Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағында Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовқа арналған ескерткіш бой көтеріп, ашылу рәсімі өтті. Ескерткіштің ашылу салтанатына Алматыдан арнайы келген бір топ ақын-жазушылар, соғыс және еңбек ардагерлері мен облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты. Бұл даңқты батырға арнап тұрғызылған еліміздегі тұңғыш ескерткіш. Алматы, Шымкент пен Тараз қалаларында Сабыр Рақымовтың есімі берілген көше аттары бар. Қазығұрт ауданындағы ауыл Сабыр атамыздың есімін алған. Сондай-ақ 2003 жылы Шымкенттегі республикалық әскери мектеп-интернатқа Сабыр Рақымов есімі берілген еді. Жалпы даңқты қолбасшыны бүгінгі ұрпақ тани ма? Ол кім болған? Не себепті көптеген жылдар бойына оны өзбек ағайын «біздің батыр» деп иемденіп келді? Жастар біле жүрсін деген оймен осы сауалдарға кеңірек жауап бергенді жөн санадық.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Сабыр Рақымов 1902 жылы Қазығұрт ауданының Көкiбел ауылында дүниеге келген. Әкесі Омарқұл қазақ, ал анасы Бахрайым өзбек қызы болған. Омарқұл ерте өмірден озған соң, анасы Сабырды ертіп, 1909 жылы Ташкент қаласы маңындағы туыстарының қасына қоныс аударады. Сабыр Рақымов әскери мектепке құжат тапсырғанда оны хан әулетінен шыққан, Мәмбетбек датқаның немересі деп оқуға қабылдамай қойған көрінеді. Мәмбетбек датқа екі рет қажылыққа барған, сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу жан болған. Оқуға қабылдану үшін сол заманның солақай саясатының кесірінен Сабырға өзінің тегі мен ұлтын өзгертіп жазуына тура келеді.
Осылайша 1922 жылы Баку қаласындағы әскери мектепке оқуға түсіп, оны үздік аяқтайды. Одан соң Самарқан қаласындағы атты әскерлер дивизиясына жiберiлiп, көп өтпей әскери полктiң взвод командирi болып тағайындалады. Сосын ұйымдастыру қабілеті жоғары Сабырды эскадрон командирлiгiне өсiредi. Түркістан әскери округінде әскери қызметте болып, басмашыларға қарсы ұрысқа қатысады. Ерен ерліктері үшін 1927 жылы «Қызыл ту», 1930 жылы «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталды. 1930 жылы командирлердің білім жетілдіру курсында оқып, әртүрлі әскери округтарда қызмет жасайды. 1937 жылы байдың тұқымы деген жала жабылып 19 ай қамауда отырып шығады. 1940 жылы қайта әскерге алынып, Батыс әскери округына қызметке жіберіледі.
Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы
– Менің бағалауымда бұл үлкен шара. Сабыр Рақымов мақтануға, мақтауға тұратын тұлға. Бүкіл өмірі ерлікке толы. Қазақтың тұңғыш әскери генералы, соғыс академиясын Орта Азияда алғаш бітірген қазақ. Үш бірдей дивизияны басқарған қолбасшы. Орта Азияға ортақ батыр. Роза Бағланова апамыз өз естелігінде «бірде Сабыр Рақымов басқаратын дивизия құрамының алдында концерт қойдық. Концерттен кейін Сабыр маған өзінің қазақ екенін айтумен болды және ерекше мейірбандылық, ағалық қамқорлық танытты» деп айтады. Ескерткішіндегі бейнесінде де қырып-жоямын деп емес, мына елге бейбітшілікті орнатамын деп тұр.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда майдан даласына аттанған Сабыр Рақымов Смоленск қаласындағы танк дивизиясының құрамында, мотоатқыштар полкi командирiнiң орынбасары ретiнде ұрысқа кіріскен екен. Бірде жау қоршауында, оқ пен оттың ортасында қалған Сабыр Рақымов жеке полк құрып, фашистерге қарағанда аз жауынгерлерімен қоршауды бұзып-жарып аман шығады. Соғыс басталған күннен бас-тап қан майданда көрсеткен ерлiгi үшiн ол «Қызыл жұлдыз» орденiн кеудесіне тағады. Белоруссия, Смоленск жеріндегі ауыр шайқастарда оқ тиіп, жараланып 4-5 ай гос-питальда ем қабылдайды.
1942 жылы фашистік қолбасшы Клейст басқарған армия тобын тойтаруда да жаяу әскер әрекетiн артиллерияның, танктердiң, авиацияның күшiмен шебер ұштастыра біліп, ерекше батылдығымен танылады. Ұрысты сауатты ұйымдастырғаны үшін оны дивизия командирлiгiне бірден жоғарылатады. Кавказ тауы үшiн соғыста Рақымовтың дивизиясы жау шабуылының бетін қайтарып, ерен ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Ұлтарақтай жердің өзіне фашистердің табанын тигізбеу үшін барын, жанын салған Сабыр Рақымовқа КСРО Халық комиссарлары кеңесiнiң 1943 жылғы 19 наурыздағы қаулысы бойынша жоғары әскери дәреже – генерал-майор атағы берiледi.
