Қазақтардың қытай алмасынан құтылатын күні алыс емес. Өз жерінде жемісін жайқалтып, мол өнім алып отырған шаруалар жетерлік. Олар сүйсінерліктей тірлігі барын шетелдіктерге де мақтана жеткізді. Ең бастысы, бұл көзбояушылық емес, үздіксіз еңбек тәтті жемісін берген тірлік. Мұның барлығы Сарыағаш жерінде өткен халықаралық семинарда айтылды.
Бір жылдық көшеттен өнім алып отырған Сарыағаштық шаруаның еңбегіне шетелдіктер тәнті болды. Осы уақытқа дейін бағбандығымен алдына жан салмаған өзбек,тәжік ағайындар оңтүстікқазақстандықтардың қажырлы еңбегін жоғары бағалады.
Хусанди Сапаралиев, Тәжікстан республикасының өкілі:«Сіздердің бақшаларыңыз жайқалып тұр. Қызықтым, шаруаның тәжірибесін өзімізде жалғастырсам деген ойда келді. Алайда, біздің еліміздің 90 пайызы таулы аймақ. Бірақ, тамшылатып суару әдісімен жетістікке жетуге болады деп ойламаппын».
Өзгенің емес, өзіміздің жеміс-жидек пен жүзімдерді жейтін уақыт жетті. Бабын тауып, баптай білсек, жерде сиын аямас. Ол үшін еңбекқорлық пен табандылық қажет дейді, семинарға жиналған шаруалар.
Танабай Шынтасов, «Сарыағаш жер сиы» ЖШС-ның директоры:«Көшеттерді отырғызып қана қоймай, жағдайын жасау арқылы жайқалып тұр бағымыз. 2002 жылы алғаш шаруамды бастадым. Сол кезде бірде-бір ағаш болмады. Ал қазір олардың саны 70 мыңнан асып жығылады. Мұнда Франциядан бастап, әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген көшеттер отырғызылған. Ол сорттар біздің жерді жерсінбейді дегендерге, дәлел ретінде бүгінгі жемісін ұсынып отырмыз».
55 гектар жерде жайқалып тұрған жеміс-жидек пен жүзім алқабындағы тындырымды тірлікті байқамау мүмкін емес.Аласа бойлы көшеттер отырғызып, тамшылатып суғару жүйесін қолдануда Қазақстан өзгелерге үлгі болып отыр. Нәтиже де айтарлықтай, елімізде жеміс-жидек пен жүзімнің 103 түрлі сорты өсіріледі .
Тілеу Нұрмұратұлы, республикалық «Өсімдіктің сан түрін сақтау бағдарламасының» үйлестірушісі:«Қазақстанның бау егемін деушілеріне жері көп. Мемлекет тарапынан жағдай да жасалған. Бұл семинардың бізде өтуінің өзі еліміздің тәжірибесі жоғары екенін дәлелдеп отыр».
Жиында жүзім шаруашылығын жаңғырту, егіс алқабының көлемін арттыру мәселелері жіті талқыланды. Жер еміп, несібесін теріп жүрген шаруа қожалықтары жетекшілерінің басқосуы екі күнге жалғасады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=0tKuw83GUJw[/youtube]