Бүгін Шымкенттегі жолкіренің 45 теңгеге қымбаттағанына тура бір ай. Осы аралықта қызмет көрсету сапасы жақсарды ма? Бұл сауалға үзілді-кесілді «ЖОҚ!» дейді қала тұрғындары. Бейәдеп кондукторлар мен желмен жарысқан жүргізушілер өз міндетін ұмытып, тек ақшаны ғана ойлайды деп шағымданды. Еске салайық, мамыр айында қаладағы қоғамдық көліктердің жолаушылары жолақысы көтерілмесе, жүрмейміз деп байбалам салған еді. Сәйкесінше халық сапа көтеріледі деп үміттенген.
Сәбира ҚАЛАУОВА, қала тұрғыны: «Кейінгіге қарағанда ешқандай өзгеріс жоқ қой. Баға 45, 35 теңге болсын, бәрібір. Бұрын қалай бейберекет жүрді, қазір де сол жүрісінен жаңылған жоқ. Қанша теңге болса да, амал жоқ, адамдар қоғамдық көлікке мінуге мәжбүр».
Жолкіре 10 теңгеге қымбаттағанда ең құрығанда, көк түтінге булықпай, автобусқа еркін мініп, еркін түсетін шығармыз деп ойлаған шымкенттіктер. Алайда, сапа артады деген үміт ақталмады. Тиынға құныққан қоғамдық көліктер желмен жарысуын қоймаған. «Жарысады ғой, әрине. Қалада жарыссыз болмайды. Сол үшін жас балдарды оқыту керек. Бір мәрте жарысты ма, сөгіс берумен шектелмеу керек. Материалды қысу керек. Айлығын алып тастау керек», — дейді шымкенттік тұрғынның бірі Бауыржан Әлішеров.
Таяуда ғана Ақжайық (Қайтпас-2) шағынауданына қатынайтын «17 б» автобусы бір-бірімен жарысамын деп жол апатына ұшырады. Абырой болып, көлік ішіндегі адамдары аман қалды. Мұндай оқыс оқиға тағы да қайталануы мүмкін дейді жолаушылар, егер қызмет көрсету сапасын ретке келтірмесе. Жүргізушілер мен кассирлерді оқытып, мәселені шешкіміз-ақ келеді дейді компания қожайындары. Бірақ, бұл сапалы қызметке кепіл емес.
Мірәлі ОСМАНОВ, «Ерік» ЖШС-і директорының орынбасары: «Кондукторларымыздың тыңдамайтын себебі, бәрі жас қыздар. Оларды оқытып, үйретіп жатырмыз. Күнде таңертең шығып бара жатқанда дұрыстап жүріңдер деп айтамыз. Пенде ғой, айтқанымызды істемейтіндері бар ішінде».
Сапасыз қызметтің көкесін №89 автобус жасап жүр. Соңғы аялдамасы «Таскен» ауылынан бітетін қоғамдық көлік 3 жылдан бері бер жақтағы «Бектан» базарынан қайтып, екі аялдамаға адам тасымайды. Жүргізушілердің бұл былығынан жолаушылар да бейхабар.
«10 теңге жыртығымызға жамау емес». «Южавтотранс» қауымдастығының айтқан жауабы осы. Дегенмен, бұрынғымен салыстырғанда жағдайының көш ілгері екенін білдірген төраға салаға мемлекет субсидия мен дотация бөлмей, сапаның құлдырай берері анық дейді.
Дархан ҚАЮПОВ, «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы: «Біздің қауымдастыққа шамамен мың адамдай жүргізуші керек. Кәсіби көлік айдаушыларымыздың бәрі кетіп қалған. Осы мәселені енді шешуіміз керек. Қазір шешілмегенімен бұл мәселе шешілетіні анық».
Жолкіре қымбаттаған бір айда тасымалдаушылар Қытайдан 20 орындық тұратын 28 жаңа автобус сатып алыпты. Ол шаһардағы 84,106,135 бағыттағы көліктерге беріледі. Ал сапасыз қызмет көрсеткен тасымалдаушыларға айыппұл саламыз дейді. Ол үшін қауымдастықтың 55-11-42 немесе 55-04-34 нөмірлеріне қоңырау шала аласыз.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YRb5ppxfrSQ[/youtube]