Шымқаладағы 8-ші шағынауданның дақпырты бүгінде алысқа кеткен. Былтыр, осы шағынаудан тұрғындарының ашу-ызасын тындаған Парламенттің бірқатар депутаттары облысымызға келгенде, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалында халықтың мұң-зарына құлақ асып, бас шұлғып, «мәселені шешеміз» деген. Бірақ…мәселе әлі шешілген жоқ. Осындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары түнге қарай тыныш ұйқтай алмай қалдық деп зар қағады. Айта берсек, ауыз бармайды, бірақ амал не, Шымкенттің бас мешіті – Қошқаратаның жанындағы жабайы моншаларда жезөкшелер жайлаған. Оған да қанша қақсасақ та тиым болмай тұр. Билік түрлі айла-амал ойластырғанмен қоғамдағы бұл келеңсіз жайтты түбегейлі жойып жіберуге қауқарсыз.
Сонау ықылым заманнан бері келе жатқан удай шындықтың бірі – адам нәпсінің құлы екендігі. Ұлысың ба қарапайым пендесің бе, бәрібір, нәпсі дегенін істетеді. Қарсы тұрып, шыдайтындары некен-саяқ. Тіпті өмірден баз кешкен ғұламалардың өзі Құдай құранды да басқа да кітаптарды, пайғамбарларды нақ осы нәпсімен күресуге жіберді дегенді айтады. Себебі нәпсі тиылмаса адам дереу жойылып кетуі мүмкін. Азғындалып. Тоз-тозы шығып. Сол нәпсі атаулының ішінде адамзатты естен тайдырып, небір ғаламдық, ұлттық, азаматтық соғыстардың басталуына себеп болған, адами бақыттың тамырына балта шауып, бір рулы ел мен сүйіктілердің арасына от тастап, қоғамды жегідей жеп бара жатқан ең үлкен, ең сорақы, ең арсыз, күресуге ең қиыны – зинақорлық.
Тарихтан аз-маз хабары бар адам болса қоғам өркениеттілікке бірден жете қоймағанын түсінеді. Небір ақылмен түсініп болмайтын оқиғалар мен сан түрлі тайталас, айқастар, соғыстар, көзқарастар қақтығысының, діни, мәдени үстемдікке ұмтылушылықтың, жаппай қырып жою секілді тағылықтың неше атасын көріп, өткен ғасырдың ортасындағы дүниежүзілік алапат айқастан кейін ес жиғанымызға жарты ғасырдан сәл-ақ асты. Десек те байқап жүргеніміздей өркениетті қоғамның зинақорлықты құрықтауға шамасы әлі де жетер емес. Тіпті, өрши түскен. Бұл әсіресе діни сенімі берік емес, ұлттық мәдениеті мұндаймен күресуге қауқарсыз, көп жағдайда сол зинақорлықтың өзін әспеттеуге әуес батыс елдерін шырмауықтай матап тастаған.
Әріге бармай-ақ қояйықшы, өз еліміздегі ахуал да оңып тұрған жоқ. Қыры кеткен тәрбиенің кесірі ме әлде жаһанданудың салдары ма әйтеуір бейәдептіліктің неше атасын көріп жүрміз бүгіндері. Күн ұялып ұясына батқан замат көше-көшелерде санын жалтыратып тұра қалатын «натуральный» жезөкшелердің қатары азайды десек те сауналар мен моншаларда, арзанқол, қымбатқол қонақүйлерде тәнін сататындардың қатары еселеп артқан. Еліміздің қай түпкіріне барсаң да табыла кететін сатылымдағы қыздар қашанда қолжетімді.
Қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған күйі сақталған делінетін Оңтүстікте де жылдан жылға тән ләззаты қызметін ұсынатын орындар көбейе бастаған. Білетіндердің айтуынша Шымкентте жүздеген сауналар мен моншалар бар болса, соның көпшілігінде сатылатын қыздар топ-тобымен жүр. Полицейлер анда-санда рейд жүргізгенсіп бір-екі жеңгетайды көз қып ұстап жататыны бар. Дегенмен тән саудалаушылар бұдан әсте сескеніп, тайсақтап отырған түгі жоқ. Сонау бір жылдары Шымкенттің бас мешіті – Қошқаратаның жанындағы жабайы моншаларды жезөкшелер қаптап, ондаған жыл бойы қызыл жағалылар олардың көзін құртуға шамалары жетпей келген еді. Сол маңда тұратындардың айтуынша полицейлер жеңгетайлардың «крышасына» айналған екен. Кейін құдайдан қорықты ма, әлде билік тарапынан қатаң қадағалау жасалды ма әйтеуір Алла үйінің маңы жын-шайтандардан тазаланған-ды. Дегенмен шымкенттік тұрғындар қазіргі кезде тағы бір сорақылықтың куәсі болып жүр.
Шымқаланың орталық бөлігінде орналасқан 8-ші шағынаудандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары түнге қарай тыныш ұйқтай алмай қалдық деп зар қағады. Айтуларынша әрбір үйде ондаған жалдамалы пәтерлер бар. Барлығы сағатқа немесе бір күнге ғана жалға берілетін көрінеді. Қараңғы түсе әлгі пәтерлерді «клиенттер» сатып алып, жынойнаққа айналдырады екен. Гүлнәр есімді әйел 8 шағынауданға осыдан 12 жыл бұрын көшіп келгенін айтады. Сол кездің өзінде-ақ бұл маңда тәуліктік пәтерлер өте көп болыпты. «Он жылдан бері пәтер иесі күнде ауысып жатады, түнімен айқай-шу, төбелес, айтуға ауызың бармайтын дауыстарды естіп келеміз. Балаларымыздың тәрбиесіне кері әсер етер ме екен деп қатты алаңдаймыз» — дейді Гүлнәр.
Полицейлердің дерегі бойынша 8 шағынауданда 400 ге жуық пәтер әлгіндей тәсілмен жалға беріледі екен. «Кешкі сағат 6 дан бастап пәтер саудалаушылардың жұмысы қызып кеп береді. «Квартира», «квартира бар» деп айқайлаған дауыстары жер жарады. «Клиент» іздеп Нариманов көшесінің ортасына дейін шығып кеткендерін көресің. Қараңғы бата тіпті қызады. 1 бөлмеліні 2 мың, 2-3 бөлмеліні 4 мың теңгеге сатады. 1 сағатқа алсаңыз 500-1000 теңге аралығында. Келетіндердің қатары сиреп көрмеген. Ылғи осы, қайнайды да жатады. Пәтер саудагерлерінің кейбірі егде жастағы қариялар. Пайда табам деп Құдайын ұмытқан осындай міскіндерді жер қалай көтеріп жүр екен?!», — деп жергілікті тұрғындар жыларман болуда. Нұрғали есімді азамат жақында ғана орталық қой деп осы ауданнан пәтер сатып алғанын, артынша өкініп қалғанын айтты. Сөйтсе ол тұратын подъездегі 25 пәтердің тек төртеуінде ғана тұрақты тұрғындар бар екен. Қалған 21-і түгел бір күндік пәтерлер. «Жап-жас қыздар мен жігіттердің таң ата сол пәтерлерден шығып келе жатқанын көреміз. Бір күндік пәтерде қыз бен жігіт не бітіреді дейсіз? Әрине зинақорлыққа барады. Талай мәрте учаскелік полицейлерді шақырдық. Олардың айтатыны – «біздің елде секске тиым салынбаған». Назар аудармай, қызғанғанша қыз тауып алыңыз», деп мазаққа айналдырады»,-дейді. Ақыры білмейтін біреуге пәтерін сатып құтылыпты. Олай істемейін десе бой жетіп қалған қызы, мектепте оқитын баласы бар. Ахылап-үхілеген дауыстарды есту олар түгілі өзімізге де қиын тиіп жүрді дейді жігіт ағасы.
