Аудан, қала әкімдері жыл басынан бері атқарған алты айлық жұмысына есеп берді. Облыс әкімінің алдында сауалдан мүдіріп, күмілжіген аудан әкімдері көп-ақ. Жартыжылдықтың қорытындысында бірталай қожыраған тірліктердің бет-пердесі сыпырылған.
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында барлық аудан, қала басшылары кезек-кезегімен «емтиханнан» өтті. Облыс басшысының сөзіне қарағанда биылғы сынақ қатаңдатылған. Әдеттегідей, ұйқы шақыратын ұзақ-сонар баяндама емес, есеп беру қысқа да нұсқа нақты жауап форматына көшіпті.
Ел сенім артқан әкімдердің есебінен ұққанымыз, әлі де шаруаны ширату керек. Себебі біршама былық-шылықтарға қанық болдық. Барлық әкімдерге тән «кесел» бұл — бюджет қаржысының дұрыс игерілмеуі. Әсіресе, халқы көп Мақтарал ауданының әкімі облыс басшыларының «қаһарына» ұшырады. Оған себеп, Тұрбековтың бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын басқа мақсатқа жұмсап жібергендігі болып отыр. Қарапайым жұрттың жалақысынан жонып, әлеуметтік бағдарламаларға ақша жұмсау миға қонымсыз. Мұның соңы әлеуметтік наразылыққа апарып соғатынын Тұрбеков мырза қаперге алмағаны ма? Есеп барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Ербол Садыр ауданда жалақыға қатысты 400 миллион теңге қарыз барын мәлім етті. Сондай-ақ, қаржы басқармасының бастығы Роза Исаеваның баяндамасынан ұққанымыздай, ақ алтынды аймақта қазына қаржысын игеру де көңіл көншітпейді. Оның айтуынша, былтыр осы уақытта ауданда 39 миллион теңге игерілмесе, биыл оның көлемі 204 миллион теңгеге жеткен. Жағдайға қанық болған Асқар Мырзахметов өз кезегінде аудан әкіміне жалақы қарызы мәселесін бір аптаның ішінде шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, облыс басшылары Бәйдібек ауданының әкімін де түйреп-түйреп алды. Облыс әкiмiнiң орынбасары С.Тұяқбаев ауданда халықты жұмыспен қамтуда несиелендiру жағдайына жете көңiл бөлiнбей отырғанын меңзеді. Одан бөлек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына аудан тарапынан бір де бір жоба енгізілмеген. “Максимум” аймақтық-инвестициялық орталықтан бөлiнген қаржының да тиiмдi пайдаланылмай жатқандығы әшкере болды. Ал жиында айтылған сындарға, ескертпелерге Райымбек Жолдас «Бәрін алдағы уақытта шешеміз, істейміз» деп уәдені үйіп төкті.
Дәл қазір Шардараның басындағы жағдай да мәз емес. Әкімінің міндетін атқарушы Тұрғанбек Оспанов есеп беруде бір емес бірнеше рет сүрінді. Бұл аймақта да индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына бар-жоғы бір жоба енген. Әкімдік кәсіпкерлікті, өндірісті өркендетуге қажетті жағдай жасамай отыр. Игерілмей жатқан қаржы да қомақты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына тиесілі жерді түгендеу жұмыстары дұрыс жүргізілмей келеді. Ал аудан түлектерінің
биылғы ҰБТ-дан аз балл жинауы Оспановқа соққы болып тиді.
Соңғы кездері облыста құрылыстың сапасыздығы жайында жиі-жиі айтылып та, жазылып та жүр. Осындай келеңсіз жағдаяттың бірі Түлкібас ауданы әкімінің есебінде белгілі болды. Өңірдегі Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің құрылысына бөлінген мемлекет қаржысы бей-берекет жұмсалған. Өз кезегінде аудан әкімі Қайрат Амангелдіұлы мәселенің шешімі табылғанын айтып ақталды. Алайда, «түгін тартсаң майы шығатын» Түлкібастың ауыл шаруашылығы саласында мардымты тірлік көрінбейді. Мәлім болғандай, жылыжай салу жоспары бар-жоғы 2,5 пайызға орындалған. Ең сорақысы, облыс басшысы атқарылуы оңай абаттандыру ісін ұйымдастыра алмағанын Әбдуәлиевтің бетіне басты.
Басқа аймақтардың жұмысында да шикілік көп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Әбiш Отырарда бруцеллезбен ауырғандар саны былтырғымен салыстырғанда 8 есе өскендігін жеткізді. Сонымен қоса, аудандағы тағы бір кемшілік, «Жастар орталығы» мекемесiнiң аты бар да, заты жоқ. Атаулы мекеме аудандық жасөспiрiмдер үйiнiң қуықтай ғимаратында орналасқан. Ол жерде жастарға жұмыс iстеуге мүмкiндiк жоқ.
