Ұлттық спорт түрлерінің төресі қазақ күресін насихаттау кезек күттірмейтін мәселе. Бекзат өнерді дамытуда тындырымды тірліктердің атқарылып жатқанын көріп те, біліп те жүрміз. Ауыл-аймақта, ірі қалаларда дүбірлі бәсекелердің өтіп жатқандығынан ел хабардар. Таяуда ғана Астанада қазақ күресінің майталмандары «қазақ барысы» атану үшін барын салғанын білесіздер. Енді міне, жауырыны қақпақтай, білекті балуандардың белдесуі Шымкентте ұйымдастырылды.
Қазақ күресі дегенде жанкүйер біткенннің делебесі қозып кететіні бар. Бозкілемде алпамсадай батырлардың аса тартысты белдесуін тамашалайтындардың қатары көп-ақ. Шымқалада өткен республикалық турнирге «Нартұлға» деп айдар тағылыпты. Расында, бозкілемде еліміздің әр түкпірінен жиналған нартұлғалы, кең иықты балуандар белдесті. 34 балуан бозкілемде бірін-бірінен именген жоқ. Әрқайсысының бітімі бөлек, жеңіске деген жігері ерекше. Олардың қатарында «Қазақ барысы» турниріне қатысып, орта жолда сүрінгендері бар. Қатысушылардың сол жолғы сәтсіздігін, «Нартұлғада» қайтарғысы келетіндері анық аңғарылады.
Естеріңізде болса, «қазақ барысы» атану үшін Оңтүстіктен аттанған Нұрзат Бекасылов пен Сабыржан Әбілдаұлы бармақ тістеп қалған-тұғын. Олардан бөлек, басқа облыстардың атынан сынға түскен жерлестеріміз Бақдәулет Абызов пен Мұрат Бәкірдің де жолы болмаған. Бәрі де мәртебелі атақтан үміттілер еді. Алайда, бірінің бағы жанбаса, енді бірінің бабы келіспеді. Міне, сол олқылықтың орнын толтыру үшін оңтайлы сәт келгендей еді. Бұл пікірді облыс спортының басшысы Полат Қырықбаев та қуаттайды. «Қазақстан барысындағы» жеңілістен кейін бірқатар шаралар қолдандық. Сәтсіздіктің себеп-салдары анықталып, келешекке жоспар түзілді. Бұл сайыс білекті балуандар үшін жұбаныш болмақ. Оңтүстік дарынды балуандардан кенде емес.
Ендігі мақсат- сол жастардың арасынан нағыз чемпиондарды тәрбиелеу. Бар күш-жігерімізді осы бағытқа жұмсаймыз. Бапкерлердің алдына да нақты талаптар қойылды. Енді тек жұмыс жасау қажет»- деген пікірін білдірді Полат Наурызбайұлы. Шындығында, құт қонған өлкемізде күш атасы Қажымұқанның ізбасарлары көптеп саналады. Ерінбей әрбір балуанның томағасын сыпыра білсе, небір марғасқа жігіттерді дайындауға әбден болады. «Нартұлғаның» өңірімізде өткені де бекер емес.
Биылғы доданың бәсі биік. Өйткені, тартысты турнир облысымыздың 80 жылдығына арналып отыр. Сол себептен, бас жүлде темір тұлпар үшін қатысушылар жанын салып белдесті. Соңында жүзден жүйріктер анықталды. Бәсірелі бәсекеге әсіресе, ордабасылық Мұрат Бәкір тыңғылықты дайындықпен келіпті. Қарсыластарын жұмарлай жеңген түйе палуан «Нартұлға» атағын иемденді. Онымен қоса, темір тұлпарды тақымына басқан балуан сый-құрметке көмілді.