Түтінге тұншыққан үшінші қала

«Шымкент Қазақстандағы ең лас қалалардың бірі». Еліміздің Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігі тартқан осы дерекке не сенерімізді, не сенбесімізді білмейміз. Сенбейік десек, күнде көріп жүрміз, көшенің айналасы қоқысқа толы. Сенейік десек…

Елдегі үшінші қала мәртебесін иелену үшін қала басшылығы Шымқаланың көркіне көрік қосу жолында қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланып-ақ жатыр. Былтырғы жылы посткеңестік елдер арасындағы ең шырайлы шаһар деген атақты қанжығасына байлап алғанда Мәскеуіңіздің өзін шаң қаптырған бұл қандай «таза» қала екен деп елеңдескендер көп болғаны рас. Өкініштісі сол, Шымкенттің кейбір шағынаудандары әлі де күл-қоқыстан көз аша алмай жүр. «Ең таза қала» деген атақты кім, қалай бергеніне әлі күнге дейін Сіз түгілі өзіміз де таңғалып жүрміз. Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігі жағдайды мұқият тексере келе Шымшаһарды елдегі ең лас қалалардың тізіміне тоғытып та жіберіпті.

Жыл өткен сайын ОҚО-да автокөліктер саны еселеп артып келе жатыр. Қазір ресми мәлімет бойынша өңірдегі көліктер саны 400 мыңның үстіне шыққан. Халықтың әл-ауқаты артып, шетінен көлікті болып жатыр деп қуанғанымыз болмаса, шетелде жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп, «екінші отанын» тапқан көліктерден келетін қауіп алаңдатарлықтай шекке жете бастаған.

Әр машина жылына 4 мың тонна оттегіні жұтып, 8 тоннадай зиянды, улы заттар шығарады.

Біріншіден, техникалық ахуалын керемет деп айту қиын. Қоршаған ортаға келтірер зияны шаш етектен. Оған қоса Шымкенттің ішінде қатынап жүрген көліктердің де сапасы сын көтермейді. Оңтүстік өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы жыл басынан бері көліктеріндегі ақауы үшін жеке тұлғаларға 168 мың теңге, ал заңды тұлғаларға 32 306 мың теңге көлемінде айыппұл салыпты. Бар-жоғы 1500 әкімшілік хаттама толтырылған көрінеді. Осы мекеменің бөлім бастығы Асылбек Қаныбековтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты жоспарлы түрде рейд өткізіліп тұрады екен. Дегенмен, ауқымды бір өзгерісті байқау қиын.

Мамандар бүгіндері қаланы көк түтін еткен көліктерден келетін зиянның қаншалықты қауіпті екенін айтудан шаршай бастаған. Соңғы жылдары облыс көлемінде күрт асқынып бара жатқан қатерлі ісік пен аллергиялық, жүрек қан тамырлары ауруларына көп жағдайда дәл осы ескі-құсқы көліктерден шығатын улы түтіндер себепші болады екен. Эколог Әбілқасым Бөртебаев «әр машина жылына 4 мың тонна оттегіні жұтып, 8 тоннадай зиянды, улы заттар шығарады.

Мамандардың пікірінше көліктерден шығып жатқан түтінде көмір қышқыл газы көп. Бір жүк көлігінен шығатын мұндай газ мөлшері белгіленген шектен аспауы керек, ал бізде ол бірнеше есеге дейін асып түседі. Ұшақпен жоғары көтерілген адам Шымкенттің төбесінде шаң-тозаңның бұлты тұрғанын көре алады. Сол тозаңның барлығы өзіміз жейтін тағамдарға қонып, ол шаңмен өзіміз тыныс аламыз. Улы газ алдымен адамның тыныс жолдары мен жүйкесін уласа, содан сезім жұқарып, тіпті, түйсік жоғалуы да мүмкін. Улы газдардың көбеюі созылмалы тыныс жолы ауруларының асқынуына да алып келеді екен. Аллергиялық аурулардың пайда болуының басты себебі де осы улы газ. Ол аллергиялық бронхит, тері ауруына ұшыратып қана қоймай, түрлі жаралардың пайда болуына соқтырады, адамдар «аллергик» «конъюктивит» сырқатына ұшырайтын көрінеді.