Әкімдердің есебі барысында облыс басшысы Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаевтың іскерлігін атап өтті. Өңір билігін жақында ғана қолына алған Аманғали Аймұрзаевтың жұмысы көңілге қонымды. Ауданның барлық саласында ілгерілеушілік байқалады. » Созақ ауданы әкімінің іскерлігі белгілі. Ол кісі басқарғаннан бері ауданда алға жылжу бар. Жиында айтылған кемшіліктерді ескеріп, ол бойынша жұмыс істейсіз деп сенемін»,- деді Асқар Исабекұлы Аймұрзаевтың есебін тыңдап болып.
Баса айта кетерлігі, қыстыгүні әбігерге түскен Кентауда қордаланған мәселелер бар. Қала әкімінің баяндамасында мәлім болғандай, кентаулықтарды қыстан аман-есен шығару үшін кәсіпкерлерден жиналған қарыз әліге дейін қайтарылмапты. Сонымен қоса, Елбасының «Жұмыспен қамту — 2020 » бағдарламасы бойынша берілген тапсырмалар орындалмаған. Оған игерілмей қалған қаржыларды қосыңыз. Мінеки, Кентаудың әкімі осы сауалдарда сүрінді. Осындай немқұрайлылыққа жол берген әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына облыс әкімінің өзі қатаң сөгіс берді. Ал халықты алаңдататыны Кентаудың қысқа дайындығы болып отыр.
Расында, үшінші шаһар атанған Шымкент қаласы әкімінің есебін көпшілік тағатсыздана күткен. Қала басшылығының тізгінін ұстағанына 5 ай болған қалталы әкім Қайрат Молдасейітов те ел алдында есеп берді. Оның баяндамасынан ілкімді істер мен шешімін күткен мәселелердің барын аңғардық. Жаңа әкімнің 5 айдағы атқарған есебінде татымды тірліктер баршылық. Әсіресе, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына айтарлықтай жүргізілуде. Құны 7 млрд 860 млн. теңгені құрайтын 11 жоба енгізіліп, есепті кезеңде 4 млрд. 335 млн. теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Одан бөлек, 14 кәсіпорында өндірістің көлемін кеңейті есебінен 198 жаңа жұмыс орындары ашылған. Дегенмен, түйіні шешілмеген мәселелер жоқ емес. Алдымен ауызға ілігері қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі магистралдық су және кәріз құбырының қаржысы толық қаралмаған. Сонымен қатар, «Асар», «Достық», «Қайнарбұлақ», «Бозарық», «Тұран», «Қайтпас-2» шағынаудандарындағы әлеуметтік нысандарды канализация жүйесіне қосу үшін 514 млн. теңге қаржы қажет. Ал Қошқарата, Ақсай-Қарабастау өзендерінің арнасын кеңейтіп, күшейту үшін 327 млн. теңге бөлінуі тиіс. Естеріңізде болса, Қайрат Құсейінұлы Түркістанды басқарып тұрғанда рухани қалада қылмыстық әрекеттер жиілеп кеткен еді. Енді міне, Шымкентте соңғы көрсеткіш бойынша қылмыс 79 %-ға өсіп отыр. Мұны жәй ғана сәйкестік деуге де болатын шығар, дегенмен…
Байқағанымыздай, әкім-қаралардың әлі де болса атқаратын шаруасы шаш-етектен. Аудан басшыларының есебін мұқият тыңдаған облыс әкімі әр ауданның жұмысын жеке-жеке қадағалайтын айтты. Әсіресе, халқы тығыз, әлеуеті жоғары Сайрам, Сарыағаш және Шымкент қаласының әкімдері жұмысты одан әрі ширата түсу керек. Ал өз кезегінде шенеуніктер сенім үдесінен шығып, жұмысты жандандыруы тиіс.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, облыс әкімі:
– Шымкент қаласында атқарылатын жұмыс көп. Әсіресе, коммуналдық-шаруашылық мәселелер көңіл бөлуді қажет етеді. Одан кейін аудандардан Мақтааралдың әлеуетi жоғары. Халық тығыз орналасқан өңір. Мұнда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Алайда, атқарылып отырған жұмыстарға қарап, Мақтарал тиісті деңгейден көріне алмай отыр. Егер оның субъективтi себептерi болса, тиiстi адамдар жауапқа тартылсын. Мәселен, жердi әртараптандыру бойынша әлi де қыруар жұмыстар атқарылуы тиiс. Бұған сәйкес әрбiр ауыл жоспар түзуi қажет.
Қайрат ӘБДУӘЛИЕВ, Түлкібас ауданының әкімі:
– Барлық жұмыс түпкілікті жүрмей жатыр дегенге мен келіспеймін. Себебі, ауданды газдандыру 93 пайызы , ауызсумен қамтамасыз ету 91 пайызға орындалған. Бұл да оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бізден басқа қай ауданнан осындай жетістік көріп жүрсіз? Ал бағалау ісіне келсек, егер ондық жайлы сөз қозғасақ сол ондықтан түскеніміз жоқ деп ойлаймын. Ал бестіктің ішінде жүрсек, тіпті жақсы.