Ұлықпан Бәшенов, республикалық С.Рақымов атындағы әскери мектеп-интернатының директоры
– Мен 2000-шы жылға дейін ОҚО Білім департаментін басқарып, сол жылы әскери мектеп-интернатқа директор боп ауысып келдім. Ол кезде біздің мектеп А. Суворов мектебі деп аталатын. Уақыт өте келе мектеп атауын облысымыздан шыққан Кеңес одағының батыры әрі даңқты бір қолбасшының атымен атасақ қалай болар екен деген ой келді. Іздей келе өңірімізде Сабыр Рақымовтан өзге үлкен шенге ие болған ұлты қазақ ардагер батырды кездестірмедім. Осылайша даңқты атамыздың атын жаңғырту мақсатында мектепке Сабыр Рақымовтың атын бергіздік. Біздікіндей әскери мектеп дәл қазір еліміздің 3 қаласында ғана бар. Бірі Алматыда, екіншісі Қарағандыда, үшіншісі біздің осы Шымкенттегі мектеп. Бүгінде мектеп-интернатымызда 450 оқушы әскери біліммен сусындауда. Бұлар оқуын бітірген соң жоғары әскери оқу орындарында білімін жалғастыруларына болады. Болашақта біздің түлектердің арасынан да Сабыр аталарына ұқсаған батыр әрі ұлтжанды азаматтар шығарына сеніміміз кәміл. Десек те, Алла жерімізге, елімізге тыныштық, бейбітшілік берсін деп тілейік.
Содан кейін Кеңес Одағының маршалы К.Рокоссовскийдiң қол астында Белоруссия мен Польша, Гданьск қаласын азат етуге атсалысты. Шығыс Пруссиядағы немiс-фашист әскерлерiн талқандайды. Ерлігі елеусіз қалмай А. Суворов, 4 жауынгерлiк «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерi, «Кавказды қорғағаны үшiн» медалi кеудесінде жарқырайды.
Даңқты қолбасшы 1945 жылы 26 наурызда, қырық үш жасында Данциг қаласы үшiн шайқаста қаза табады.
КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумының қаулысымен 1965 жылдың мамырында генерал-майор Сабыр Омарұлы Рақымовқа «Кеңес Одағының Батыры» деген атақ беруге шешім қабылданады.
Сталиннің өзі кезінде Солтүстік Кавказды фашист басқыншыларынан азат етудегі ерлігіне тәнті болып, Рақымовты «темір тегеурінді генерал» деп бағалаған екен. Ал өз қаруластары арасында «Азия арыстаны» атанып кеткен генерал-майор жайлы 12-шi армияның бас қолбасшысы А.Гречко: «Инабатты да ұстамды, тактикалық бiлiмдi, тәртiптi офицер» – десе, 56-шы армияның қолбасшысы генерал-майор Рыжков: «Шешiмдi де iзденгiш, ойы терең, қайсарлығы мен жүректiлiгiнен бiз алатын үлгi ұшан-теңiз» – деп естелік қалдырыпты.
Сабыр Рақымовтың қазақтың ұлы екенін дәлелдеуде 1970-ші жылдары Шымкент педагогика институтында ұстаздық қызмет атқарған, филология ғылымдарының кандидаты Ә.Оспанұлы, Л. Юсупов, 90-шы жылдары Е. Дүйсебеков, қоғам қайраткері Ә. Ысқақтың сіңірген еңбектері орасан зор. Батырдың жары, 2006 жылы өмірден озған Құралай Натуллаева (Сабырова) соңғы сәтіне дейін жұбайының қазақ екенін «Сабыр-Ұлы жүздің баласы, Суанның ішіндегі руы Қанбағыс, Мәмбетбек датқаның немересі» деп айтып кеткен. Құралай апамыз 50 жыл тынбай ізденіп, Сабыр оқыған әскери училищенің, туған жері Қазығұрттың мұрағаттарынан «Сабыр Омарқұлұлы, ұлты қазақ» деген құжаттар табады. 1996 жылы халықаралық сотқа шағымданып, 50 жылдан кейін жарының аманатын орындап қазақ екенін дәлелдейді.
Кеңес заманынан бері «ұлты өзбек, өзіміздің батыр»деп ұлықтап, ерлігін дәріптеп келген өзағаң өткен жылы Сабыр Рақымовтан бас тартты. Өзбекстандағы осы уақытқа дейін батырдың атымен аталып келген ауданды «Олмазар», метро станцияны «Алма бағы» деген атаумен алмастырып, Ташкент төрінде 30 жылға жуық тұрған ескерткішін жұрт көп бара бермейтін қалтарысқа апарып тыққан болатын.
Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағында бой көтерген ескерткіш ойсырап тұрған сол олқылықтардың орнын толтырады. Мыстан соғылған мүсінде батыр қолындағы дүрбісімен шайқастың барысын қадағалап тұрған сәті бейнеленген. Ескерткіштің биіктігі 4 метр 20 сантиметр, ал тұғырымен қосқанда 7 метрден асады екен. Жанында тарихқа толы өмірін ұрпақ есінде мәңгі сақтау мақсатында өшпес ерліктерін тақтайшаға қашап жазып орнатыпты. Ескерткіш пен айналасындағы абаттандыру жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер қолдау танытып, 20 млн. қаржы бөліпті. Салтанатты шара аясында кәсіпкерлерге облыс әкімінің арнайы сертификаты мен алғыс хаты тапсырылды. Шара соңында Алматыдан ат арылтып, арнайы келген жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы болашақта «Жеңіс» саябағын Сабыр Рақымовтың атымен атауды ұсынды. Несі бар, ұлт пен ұрпақ амандығы үшін басын қатерге тігіп, азаттық жолында құрбан болған ерді қалай дәріптесек те жарасады.
Әйгерім Бегімбет