Ауызсу ауылдарға жетті ме? Бұл мәселеде Төлеби ауданындағы Жыланбұзған ауылының тұрғындары қиналмайтын болдық деп қуанып жүр. Өйткені, жақында ауылға тәулік бойы берілетін тазасу беріледі. Таяуда, демек, 415 үй, яғни 2740 адам сапалы суға қол жеткізбек. Ондағы су құбырының құрылысымен, кешегі күні, облыс басшысы Асқар Мырзахметов те танысты.
Жыланбұзғанның жұрты Кеңес кезеңі кеткеннен бері ауызсуға жарымаған болатын. Таза суды көрші ауылдан тасып ішті, елдімекен маңындағы қоймасындағы суды пайдаланды. Тіршілік нәрін сорғы мен піспе құдықтан шығарудың өзін осыдан бір ай бұрын ғана игерді.
Сұлтан Мырзамұратов, Жыланбұзған ауылының тұрғыны: «Әрине, піспе құдықтан су алу оңай емес. Сорғы арқылы су тарту да электр қуатын айтарлықтай жейді. Ауылдық жерде тұратын біздер үшін мұның қалтаға салмақ салары шындық. Бірақ қайтеміз?! Тіршілік нәрінсіз өмір сүре алмайтын болғандықтан көнеміз ғой бәріне».
Құрылысы екі жылға созылған мына су мұнарасының құрылысын көріп ауыл халқы қуанып жүр. Енді сәл шыдаса қараша айында жыланбұзғандықтар құдық суын қанып ішпек.
Нұрбол Өмірбаев, «Ленгір-Су» МКК-нің директоры: «Бізде 18 елдімекен сумен қамтылған. Бірақ, оларға кестеге сәйкес етіп, 24 сағат бойы ауызсу бере алмай жатырмыз. Себебі, су құбырлары өте ескі. Бірақ 2013-2014 жылдарға біз өзіміздің тарапымыздан және құрылыс бөлімінің тарапынан ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына бағдарламалар жасап, өткеріп жатырмыз».
Жыланбұзғандағы халайық ілкімді істің ілгері тұсын бірінші басшымен де бөлісті. Асқар Исабекұлына жиылған көпшілік енді көгілдір отын орнату ісін бұйырсаңыз, көңіліміз марқайып қалар еді деген тілегін де жасырып қалмады. Айта өткен жөн, Төлебиде 53 елдімекен болса, соның 38-нде қазір таза су бар. Бұл — аудан халқының 60 пайызы тіршілік нәрімен қамтылғанының айғағы.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=fk_FNaC8EaM[/youtube]