Қаламыздағы Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінде ерекше кеш өтті. Олай дейтін себебіміз, Астана қаласындағы Президенттік оркестрі арнайы Оңтүстік тұрғындарына ұлттық нақыштағы концерттік кешін ұсынды. Президент оркестрінің әншісі Досымжан Таңатаров сахнаға алғаш шығып, халық әндерін әуелете шырқады. Бұл күні Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланы Президент оркестрі әншілерінің «Астана самалы» атты ән-күй кешін келген көпшілік тәнті бола тамашалады. Айта өтетін жәйт, Қазақстан Республикасының Ұланы Президент оркестріне биыл 20 жыл толып отыр. Өздерінің мерекелерін Оңтүстік өңірінің 80 жылдығымен қоса тойлауды жөн көрген ұжым бұл күні ән-жырдан шашу шашты.
Досымжан Таңатаров, әнші: «Қобалжып толқып тұрмын, әрине. Сахна ол – қай жерде де сахна ғой. Әсіресе өнердің қадіріне жеткен өлкеге келіп өнер көрсетудің өзі қобалжуды талап етеді. Сондықтан болса керек бүгін алдын-ала әнімді іштей қайталап отырмын. Міне, өздеріңіз де көріп тұрған боларсыздар, бірінші болып шығып отырмын сахнаға. Қарап отырсам, ол Оңтүстік болсын, Батыс болсын, мейлі Астана қаласындағы үлкен сахна болсын – бәрібір сахнаның киесі болатыны бар. Менің ойымша, бүгінгі кеш өзінің жауапкершілігімен, өзінің мерекесімен, өзінің датасымен ерекшеленген кеш! Бір емес, бірнеше рет келіп өнер көрсетуіміз бұл. Аллаға шүкір, Оңтүстік – өнерді сыйлаған, өнерді түсінген, өнерді бағалай білген, жақсы мен жаманды ажырата білген өңір. Бүгінгі кеште бергісі Малайзияның, арғысы Ресейдің сахнасын әнмен тербеген өнерпаздар бар арамызда. Менің ойымша, бәрібір қандай сахна болса да қобалжу сезімі туындайды. Міне, дәл қазір олар да сахна сыртында қобалжып отыр. Сондықтан бұл заңдылық! Мәселен, көрермендер залында 1 немесе 10, одан да көп адам болса да бәрібір. Ол адам санасымен бағаланбайды, ол кез келген өнер иесінің жүрек түсігіне, көңіліне тікелей байланысты. Ал бұл кеш Сәкен Сей фуллиннің «Сарыарқа» әнінен басталады. Қазақстанның самалы, Астананың самалы бұл – бұл елдің жүрегі. Ендеше, біз жүрек дүрсілін ала келдік. Бұл әнмен, күймен, жырмен келеді! Ал кеш біткен соң, халық өзі бағасын бере жатар деп ойлаймын. Сонымен қосы, Оңтүстік өңірінің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтағым келіп отыр. Себебі, бұл үлкен мереке! Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына, елдігіміздің, сайып келгенде бар қуынышты бойына жиған мереке дер едім! Айта кететін жәйт, бұл оркестр беталды концертке шыға бермейтін ұжым, тек ресми түрде жол жүреді немесе кеш ұсынады. Сонымен қатар, бұл республикалық Ұлан Президенттік оркестрі елге келген құрметті қонақтарды ұшақтан түскен бойда ән-күймен қарсы алып, дәл солай шығарып салатын өнер ұжымы. Біздің мемлекетке, біздің мемлекет басшысына сырт мемлекеттің патшасы немесе зиялы сыйлы қонақ келген жағдайда ән ұран орындап, көк туымыздың желбіреп тұрғанын көрсететінін және келгеннен бастап әнмен, жырмен, қазақтың мәдениетімен таныстырады.Дәл солай әнұран, қара домбырасының ойнап тұрғанымен мақтанады. Иә, расында да айында-жылында ел аралап, коммерциялық тұрғыда құрылған ұжым емес. Тек қана ресми түрде жұмыс жасайтын ұжым екенін айтқым келіп отыр. Мен оркестрге тоқталып өткен себебім, Оңтүстіктің 80 жылдығын айрықша дата деп сыйлап отырғандықтан болар, оркестрдің өзі келіп өнер көрсетіп, өңірдің абыройын асқақтатуда. Бұл да болса Оңтүстікке деген құрмет болса керек-ті».
Манас Биатан, Президент оркестрінің әншісі: «Әрине, біз керемет көңіл күймен келіп отырмыз Шымқалаға! Шынымды айтсам, сен бастап барасың деген бұйрық шыға салысымен Оңтүстікке асықтым. Себебі, мен қазір Астана қаласында жүргеніммен, Оңтүстіктің тумасымын. Балалыфқ шағымның қызығы да осында өткен. 80 жылдық мерекені тойлауда дегенді білісімен, тойға тартуымызды әкелген едік осындай. Жанды дауыста, халық әндерін шырқап, елге рухани азық сыйлау үшін арнайы келіп отырған жайымыз бар. Айта өтетін дүние бұл биыл біздің Қазақстан Республикасының Ұланы Президент оркестріне де 20 жыл толып отыр. Қос қуанышымызға арнап бүгін өнерімізді ортаға салмақпыз».
Сахна төрінде Астананың самалын арқалап келген әншілер көпшілікті әнімен әлдиледі. Өңірдің 80 жылдық торқалы тойына тарту жасауды көздеген оркестр өнерпаздарына өнерсүйерқауым қошемет көрсетті.
Зәбира Төлешбаева, көрермен: «Біз өте керемет көңіл күйде отырмыз. Себебі, басқа-басқа Астанадан келген өнерпаздар бізге арнап ән салып жатыр. Неткен құрмет?! Міне, Оңтүстікке деген қошемет! Тек қана теледидардан көретін танымал әншілердің біздің қарапайым ғана сахнаны әнмен тербеуі – біз үшін үлкен қуаныш! Мәселен, Досымжан Таңатаровтың жүрекпен орындаған «Ана», «Сарыарқа» әндері, Ардақ Балажанованың жыр-толғауды әуелете айтуы естен ешқашан кетпейтін болар, сірә! Барлығы жанды дауыста, шын жүректен!»
Марат Бауыржанұлы, көрермен: «Негізі бүгінгі кешке келемін-ау деген ой болмаған еді. Алайда ойланып отырсам, біз үшін, өңірді құттықтау үшін Астанадан келіп тұрған өнер иелеріне неге құрмет-қошемет көрсетпеске?! Сондықтан да бүгін келіп қосыла ән шырқап отырмын. Танымал жұлдыздар келіпті. Қашанда өнерді түсінген өлкеміз ғой. Халық әндерін естігенде, әншілерге қосыла кетіп, кештің көркін кіргізіп отырмыз».
Айта өтейік, осылайша Президент оркестрі күміс көмейлерінің орындауында 15 нөмір реті тамашаланды. Алдағы күндері өңірдің 80 жылдығына арналған кештер жалғасын табады деп күтілуде.