Алдымен айтарымыз, агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен 15 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бұл орайда мемлекет қоржынынан ауылшаруашылығын дамытудан ақша аяп жатқанымыз жоқ. Алайда…
Облыстық прокуратура 2011 жылы және 2012 жылдың 1-тоқсанында ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдауға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға субсидияның бөлінуінің заңдылығына тексеру жүргізді.
Есте ұстар дерек болсын, ҚР «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңына сәйкес агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу негізінде азық-түлік қауiпсіздiгін, агроөнеркәсіптік кешен өнiмi нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлiктің тиiмдi жүйесiн құруға, отандық өнiмнiң бәсекелестiк артықшылығын қолдауға, өсiмдiк шаруашылығын, малшаруашылығын, балық шаруашылығын, ауылшаруашылығы шикiзатын қайта өңдеудi және тамақ өнеркәсiбін дамыту үшiн жағдай жасау арқылы ауыл халқының тұрмыс деңгейiн көтеруге мүмкіндіктер берілген.
Сонымен бірге, аталмыш заң ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қауіпсiздiктi, техникалық жарақтандыру мен басқа да iлеспе қызмет салаларын қамтамасыз етуге, ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Заңның 11-бабы бойынша агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау агроөнеркәсiптiк кешен салаларының дамуын экономикалық ынталандыру ретiнде жүзеге асырылады. Осы Заң арқылы қол жеткізуге болатын 15 мақсаттың қаншасы, қалай орындалды? Прокурорлық тексерудің нәтижесі не көрсетті? Енді соған тоқталсақ.
2011 жылы ауылшаруашылығын дамытуға облыс бойынша 10,7 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде:
1.«Малшаруашылығының дамуын қолдау» бюджеттік бағдарламасы бойынша — 669,8 млн. теңге.
2. «Тұқым шаруашылығының дамуын қолдау» бюджеттік бағдарламасы бойынша — 453,8 млн. тенге.
3. «Малшаруашылығының өнімділігі мен өнімінің сапасын арттыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша — 662,3 млн. теңге.
4. «Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлы-материалдық құндылықтардың құнын арзандату» бюджеттік бағдарламасы бойынша — 3,2 млрд. теңге.
5. «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне суды жеткізіп берудегі көрсетілетін қызмет құнын субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша — 373, 1 млн. теңге.
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен 2007 жылдан бастап 087 «Жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызуды және өсіруді қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттер бөлу» бюджеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл шаралардың негізгі мақсаты: суғарудың дамыған тәсілдерін қолдану арқылы, оның ішінде тамшылатып суғару және жоғары сапалы тұқымдарды пайдаланып, тығыз егілетін әрі тез өсетін және өнімділігі жоғары өндірістік бақшаларды отырғызу болып табылады.
2007 — 2010 жылдары жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіру жұмыстары аймақтардың ауа райы мен табиғи-климаттық жағдайлары, егу схемалары, учаскелердің екпелерге жарамдылығы, сондай-ақ көпжылдық көшеттерді өндірудің өнімділігіне септігін тигізетін басқа да мән-жайлардың ерекшеліктері ескерілместен, тамшылатып суғару жүйесі қолданылмай жүзеге асырылып келген.
Дегенмен, жеміс-жидектер мен жүзім дақылдарын өсірудің тиімділігі мен өнімділігін арттыру мәселесін жүйелі әрі кешенді түрде шешу үшін 2010-2011 жылы бюджеттік субсидия алушыларға деген талап күшейтілді.
Алайда, тексеру жұмыстары көрсеткендей, талаптың қаншалықты күшейтілгеніне қарамастан, субсидия алушылар тарапынан Ереже талаптарын өрескел бұзу фактілеріне жол берілуде.
