Ұнасымды Ұласбектің жауабы

Мархабат аға
Мархабат аға

(Жалғасы. Басы газетіміздің №37 санында)

Ассалаумалейкум, аса қадірлі Мархабат аға!

Қаламыңыздан туған әр туындыны асыға күтетін ыждағатты оқырманыңыз ретінде шығармашылығыңызға береке тілей отырып, өзіңіз басқаратын «Қазығұрт» журналы арқылы жолдаған жылы лебіздеріңіз үшін де, өзімсіне айтқан ағалық базынаңыз үшін де шынайы ризашылығымды білдіремін.

Осынау ашық хатты оқып шыққанда өмірімнің әрбір кезеңі, әр белесі, өрі мен ылдиы көз алдымнан кәдімгі кино лентасы сияқты өтіп, жадымдағы талай оқиғаны жаңғыртты. Әрине, кім-кімнің де басып өткен өмір жолы бар. Дегенмен, сол жолдың барлығы өзіңіз сияқты қазақтың қарымды қаламгерінің назарында бола бермесі анық. Тағдырдың талайымызды осылайша қиыстырып, көпшілік іздеп жүріп оқитын көсемсөзіңіздің кейіпкері болғанымды үлкен бақытқа балаймын.

«Бірте-бірте сізді жоғары жақтар байқады. Облыс әкімдігінің бөлім меңгерушісі болдыңыз. Ішкі саясат және жастар ісі департаментін басқаратын бас-тамашыл, кішіпейіл, жаңашыл, ұлтжанды, алашшыл азамат Дархан Мыңбай ауданға әкім боп ауыстырылғанда, орнына облыс басшысы сізді тағайындады. Жас-тар қуанды. «Егемен Қазақстандағы» «Ұнасымды Ұласбек» атты мақалада осының бәрі тәптіштелген,» — деп жазасыз ашық хатыңызда. Сол мақалада Желтоқсан оқиғасында жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған өрімдей жастарымызды бүкіл ел көлемінде алғаш рет еске алу жиынын өткізген Целиноград қаласы студенттерінің «Парасат» мәдени-ағарту орталығының төрағасы болған кезімнен бастап, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және жастар ісі департаментінің басшылығына келгенге дейінгі өмірімнің тұтас бір кезеңін жұртшылыққа тәптіштеп жеткізген өзіңіз болатынсыз.

Соңғы жылдары еліміздің көптеген аумақтарында су тасқынынан болған табиғи апаттар жиі-жиі орын алуда. Солардың ең алғашқысы және аса үлкен көлемдегі шығынға ұшыратқаны 2008 жылдың ақпанында Сарыағаш ауданында болған алапат су тасқыны болды. Бұл сол ауданның басшылығына енді келген кезім еді. 1400-ден астам үй, 4 мектеп, т.б. көптеген әлеуметтік нысандарды жайпап, жолдар мен коммуникацияларды бұзып, қиратып кеткен, айтып келмейтін апаттың зардаптарын жоюдың басы-қасында жүру және үдесінен шығу дегеніңіз айтуға ғана оңай тірлік. Жарты жыл ішіндегі оқиғалар өмірімнің жартысына татып, бүтін бір университеттің орнын өтеді десем артық айтқандық болмас. Қалайша «Тағдыр қиыстырған» демейсіз, тағы да осы жағдайларды өзек еткен «Кібісе қарғыны» атты мақалаңыз «Егемен Қазақстанда» жарық көрді.

