық бай-бағлан бар. Төленуі тиіс жалпы қарыздың көлемі де 14 млн. теңгені құрайды.
Төрехан ЖҰМАҒҰЛОВ, Әл-Фараби аудандық салық басқармасы, жеке тұлғалармен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы:»Бұл қарыздар туралы 2,5 мыңдай адамды сотқа бердік. Оның ішінде мүлік салығы бойынша 1200-дей адам бар. Бүгінгі таңға оның 500 адамынан 7 млн. теңгедейі өндірілді».
Салықтан жалтарғандардың көпшілігінің үйі осында, бірақ қожайыны басқа жақта тұратындар құрайды екен. Басым бөлігі жылжымайтын мүлік инспекциясы есептеп, шығарған бағаға келіспей, бас тартатындар. Ал әлеуметтік жағдайы орташа қара халық салық мәселесінде кедергі тудырмайтынын айтады.
Төрехан ЖҰМАҒҰЛОВ, Әл-Фараби аудандық салық басқармасы, жеке тұлғалармен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы: «Ең қиын болып жатқаны, қазір жер алып, үй салып алып, бірақ әділет департаментіне тіркелмегеннен кейін бізге салық есептелмей жатыр. Ондай әділет департаментіне тіркелмеген үйлер бізде жер салығы бойынша ақшасын төлеп жатыр».
Десе де, былтырғымен салыстырғанда салық төлеушілер міндетінен қашуды азайтыпты. Осы ретте, Әл-Фараби аудандық салық басқармасы азаматтарға 1 қазанға дейін мүлік салығын 100 пайыз төлеуді ескертеді. Өйтпеген жағдайда салық өсімпұлы көбейіп, ісіңізді сот қарайтын болмақ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=C87QdcKJrfI[/youtube]