Мысалы, 2010 жылдың 20 қыркүйегінде Бәйдібек ауданы бойынша ведомствоаралық комиссиясымен (мұнан әрі- ВАК) «ЖЕРҰЙЫҚ-21» ӨК-мен көлемі 29 га жер теліміне жеміс-жидек дақылдарының көп жылдық екпелері отырғызылғандығы туралы акт түзілген. Осы актінің негізінде «ЖЕРҰЙЫҚ-21» ӨК-не 13065022 теңге бюджеттік субсидия төленген. Бірақ, тексеру кезінде «ЖЕРҰЙЫҚ-21» ӨК-мен жеміс-жидек дақылдарының көпжылдық екпелерін отырғызу жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы №91 Қаулысымен бекітілген Ереже талаптары бұзыла отырып жүзеге асырылғандығы белгілі болды.
Атап айтқанда, ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің (мұнан әрі— АШТӨ) шығындарына көшеттер мен тамшылатып суғару жүйесін, тыңайтқыштар сатып алу, сондай-ақ жобалау, топырақтық мелиоративтік және топырақтық-геологиялық зерттеу шығындары жатады. Ал, «ЖЕРҰЙЫҚ-21» ӨК-мен тамшылатып суғару жүйесі сатып алуға шығын кетпеген. Өйткені, «СЗЦ Түркістан» ЖШС-мен арада 2010 жылы түзілген келісімшарт (ақысын кейіннен төлеу шартымен түзілген) 30.03.2011 жылы жабдықтардың ақысы төленбеуіне байланысты бұзылған. Қазіргі таңда «ЖЕРҰЙЫҚ-21» ӨК-не тамшылатып суғару жабдықтарының ақысын төлеуге байланысты ешқандай міндеттемелер жүктелмеген. Нәтижесінде жеміс-жидек дақылдарының көп жылдық екпелерін отырғызу мен өсіру талаптарының сақталмауының салдарынан қазіргі кезде 12 га жерге егілген екпелер қурап кеткен.
ОҚО бойынша ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының биыл, сәуірдің 28-і күнгі шешімімен облыс прокуратурасының талап-арызы қанағаттандырылып, Бәйдібек ауданы бойынша ВАК-ның 2010 жылғы актісі жарамсыз деп танылып, «ЖЕРҰЙЫҚ-21» ӨК-нен мемлекет пайдасына 9 900 000 теңге өндірілді.
АШТӨ-не қатысты осы сияқты нақты шаралар қолданбаса, алдағы уақытта басқа да АШТӨ-лері тамшылатып суғару жабдықтарын сатып алуға байланысты келісімшарт қағаз жүзінде (формальды) жасау арқылы бюджетке шығын келтіруі мүмкін.
Жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу Ережесін бұзып (тамшылатып суғаруды орнату), соңынан негізсіз субсидиялау жағдайлары бюджеттік субсидияның тиімсіз бөлінуіне әкеліп соғуда.
Былтыр «Сәт» шаруа қожалығына 46,45 га жерге жүзім отырғызуына байланысты 16 282 800 теңге субсидия төленген. Алайда, егілген жүзім дақылдары толығымен қурап кеткен.Тексеру нәтижесі көрсеткендей, жүзім дақылдарын нақты отырғызған кезде тамшылатып суғару жүйесі қолданылмағандығы, жабдықтар тек ВАК-сы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілетін кезде ғана орнатылғаны мәлім болды.
Екпелерді отырғызу кезінде тамшылатып суғару жүйесін қолданудың міндеттілігі жөнінде Ереженің 28-тармағында айқын көрсетілген.
Ол үшін АШТӨ-рі осы Ереженің 24-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген бюджеттік субсидияларды алу үшін ағымдағы жылғы 1 -наурызға дейінгі мерзімде ВАК-қа құжаттардан тұратын өтінімді тапсырады.
Осындай жағдай «Бағдат» шаруа қожалығының 11,55 га жерге егілген жүзімдігінде де орын алып, олар қурап кеткен. Ал аталған шаруа қожалығына 4 049,0 мың теңге бюджеттік субсидия төленген. Осылайша, мемлекеттік бюджеттен бөлінген 20 млн. теңгеден астам бюджеттік субсидия тиімсіз жаратылған.
Түлкібас ауданының ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлы-материалдық құндылықтардың құнын арзандатуды субсидиялау Ережесінің талаптары өрескел бұзылғандығы анықталды.
