Жергілікті биліктің жомарттығы жұртты жарға жықты

Дауға айналған жер көлемі 605 гектарды құрайды

Жергілікті биліктің жомарттығы жұртты жарға жықты. Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылына қарасты «Жаңақұрылыс» бөлімшесінен осыдан 5 жыл бұрын, сол кезде әкімнің міндетін атқарушы Мұхтар Төледияровтің шешімімен жер алғандар бүгінде жылап жүр. Өйткені олар өздері қоныстанған аумақтың шаруа қожалығына тиесілі екенін жақында ғана білді. Сол уақыттан бері жергілікті халық күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған.

 

Дауға айналған жер көлемі 605 гектарды құрайды

Дауға айналған жер көлемі 605 гектарды құрайды. Ол шешім бойынша, төрт жарым мыңдай тұрғынның иелегіндегі жер телімі. 2004 жылы Ақсукенттің бас жоспары түзіліп, соның негізінде халықты тұрғын үймен қамту ісін жүзеге асыру мақсатымен учаскелер таратылған. Сол кездегі әкімнің міндетін атқарушы Мұхтар Төледияровтің шешімін қолына алған ағайын қуанып, бірден құрылысты бастап кетеді.

Айнұр Тоқылова, Ақсукент ауылының  тұрғыны: «Басында жерді әкім берген. Құжаттарымыз қолымызда бар. Сонша халық мөрді қолдан жасамайды ғой. Ал мына жоспарды 9500 теңгеге сатып алдық.Қазығын да қақыздық. Жаңағы жаңалықты естіген соң әкімдікке келсек, шешім жойылсын деген ұйғарымды естідік».

Сол уақыттан бері мемлекеттік актіге қол жеткізе алмай келген жұртшылыққа жақында шаруақожалығының иесі жерін босатып беруді талап еткен. Шешімге иек артып, жеке меншігіміз деп жайғасқан халық мұнымен келіспей, екі жақ та сотқа арызданады. Сот шаруа қожалығы төрағасының пайдасына шешіледі.

Жантөре Әлібек, Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы: «Бірінші егжей-тегжейлі жоспар жасалуы тиіс. Ол жоспар бойынша коммуникация жүйелері тартылуы керек. Одан кейін жер тұрғын үй құрылыс үшін берілуі қажет. Сол талаптар орындалмай жатып, шаруақожалығының жері азаматтарға заңсыз таратылып берілген».

Ақсукенттіктер бүгінгі әкімнен көмек күтеді

Тұрғындар бұл шешіммен келіспейді. Халықты жарға жыққандар жауап беруі тиіс деп санайды. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған, шыдамы таусылған ауылдықтар бүгінгі ауыл әкімінің кабинетіне баса көктеп кірді. 3 ай бұрын тағайындалған Ақсукент ауыл округының әкімі Нұрполат Ақтайұлы бұл оқиғадан хабардар болып шықты. Халықты сабырлыққа шақырып әлек. Айтқаны сол -осыған дейін орынтақта болғандардың қателігін түзеуге кірістіпті.

Нұрполат Қаратай, Аксукент ауыл округі әкімі: «Маған дейінгі азаматтардың жіберген қателігінің нәтижесі осындай болып, әлі бұл мәселе созбалаңға салынып келеді. 4500 адамға таратылған заңсыз учаскеге қатысты мәселені шешу маған да оңай емес. Біріншіден жер заңсыз берілген. Бұл жерде шаруақожалықтардың құқықтары бұзылып отыр. Олардан да ешкім сұрамаған. Бүгін біз ауданның әкіміне осы мәселе бойынша ұсыныс айттық. Алдағы  уақытта шешіледі».

Ал кезінде мырзалық етіп, халыққа жерді таратып берген Мұхтар Төледияров бұл ісі үшін жауапқа тартылды дейді прокурорлар.

Сұлтан Орманов, Сайрам ауданының прокуроры: «Төледияровтың жауапкершілігін шешу жөнінде кезінде аудан әкіміне ұсыныс берілген. Сол ұсыныс негізінде ол сыбайлас-жемқорлыққа қатысты тәртіптік жауапркершілікке тартылған».

Бар болғаны тәртіптік жауапкершілікке тартылған жомарт жігіт бүгінде ауданда беделді қызметтердің бірінде көрінеді. Ал ақсукенттіктер бүгінгі әкімнен көмек күтеді. Ол ашынған жұртты мәселе шешіледі деп шығарып салды. Ал жеке қожалықтың иесі жерімдегі жоңышқаны таптадыңдар деп тұрғындардан енді материалдық шығын талап етіп, сотқа арызданыпты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=iMu-4VnLgaY[/youtube]