Шымкент ауасының ластығы жөнінен Алматы мен Өскемен қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Шымкенттегі ауаның 80%-ы формальдегид деп аталатын улы қоспадан тұрады. Ол негізінен автокөліктерден шығатын зиянды газдардан құралған. Сонымен бірге, мамандар ауа температурасы неғұрлым жоғарылаған сайын, оның адам ағзасына тигізетін кері әсері де ұлғая түседі дейді. Мұнан өзге біздің өкпемізге аммиак та, шаң-тозаң да кіріп жатыр. Соңғы 10 жыл көлемінде атмосфераның ластануынан бірнеше жүздеген шымкенттіктер түрлі ауруға шалдыққан.

Эколог Әбiлқасым Бөртебаевтың ойынша, қаланың ауыр ауасын тазартудың бiрнеше тәсiлдерi бар. Соның бiрi қоғамдық көлiктердi газбен жүретiндерiне ауыстыру болса, екiншi жолы электр қуатымен қозғалатын троллейбустарды қалпына келтiру керек. Шаһардың ауасын жақсартудың тағы бiр жолы ретiнде велосипедке көшудi атады. Бiрақ тұрғындардың ә дегеннен көлiгiн тастап, «шайтан арбаға» отыра кетуiнiң қиын екенi түсiнiктi. Сондықтан, әуелi экологиялық сауатты арттыру арқылы адамды iштей соған дайындау қажет деп есептейдi.

Ауаны ластап, елді тұншықтырып жатқан тек ескі көліктер ғана емес. Шымкент елдегі ауа ластағыш өнеркәсіп орындарының көптігімен де ерекшеленетін қала. Сондайлардың бірі – Қорғасын зауыты. Бұл зауыттың қоршаған ортаға залалы туралы мәселе бірнеше ондаған жылдардан бері көтеріліп, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Зауыт маңындағы шағынаудандардың тұрғындары қолқаны қабатын түтін мен жағымсыз иістерден әбден зәрезап болғандарын айтып жыларман болуда. Шымкентті талай жылдардан бері шошытып, халықтың денсаулығын белгілі бір дәрежеде бұзып келе жатқан өндіріс ошағының маңындағы 14 шаршы шақырым аймақ түгелдей зиянды аумаққа жатады дейді мамандар.

Зауыттың зиянды екенін беске білетін облыс әкімі Асқар Мырзахметов оны қаладан тыс жерге көшіру туралы мәселені таяуда Үкімет алдында көтерді. Халықтың ендігі бар тілейтіні – осы мәселенің аяқсыз қалмауы.
Қала тазалығына қатысты мына бір жәйтті де айтпай кете алмаймыз. Шымкенттегі кәріз жүйелерінің жарылып, кейбір көшелерге сасық ауа таратып жатқандығы туралы шағымдарды күнде естуге болады. Жақында ғана Еңбекші ауданындағы Деповской көшесінде осындай оқиға орын алды. Сол маңдағы Гидролиз зауытының кәріз трубалары тесіліп, одан шыққан қалдық сулар көше-көшені бойлай ағып, халықты жағымсыз иіспен тұншықтырып жатыр екен. Еңбекші аудандық СЭҚ басқармасының бас маманы Айгүл Тұрымбетова «бұл мәселені жергілікті тұрғындар осыдан тура бір жыл бұрын айтып, бізге шағымданған болатын. Халықтың шағымын естіп дереу барғанбыз. Айтқандары рас болып шыққан. Одан кейін де бірнеше мәрте бардық. Кәріз трубасынан аққан сасық судан төніп тұрған қауіп шынымен де дабыл көтерерліктей», – дейді. Санитар дәрігерлер мәселені аудан әкімдігіне бірнеше рет айтқан екен. Алайда, аудан әкімдігіндегілер бұл мәселеге атүсті қарап отырса керек.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Суретті түсірген  Тимур ЖҰМАБЕКОВ