Бағасы төмен сапасы күдікті өнімді сатып алу арқылы, біз сатушыларды санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес келмейтін тауарларды сатып алуына және оны бізге өткізуіне түрткі боламыз. Сондықтан, мұқият болған жөн. Контрафактілік тауарларды сатып алу қаупін болдырмау үшін өнімдердің мынадай белгілері бар-жоғын есте сақтап, тексеріп алу қажет:
1. Тіркелген тауар белгісі – тауар таңбасы ретiнде бейнелеу, сөз, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн. Тіркелген әрбір тауар белгісіне заңды иесі тауар белгісі пайдаланатын өнім толық сипатталатын куәлік алады.
2. Тауар белгісін қорғау белгісі- латынша «R» немесе «R» әріпі шеңберге алынған болуы тиіс. Әрбір тіркеуге алынған тауар белгісінде құқықтық қорғау мен сақтау белгісі болады, ол тауар белгісінің жанына орналастырылады және бұл белгі аталған тауардың қорғалатынын білдіреді. Құқық иеленушінің рұқсатынсыз оның тауар белгісіне ұқсас белгілерді, біртектес тауарларды пайдалануға ешкімнің де құқығы жоқ, себебі осылайша пайдаланудың нәтижесінде олардың араласып кету мүмкіндігі туындайды.
3. Тауар белгісін пайдалануға рұқсат беретін құжаттар: құқық иеленуші заңмен қорғалатын және тіркелген тауар белгісін басқа тұлғаға пайдануға бере алады, алайда, ол тиісті құжаттармен (тауар белгісіне берілетін айрықша құқықты иеліктен шығару туралы келісімшарт немесе тауар белгісін пайдалануға құқық беру туралы лицензиялық келісімшарт) расталуы тиіс. Мұндай құжаттарды тексере отырып, онда уәкілетті мемлекеттік органның белгісі бар болуын нақтылау қажет, себебі тауар белгісіне айрықша құқық берілу туралы барлық келісімшарт міндетті түрде мемлекеттік тіркелуге жатады, әйтпесе, мұндай келісімшарт жарамсыз болып табылады.
Осындай кеңестерді ескере отырып, нақты өнімнен жасанды (контрафактілік) өнімді айыру қиындық туғыза қоймайды. Тауарлардың тіркелген белгісі немесе соған ұқсас белгілер заңсыз көрсетілген кез келген тауарлар, этикеттер, тауарлардың бумалары контрафактілік болып табылады.