Аталған Ереженің 14-тармағына сай тиісті бөлім субсидия алушылардан өтініш пен тиісті құжаттары келіп түскеннен кейін үш жұмыс күнінің ішінде тапсырылған құжаттардың толықтығы мен дұрыстығын тексеруі тиіс.
Ереженің 15-тармағы бойынша ВАК үш жұмыс күні ішінде бөлім ұсынған құжаттарды қарап, бюджеттік субсидия алуға үміткер АШТӨ-нің тізімін жасақтап, аудан әкіміне бекіту үшін енгізеді.
Алайда, субсидия алушылардың құжаттарының толықтығын тексеру былай тұрсын, кейбір өтініштерде субсидия алуға үміткерлердің қолдары жоқ болса (5 ШҚ — «Асқар» ШҚ,«Юрий» ШҚ, «Еламан» ШҚ, «Медеу» ШҚ, «Адилет» ШҚ), ал кебіреулерінде тіпті өтініштің таза бланкілері тіркелген (14 ШҚ — «Шырайлы» ШҚ, «Рахат» ШҚ, «Нұрболат» ШҚ, «Рауан» ШҚ, «Медеубай» ШҚ, «Эйдар» ШҚ, «Әлиасқар» ШҚ, «Қуаныш» ШҚ, «Бердике» ШҚ, «Тоқтасын» ШҚ, «Жетібай» ШҚ; «Галымжан» ШҚ, «Ержан» ШҚ, «Бірлік» ШҚ).
Бұдан бөлек, тұқымның сапасын анықтамай, субсидиялау жәйттері де айқындалды.
Мысалы, Түлкібас ауданының ауылшаруашылық бөлімімен жоғарыда көрсетілген қажетті аттестаттар болмағанына қарамастан, 241 АШТӨ-рі тізімге негізсіз енгізіліп, оларға 4 196 993 теңге субсидия төленген.
Мағыналас жағдай Арыс ауданының ауылшаруашылық бөлімінде де орын алып, тұқымдардың сапасы анықталмастан, 27 АШТӨ-лер тізімге негізсіз енгізілген.
Мұнымен қоса, Түлкібас ауданы мен Арыс аудандарының ауыл шаруашылығы бөлімдерінде дәнді дақылдарды субсидиялау жөніндегі барлық өтініштерде егіс айналымына алаңдарды орналастыру картасы тіркелмеген.
Бұл жайлар ВАК-ның мүшелері өскіндердің болуын және себу алаңдарының мәлімделген көлемге сәйкестігін анықтау үшін алқаптарға шығып, зерделеу жұмыстарын формальды түрде жүргізетіндігін білдіреді.
Бюджеттік субсидияны алушылар тізіміне заңсыз жеке тұлғаларды енгізу фактілері де анықталды. Аталған жеке тұлғалар тізімге енгізілгенімен, субсидия алмаған.
Мысалы, «Ынтымақ КZ» СТК-нің төрағасы С.Тастанов СТК мүшелерін өзі тізімге енгізіп, олардың атынан «Қазпошта» АҚ-нан есепшоттар ашып, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы тізімдегі азаматтардың атына қомақты соммадағы субсидия рәсімдеген.
Сонымен бірге, тексеру кезінде бұл азаматтар жеке тұлғалар екендігі, яғни олар жеке кәсіпкерлікпен айналыспайтындығы анықталды.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы «Прокуратура туралы» Заңының 25-1-бабының негізінде Шымкент қаласының әкіміне «алдын ала ескерту» прокурорлық ықпал ету актісі берілді және орын алған заңбұзушылықтар жойылды.
Асылтұқымды етті малшаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді тексеру кезінде де бюджет қаржысын бас пайдасына жарату фактілері анықталды.
Мысалы, «Байыспай» ШҚ-ның төрағасы Қ.Тәжімұратов «Айжансу» ЖШС-нің директоры Ж.Уалихановпен алдын ала сөз байласып, соңғысы 50 бас асыл тұқымды жылқы сатып алғандығы туралы жалған келісімшарт түзген.
Осы келісімшарт басқа да тиісті құжаттармен бірге бюджеттік субсидия алу үшін Мақтарал ауданының ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырылған.