Осы аудандағы 63-ші үйдің тұрғыны Алексей деген орыс жігіті біз тұратын үйде 50 пәтер бар болатын болса соның 27-сі бір күнге сатылатын пәтерлер дегенді айтады. Сондай-ақ біраз жайттың бетін ашып бергендей болды.
Алексей, 8 шағын аудан тұрғыны:
— «Пәтер сататындар өздерін бүкіл үйдің қожайындарындай санайды. Қашан қоясыздар мынадай масқараны деп талай айтқанбыз. Сөйтсек бұлар ұялудың орнына айқайдың астына алады. Қолдарыңнан келгенді істеңдер, біз Абай аудандық полиция бөлімін, салық, учаскелік полицейдің бәрін түгел сатып алғанбыз, қолдарыңнан түк те келмейді деп мазақ қылады. Ай сайын билік органдарына ақша қыстырып кететін көрінеді. Сосын олар тиіспейді. Бұлардың осылайша қорықпай тайраңдап жүруінің тағы бір себебі естуімше бұл жағдайға қатысты елімізде қылмыстық жаза көретіндей заң жоқ екен. Пәтер саттың деп соттата алмайды екен заң орындағылар. Тек қана аз-маз айыппұл салатын болса керек. Мұны жаңағы пәтер сатып тұратындардың өзі айтқан маған. Бүгіндері тұрақты тұрғындардың көбісі әлгілерге пәтерлерін сатып бұл жерден қашып кетті десе де болады».
Тағы бір тұрғын былай дейді.
Сәкен,8 шағынаудан тұрғыны:
«Осындай тәуліктік пәтерлер желісінің бір қожайынын сыртынан жақсы танимын, аты Мадина. Тегін айтпай-ақ қояйын, әкесінің аты Рүстем. Кезінде сот болып істеген қазір отставкідегі подполковник. Бұлар беретін жердің бәріне ақшасын беріп, былайша айтқанда пәтерлерді жаулап алған. Мұндайлардың әрқайсысында кемінде 20 тәуліктік пәтерден бар. Көңіл көтеретін кафелерін айтпағанның өзінде. Барлығы шетінен дөкейлер. Осыдан кейін барып бұлармен қарапайым тұрғындар қайтып күрессін, шамалары қайдан жетсін».
Марина есімді орыс келіншек осы мәселені алға тартып үш жылдан бері әртүрлі сайттарға, Парламентке, Сенатқа хат жазып жүргенін айтады. Жоғары жақтағылар естіп, рейд жүргізіп, әртүрлі шаралар жасайтын шығар деп ойлапты. Рейд жүруін жүрген-ау, бірақ әттеген-ай дейтін тұстарын байқаған. Полицейлердің бірі «сіз пәтер жалға берушілерін көре алмайсыз» деп келеке етіпті. Сондай-ақ, полицейлердің жаңағы пәтер иелерімен әңгімесін де естіп қалыпты. Олар қызыл жағалыларды прокуратураға басқа да орындарға береміз, үстеріңнен шағымданамыз деп қоқан-лоққы көрсетсе керек. Құқық қорғаушыларымыз болса оларды тыныштандырмақ боп, «1 ай ғана шыдаңыздаршы, содан кейін бәрі бәз баяғы қалпына қайта түседі. Себебі бұл мәселеге қатысты заң әлі ойлап табылмаған. Бізге де әр қабатқа жүгіріп, әр пәтердің есігін қағу оңай дейсіздер ме? Тек бізге бұйрық келді, соны орындауға мәжбүрміз» деп мүләйімсіген көрінеді. Осыған қарап-ақ жастар мен егде жастағылардың өзін бұза бастаған бұл қиын мәселемен күресуге құқық қорғаушылардың зауқылары жоқ екенін байқамау мүмкін емес.
«Рейд жүргізуге қыруар қаржы бөлініп жатыр екен, енді сіздерден үлкен нәтиже талап ететін шығар» деп полицейлерге айтсақ, «бұл тек ақша жымқыру үшін жасалып жатқан көзбоюшылық» деп қысқа жауап берді. Қоғам қайда кетіп бара жатыр өзі? Біздің тыныштығымызды сақтауға кім көмектесер екен?»,- деп жыларман болады Марина.
