Оңтүстік Қазақстан облысында тауы тарих болған, даласы дастанға айналған қасиетті мекендер көп. Тағзым етер киелі мекеннің бірі — Бәйдібек ауданындағы Кеңестөбе ауылынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан Ақмешіт әулие жерасты үңгіріне барудың сәті түсті. Көптен бері үңгір туралы ел аузында айтылатын үзік-үзік әңгімелерді естігеніміз болмаса, көзбен көріп қайту көптен бергі ойымыз еді.
Ақмешіт әулие үңгіріне еніп, жоғарыға қараған адам киіз үйдің шаңырағына ұқсатары анық. Күннің қапырық ыстығында жаның жай тауып, саясында көңілің жадырайды. Кей жерінде тамшылап тұратын су шөлдеген адамның таңдайын жібітеді. Таудың әрбір қыртысы тарих беттеріндей қаншама тылсым құпияны ішіне бүгіп жатқаны рас. Бұрын үңгірдің ұзындығы – 260, ені – 78 метр болса, арада жетпіс жыл өткен соң, ұзындығы – 160, ені – 54 метр, ал биіктігі – 35 метр болып кішірейген, – дейді көнекөз қариялар. Бұл жыл өткен сайын таудың өсіп, жердің шөгуімен байланысты екен. Тау ішіне кіру үшін осыдан бір-екі жыл бұрын баспалдақ орнатылғаны болмаса, бұған дейін адамдар арқан арқылы түсіп-шыққан.
Асқар Рүстембекұлы, «Ақмешіт» үңгірінің шырақшысы
– Мені әкем бала кезімде есекке отырғызып осы үңгірге алып келетін. Сонда бұл үңгірдің мәнін түсіне бермейтінмін. Шаршаған адамға дем береді, перзент сүймегендер ұлды болады деп әкем айтып отырушы еді. Мұнда Түркістанға, Арыстанбабқа, Қызылордаға және Бекет атаға апаратын жерасты жолы болған екен. Кезінде үңгірдің аузында кіріп‑шығатын қақпа да болған. Алайда 1966 жылдары Ташкентте орын алған қатты жер сілкінісінен ауызы құлап қалған. Әйтпесе мына жер теп-тегіс болатын. Ішінде жабайы жүзім, бүлдірген самсап тұрушы еді. Соны жеп өскен баламыз.
Аңызға сенсек, XII-XV ғасырларда жоңғар шапқыншылығы кезінде үңгірге 10 мыңға жуық әскер кіріп, намаз оқыған. Ал ол жауынгерлерді Ақмешіт әулие басқарған. Ертеректе жыланның ордасына айналған үңгірдің иесі айдаһар мен Дию пері болған деп те айтылады. Ал Ақмешіт батыр оны ілімнің күшімен ұстап, бағындырған дейді. Қазір осындағы мрамор тас астында Ақмешіт әулеті жерленген. Қасында Сүлеймен пайғамбардың анасының таспен қаланған мазараты бар.
Бекнұр Изембаев, жалпы тарих және археология кафедрасының магистранты
– Мен бұл орынға алғаш рет келдім. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген осы болар. Таң қалғаным рас. Тіпті Қазақстанда мұндай жер бар деп ешқашан ойламаппын. Мұндай саяхаттар біздің кітаптан оқығанымызды нақтылап, дәлелдеп береді. Білімімізді жетілдіріп, тереңдетуде көмегі көп. Әсіресе, біз секілді болашақ археологтар мен тарихшылар үшін маңызы зор.
Шырақшының айтуынша, үңгірге соғыс жылдарына дейін адам баласы аяқ басып көрмеген. Шаршаған адамға дем беріп, ниеті мен перзент сүймегендердің тілегін қабыл ететін Ақмешіт үңгіріне тек елуінші жылдардан кейін ғана адамдар лек-легімен келе бастапты.
Киелі мекенді бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Құпия болып келген үңгір туралы газет беттерінде жазылған бірен-саран шағын мақалалар болмаса, айтарлықтай құнды дүниелер де жоқ. Алайда оның қасиеті мен киесі ел аузында аңызға бергісіз әңгіме болып айтылуда. Біз қайтар жолда Орал мен Ресей елінен арнайы іздеп келіп, тәу етуге ниеттенген бір топ жолаушыларды кездестірдік. Сонау алыстан ат арылтып әулие үңгірге келіп жатқандарына қайран қалдық. Біздер тұмсығымыздың астындағы киелі мекенді қаншалықты қадірлеп, ұл-қызымызды ертіп барып, оның тәлім-тәрбиесін сіңіріп жүрміз?! Жалпы бізде әлі де болса ішкі туризм мәселесі дамымағаны анық.
Махаббат ӘБДЕШОВА