Мен өз хатыңызда айтылған жәйттерді бекерге қайталап отырған жоқпын. Бүгінгі хатыңыз сол мақалаларыңыздың жалғасы әрі тілеулестіктен айтылған ағалық кеңес, жанашырлық, бағыт-бағдар екендігін және үлкен сеніміңізді сезінгендігім деп ұғыңыз. Нағыз қаламгер қашан да халықтық тұлға. Орыстың ұлы жазушысы М.Шолохов коммунистік партия қатарында болмаған екен. Неге олай деген сұраққа: «Мен партия мүшесі емеспін, бірақ жүрегім партия деп соғады», – деп жауап беріпті. Сол айтпақшы, жүрегі «халқым» деп соққан қаламгер өз халқының мұңын мұңдамай, жоғын жоқтамай тұра алмайды. Ал Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заңдар халықтың өмір сүру сипатын айқындайды. Рас, сол заңдардың ішінде бір қайнауы кем болған шикілеулері де, экономикалық, әлеуметтік өмірдегі нақты құбылыстармен қабыспай жататындары да, орындалу тетіктері жеткілікті ойластырылмағандары да табылып жатады. Ондай олқылықтар мен солқылдақ тұстары заңдардың жұмыс істеу барысында айқындалып, тиісті өзгертулер мен түзетулер енгізіліп отыратыны белгілі. Қатып қалған ешнәрсе жоқ. Бәрі де өсу, даму үстінде. Өмірдің заңы солай.

Құрметті Маха!

Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаттардың дауысы онша естіле бермейтіні туралы айта келе, өзіңіз де «бұл орайда өзеуреп сөз сөйлегенді, шошаңдап қол көтергенді, телеарналарда тымпыңдап көріне бергенді, газеттерге жаттанды, жасанды мақалалар тықпалағанды айтып отырған жоқпыз» деп өте әдемі мәністегенсіз. Осы орайда көпшіліктің ойына Украина Парламентіндегі келеңсіз көріністер оралары анық. Мәселені айқай, босқа даурығу, үстел төмпештеу не төбелеспен шешуге болмайды. Өздеріңіз сияқты ойды образбен әдіптеп жеткізуге шеберлігіміз жете бермес, дегенмен Парламенттің күнделікті жұмысын мен беті жайбарақат көрінгенімен, тереңінде жойқын ағыстар жүріп жататын мұхитқа ұқсатуға бейіммін. Ол ағыстар ешқашан тоқтап қалған емес.

Парламент депутаттығына сайланғанымызға жарты жылдан астам уақыт өткен болса, осы мерзім ішінде бірнеше рет елге шығып, көптеген кездесулер өткіздік. Ондай жиындарда тұрғындар өздері тұратын аумақтың ең өзекті деген мәселелерін көтеретіні белгілі. Оның үстіне әр депутат өзі еңбек еткен саладағы түйткілдер мен түйіндерді бес саусағындай біледі. Мәселен, өзім бірнеше жыл тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен байланысты аудандарды басқарған болсам,тағы бірнеше жыл негізінен тұрғындардың арыз-шағымдарымен жұмыс істейтін,ұсыныс-пікірлерін жинақтаумен айналысып, халық пен билік арасындағы алтын көпір міндетін атқаратын «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болдым. Осы тұрғыдан алып қарағанда әрбір депутат жаңа идеялар мен бастамалардың «Сандығы» сияқты болып көрінеді.

Егемендік жағдайындағы 21 жыл ішінде қанша мыңдаған заңдар қабылданған болса, бүгінгі таңда солардың көпшілігі өзгерту мен толықтыруды ғана емес,түбегейлі қайта қарауды, немесе жаңадан жазуды талап етеді. Бір ғана мысал келтірер болсақ, «Көші-қон туралы» заң бүгінгі өмір шындығына жауап бермейтініне көз жетті. Оралман бауырларымыздың бұл заңның шикі тұстарынан көрген құқайы аз болған жоқ. Миграция процестерін қалай ұйымдастырудың Германия, Израил мемлекеттеріндегі сияқты жетілген үлгісі бар. Шетелдерден келетін бауырларымызды артықша қиындықтарға, сергелдеңге ұрындырмай, өркениетті елдерге тән әдістермен көшіріп алу, орналастыру, бұл саладағы жемқорлыққа жол бермеу үшін заңды барынша жетілдіру қажеттігі туындады.