Өз кезегінде Мақтарал аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы А. Айдарбеков, бөлімнің маманы Е. Жұрқабаев және аумақтық инспекцияның мемлекеттік инспекторы Б.Сағынтаев К.Тәжімұратов пен Ж.Уалихановтың тапсырған құжаттарының шынайылығын тексерместен, бюджеттік субсидия алушылардың жиынтық актісіне енгізіп, нәтижесінде К.Тәжімұратов пен Ж.Уалиханов 1 700 000 теңге бюджеттік субсидияны заңсыз алған.
Осыған байланысты, прокуратурамен кінәлі тұлғаларға қатысты қылмыстық істер қозғалып, олар сот үкімімен сотты болып, келтірілген шығын соммасы мемлекетке қайтарылды.
Мақтарал ауданында субсидияны заңсыз бөлу о бастан-ақ тәжірибеге айналған сияқты.
Өйткені, 2011 жылдың басында да ағын судың құнын арзандатуға бөлінген бюджеттік субсидияны талан-таражға салу фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалған еді.
Асылтұқымды етті малды дамытуды субсидиялау туралы Ережесінің талаптары Қазығұрт ауданында да бұзылған.
Ал, Сарыағаш ауданы бойынша жануарлардың ұрыққа арналған асылтұқымдық куәліктері болмаса да шаруа қожалықтар негізсіз субсидияландырылған.
Тағы бір айта кететін жағдай, 2010 жылы жүргізілген тексерудің қорытындысы бойынша облыс прокуратурасында басқарманың және ауылшаруашылығы бөлімдері басшыларының қатысуында өткен алқа мәжілісінде субсидия алуға тілек білдірген АШТӨ-нің өтініштері талапқа сай тіркелмейтіндігі, тіпті есепке алу журналдарының өзі жоқ екендігі жайлы сын айтылған болатын.
Бірақ, осыған қарамастан ауылшаруашылығы бөлімдерінде заңсыздықтар жалғасуда.
Жоғарыда айтып өткендей, агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау агроөнеркәсiптiк кешен салаларының дамуын экономикалық ынталандыру ретiнде жүзеге асырылады.
Бірақ, ОҚО статистика Департаментінің берген мәліметтеріне сүйенсек, облыс бойынша субсидиялаудың негізгі мақсаты мен нәтижеге қол жеткізілмегендігін байқауға болады.
Жыл сайын, оның ішінде соңғы 2011 жылдың өзінде субсидияға 10 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінгендігіне қарамастан, облыстың базарларында тек еттің бағасының өзі (сиыр еті) екі есеге өскен. (2010 жылы- 649 тенге, 2011 жылы 922 тенге, 2012 жылы 1113 теңге).
Жалпы осы тексерудің қорытындысы бойынша 1 қылмыстық іс қозғалып, заң бұзушылықты жою туралы 5 ұсыныс енгізіліп, бүгінгі күнге 9 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында алдын ала ескерту берілді.
Жоғарыда көрсетілген заңбұзушылықтар жауапты лауазым иелерімен өздеріне жүктелген міндеттерін қажетті дәрежеде атқармауынан және ведомстволық бақылаудың тиісті деңгейде болмауының салдарынан орын алғандығын байқатады.
Осы прокурорлық тексерудің нәтижесі бойынша облыс әкімінің атына заң бұзушылықтарды, олардың орын алу жағдайлары мен себептерін жоюға және кінәлі лауазым иелерінің тәртіптік жауапкершіліктерін қарау туралы ұсыныс енгізілген болатын.
Ұсынысты қарау қортындысымен заңбұзушылықты жою мақсатында арнайы іс-шаралар түзіліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылуда.
Тексерудің қорытындылары облыс әкімінің бірінші орынбасарының, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының, Шымкент қаласы, Мақтарал, Түлкібас, Арыс, Қазығұрт ауданы әкімдерінің және ауылшарушылығы бөлімдері басшыларының қатысуында облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде талқыланып, нақты шешімдер қабылданды.
Шағала МОМЫНХАНҚЫЗЫ, ОҚО
прокуратурасының баспасөз хатшысы.