Шымкентте пәтерді қысқа уақытқа жалға беретін мекен жалғыз бұл емес екенін де айта кеткен жөн. Осы маңнан сәл әріректе жатқан Айбергенов, Жангелдин көшелерінің бойында, одан қалса теміржол вокзалының алдында, 17, 18 шағынаудандарда осындай саудагерлерді топ-тобымен көруге болады. Кеш қылаң беріп, қараңғы батар батпас «квартира» «квартира» деп қызыл кеңірдек болған сатушылар тіпті қолдарына «квартира» деген жазуы бар тақтайшалар да ұстап алатын болған. Бұл маңның да тұрғындарының түн тыныштығын осы жалдамалы пәтерлердің «клиенттері» әбден ұрлап бітіпті. «Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Бұлардың жолын кесуге биліктің мүлде шамасы жетпейтін болғаны ма?»,- деп күйінеді жергілікті халық.
Ашынған жұрт бұл бассыздық тиылмайтын болса Елбасыға барып шағымданамыз деп бел буып отыр. «Мәселені шешу тек сол кісінің ғана қолынан келеді. Ақырғы үмітіміз сол ғана»,- дейді. Расында да жергілікті биліктің бұл жағдаймен күресуге дәрменсіз болып отырғаны қынжылтарлық. Мыңдаған құқық қорғаушылар, әкімшілік, сот орындары жабылып жүріп шеше алмайтын бұл не деген күрмеуі тоқсан мәселе екені белгісіз. «Суточный квартира» бизнесінің бұлайша сыйырқұйымшақтанып, шешімін таппауы, тиылмауы сол құқық қорғаушылардың, биліктегілердің өздері де бұл бизнестен пайда тауып отырғаны байқататындай. Әйтпесе террорзим мен басқа да аса қауіпті қоғамдық мәселелерге қарағанда бұны шешу заң орындарымен билік үшін түкке тұрмайтын шаруа болуы керек еді. Себебі бұл қадағалауға көнетін-ақ мәселе. Тек жауапты кісілердің бел шешіп кіріспеуінен күрмеулі күйде қалып отыр.
Елдегі үшінші қала мәртебесіне ие болып отырған Шымкент шаһарында осындай ұлт бетіне салық боларлық сүйкімсіз көріністер өкінішке орай толастамай отыр. Өмірді енді бастап келе жатқан жас өскіндер үшін теріс тәрбие болатын мұндай сорақылықтар қашан тиылары әзірге белгісіз. Елбасы айқайлап, қамшы баспайынша қозғалмайтын жергілікті ақтамінерлердің мұндай күрделі мәселелерді өздігінен шеше саларына жұрт та сенбей отыр. Әйтеуір не де болса сең қозғалса екен дейміз. Елбасының тапсырмасынсыз да мәселе шешуге болады емес пе? Мұны әсіресе облыс басшысы Асқар Мырзахметов пен қала әкімі Қайрат Молдасейітовке қарата айтқымыз келеді. Өйткені қала тынышытығын сақтау мен облыс орталығы үйлерінің «бордельге» айналып кетуі құқық қорғаушыларды айтпағанда, бірінші кезекте осы кісілердің атына кір келтіріп, ұятына, істеп жатқан қызметіне селкеу түсіруі ғажап емес. Ең басты құндылық – халықтың тыныштығы екендігі рас. Дегенмен Шымкенттің тыныштығы, абүйірі осылайша бұзылып тұр. Әкім мырзалар мен полицейлер айтылған сыннан қорытынды шығарып, зинақорлық әрекеттердің өршуіне себепші болып отырған қысқа уақытқа жалға берілетін пәтер бизнесін ауыздықтайтын шығар деп үміттенеміз. Олай болмаған жағдайда Құдайдың да халықтың да кәріне ұшырауы ғажап емес.
Саят ЖҰМАҒҰЛОВ