Сол сияқты өзіңіз айтқан жастар мәселелері де өз деңгейінде шешілді,бір ізге түсті деп айтуымызға әлі ертелеу. «Мемлекеттік жастар сая-саты туралы» Заңды да Елбасымыз айтқан «көрнекіліктен» арылтып, нақты жұмыс істейтін деңгейге көтеру мақсаты көзделген. «Білім беру туралы» Заңымыз туралы да осыны айтуға болады. Бұл бағыттағы реформалардың қайсысы өміршең екендігін, қайсысы құр еліктеуге негізделгенін ажыратып, білім берудің өзімізге тән сара жолын айқындайтын уақыт жетті.

Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласындағы нақты тапсырмалар әлеуметтік саланы жаңғырту концепция-сымен астаса отырып еліміздегі адам капиталын жетілдіру идеясының негізгі алғы шарттарын жүзеге асыруға жол ашады. «Адам капиталын жетілдіру» дегеніңіз өте кең ауқымды ұғым. Осы мәселелерге арналған мақаламдағы кейбір ойларға «жалпылама» сипатқа ие деген бағаңызға қосылуға да қосылмауға да болады. Себебі, бұл жерде «тірек нүктесін білсем, жерді аударып тастар едім» дегендегі сияқты бәрін бірден жүзеге асырып тастауға мүмкіндік беретін, күрделі механизмді бірден қозғалысқа келтіретін нақты бір тетік жоқ.

«Адам капиталы» дегенде отбасындағы, балабақшадағы, мектептегі тәлім-тәрбиеден бастап, озық ойлы, биік мәдениетті, білімді де білікті, кез келген өркениетті елдің азаматымен бой да, ой да теңестіре алатын бәсекеге қабілетті, жаңарған заман талаптарына сай өмір сүруге, еңбек етуге бейімді, т.б қасиеттерге ие азаматтың қалыптасуын түсінеміз ғой. «Дамыған 50 елдін қатарына қосыламыз» дегенде Елбасы осындай игі де биік мақсатты алға қойған. Әрине, мұның бәрі өз-өзінен болмайды. Экономиканың пәрменділігі, әлемдік саясаттағы абырой-бедел, ішкі тұрақтылық, индустриялық-инновациялық даму, мықты идеологиялық тұғыр, т.б. көптеген жалпы даму үрдісіндегі құрамдас бөліктердің тепе-теңдікте жетілдіріліп баруы және соған заңнамалық негіз қалануы талап етіледі. Өзіңіз айтпақшы, әлеуметтік те басқа да бағыттағы тұтас заңдар кешенін осы тұрғыда қайта қарауға, жетілдіруге, тіпті жаңадан жасауға өткір қажеттілік туындап отыр.

Осындай кең ауқымды мақсат-мүдделер тұрғысынан алып қарағанда, Сіздің ашық хатыңызды жеке өз басыма ғана қабылдамай, бұл ел тағдырына шын жанашыр зиялы қауым өкілінің, өкілі болғанда да өзіңіз сияқты әдебиеттегі өз орны бар көрнекті тұлғаның барлық депутаттар корпусына, қала берді елдің барша көзі қарақты азаматтарына арнаған сөзіңіз ғой деген тұжырымға келдім. Жазушы мен депутат қана емес, «елім, жерім» деген әрбір отандасымыз осындай елжандылықтың үлгісін танытып жатса көздеген мақсат-мүдделерімізге сөзсіз қол артарымызға күмән болмауға тиіс.

Құрметті Мархабат аға! 

Бәрімізге ортақ мақсаттар төңірегінде ой өрбітіп, пікір алысуға шақырған ниетіңізге дән ризалығымды білдіре отырып, өзіңіздей ағамен ой бөлісіп, пікір алысуға әрқашан дайын екенімді білдіремін және шығармашылығыңызға сөнбес шабыт, қаламыңызға мол қарым-қуат, отбасыңызға амандық тілеймін!

Сәлеммен, ініңіз Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты