Шымкенттіктер Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туған күнін тойлауды жалғастыруда. Бұл күні Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда ауқымы кең шара өтті. «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» тақырыбы аясында өрбіген кешке өңір өнерпаздары атсалысты. Осылайша, Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовты еске алу ән кешін Оразкүл Дәулетова сазгердің «Қайдасың» әнімен ашты. Жанды дауыста, оркестрдің сүйемелдеуімен орындаған әнін көпшілік ыстық ықыласпен тыңдады. Қосыла шырқап, кештің көркін кіргізді. Жиналған көпшілік кеш барысында орындалған әндердің жанды дауыста орындалуымен ерекшеленді дейді. Сондай-ақ шарада күні кеше ғана Шәмші Қалдаяқов атындағы “Менің Қазақстаным” байқауының жеңімпаздары композитор әндерін шарықтата шырқады. Жастолқынның жанды дауыста ән шырқап, сазгер әндерін әуелеткенін көрген аға буын тәнті болғанын жасырмады.
Марат Бегманов, қала тұрғыны-көрермен: “Бүгінгі кешке келіп рухани азық алдым десем артық айтқаным емес. Бәрінен бұрын жерлесімізге деген шексіз ілтипат осындай болуы міндетті. Шәмшісіз 20-шы күзді қарсы алғалы тұрмыз. Ендеше, қазақтың саз әлемінің падишаһына қандай құрмет көрсетсек те жарасып тұр. Бүгінгі кешке қарап отырып, жастолқынның Шәмші әндерін шебер орындайтындарына риза болдым. Міне, қазақтың перзенттері! Жүрекпен орындайтындарын көргенде, жүрегім елжіреді. Қанша дегенмен, халықтың Шәмшіге деген сағынышын әнмен басқан жастарға алғысымды білдіргім келеді. Жанды дауыста орындағанда олардың орнына мен қобалжыдым ғой. Ән саңлағын мақтамаймыз, Шәмші ағамызбен мәңгі мақтанамыз дегім келеді”.
Оразкүл Дәулетова, әнші: “Расында, мен Шәмші ағамыздың әнін айтар алдын әрдайым толқып-қобалжимын. Мұны жасыра алмаймын. Себебі, әрбір әні тұнып тұрған талантты талап етеді. Анығырақ айтсам, үлкен жауапкершілікпен орындау міндеті жүктеледі. Сол әнге лайықты өз дәрежесінде шырқауымыз керек болады. Сондай-ақ, Шәмші әндерін нақышында орындамау – композитор рухына жасалған қиянат деп білемін. Сол себепті болса керек, әрбір Шәмшіге арналған кеш, мейлі өзге де шараларда болсын Ұлы сазгердің әндерін үлкен дайындықпен орындаймын. Бүгін Шәмші Қалдаяқовтың “Қайдасың” әнімен кештің шымылдығын түрдім. Келген халық ыстық ықыласпен қабылдады. Сондықтан, қуанышымда шек жоқ”.
Кезінде Ұлы сазгермен дәмдес болып, айтқан өсиет сөздерін құлағына құйып өскен замандастары бүгінгі кешке арнайы келіпті. Композитор Сейткерім Нұранов Шәмшінің тәрбиесін алып, бүгінде 50-ден астам әннің авторы болып үлгерген.
Сейткерім Нұранов, сазгер: “Мен Шәмші ағамыздың қасында 6 жылдан астам уақыт бірге жүріп, көп нәрсені көңіліме түйдім. Ән падишаһы небәрі бір түннің ішінде 5-6 ән жазып тастайтын. Көбіне жоғалып та кететін. Бірақ жомар аға ештеңені бөгде көзқараспен қабылдған емес. Мәрттігіне таңмын. Көңілі лайланбай өтті ол кісінің. Әрдайым жақсы дүниелерді ойлап, тек жанын түсінген адаммен тілтабысатын. Айтқан сөздерін бүгін ойлап қарасам, ағамыздың ақ көңілдігінде шек жоқ екеніне көзім жетеді. Ешқашан біреуге балағат сөз айтып немесе біреуді жамандап, я болмаса біреуге зиянын тигізуден бойын аулақ ұстайтын. Мейлінше, адамдарды ренжітпеуге тырысатын. Көңілі таза Шәмші ағамызға деген сағынышты бүгінде әндері басуда”.
Бұл күні Шәмші Қалдаяқовтың 25 шығармасының 15-і оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды. Бұл да да болса өнер иелерінің Шәмшіге деген құрметін көрсетсе керек. Ұлы сазгерді еске алу кеші апта бойы жалғасын табады деп күтілуде.