Айран құрамы мен қасиеттері бойынша сүтке ұқсас. Бірақ ұйытылғаннан кейін құрамы өзгеріп, пайдалы бактериялардың саны артады. Медицина тілімен айтқанда олар ағзаға пайдалы бактериялар. Ағзамызда қордаланған зиянды бактерияларды жойып, иммундық жүйемізді нығайтуда бұл бактериялардың пайдасы зор.
Бәріміз де ауылда айран ішіп өстік. Аптап ыстықта салқын айранды сіміріп алып әрі шөл қандырып, әрі қарын тойдырып жөніне кете баратын қазақ көп. Көжеге қатық, құртқа сүзбе болатын бұл тағамның дайындалу әдісі өте оңай. Пісірілген сүтті қам жылы етіп суытып, тамызық құйсаңыз болғаны. 3 сағатта қаймағы іркілген бал айраныңыз дайын. Сондай-ақ ашыған сүтті де айран ретінде пайдалануға әбден болады. Өздігінен ұйып қалған айранның құрамы пайдалы элементтерге толы. Қазақ дастар-қанының ең танымал тағамы айран десек артық болмайтын шығар. Себебі көп тағамға айран қосылып жасалады.
Бұрын бір қойдың етін сүт пісірім уақытта бір өзі жеп тауыса алатын алып адамдар болған. Етті жеп, сорпасын ішіп алып, ауыл маңында өзен немесе көл болса, сол суға түсіп алады екен әлгі дәулер. Жеген астың бүкіл майы су бетіне тері саңылаулары арқылы қалқып шығады. Салқын судан соң, міндетті түрде айран ішеді. Бұл батырлар үшін ас қорыту жолдарын тазартып, ішек жұмысын қалыпқа келтіріп, артық салмақты жоюға мол септігін тигізетін сусын ретінде пайдаланылған.
Айранның пайдасын бүгінгі ұрпақ та жақсы біледі. Дәрігерлер әрбір науқастың рационында міндетті түрде айран болғандығы жөн дегенді жиі айтады. Себебі науқас адам сауығу үшін түрлі дәрілерді қабылдайды. Олардың барлығы да пайдалы деп айту қиын. Ішек қызметін бұзып, қарын түктерін қабындырады. Салдары асқазан ауруына алып келеді. Ал сол дәрілерді айранмен бірге қабылдаған адамның жазылуы тез болады. Себебі айран ағзадағы зат алмасуға қатысып, иммундық жүйенің жұмысын жақсартады.
Айран ұйытылатын сүттің сапасына тікелей байланысты. Майлы, қаймақты сүттен дәл сондай майлы және қаймақты айран шығады. Бірақ майлылығы аз айранның пайдасы мол. Ондай айранның құрамындағы микроэлементтер ағзадағы түрлі ауру тудырушы бактерияларды жойып, созылмалы аурулардың алдын алады. Мұндай айран әсіресе балаларға өте пайдалы. Ағзадағы ас қорыту жүйесіне қатысатын мыңдаған бактериялар өзара қатынасқа түседі. Қабылдаған тағамның тез қорытылып, сіңіріліп және тиісті пайдасын тигізуі үшін өзара «күреседі».
Сүт өнімдерін жақтырмайтын адамдар да болады. Олардың ағзасы сүт құрамындағы лактоза деп аталатын элементті көтере алмайды. Салдарынан іш кеуіп, дисбактериоз деп аталатын дерт пайда болады. Ал айранды көтере алмайтын ағза жоқ. Құрамындағы пайдалы бактерияларынан бөлек, кальций мен калий бар. Ал бұл элементтердің ағзада алатын орны зор екендігі белгілі. Сонымен қатар айран көздің көру қабілетін арттырады. Құрамындағы А дәрумені тері қабатының жұмсақ әрі әдемі болуын қамтамасыз етіп отырады. Сосын кальциферон деп аталатын элементі бар. Бұл Д дәрумені. Сүйектің беріктігін қамтамасыз етіп, буындарды нығайтады.
Айран дәрігер-диетологтардың емдәмдерінен түспейтін тағамдардың бірі. Себебі, құрамы күрделі болғанымен артық салмақты түсіруде өте белсенді. Сондай-ақ ауыр және майлы тағамдардан кейін айран ішу – көп калорияны жойып, семіздікке апармайды. Құрамындағы фосфор түрлі инфекциялардың алдын алып, ағзаның жалпы күшін арттырады.
Ұлбала апа
– Айран деген құт қой. Мүмкіндігінше дастарқаннан үзбеуіміз керек. Қазір жастар бұл ағарғанға мән бермейтін болды. Немерелерімізге айран берсек, йогурт одан пайдалы деп ойлайды ма, келіндер сол боялған тәтті айранды береді. Онысы сары, қызыл, тіпті көк қой. Әрине, бояуы бар. Мүңкіген иісі жүрегіңді айнытады. Одан да үйдегі айранға тәтті тосапты қосса дүкендегі йогурт болады ғой. Қоспасыз, бояусыз. Қант қосып, бал қосып іше бер. Аузынан ақ кетпеген баланың денсаулығы мықты болады. Балаларымыздың барлығын да айран-сүтпен өсірдік. Ауру-сырқауды білмеуші едік. Осының барлығы да ұлттық асымыздың, ұлттық сусындарымыздың арқасы. Мұны әрбір келін, әрбір ана білуі керек.
Көп адам айранды ұйқы алдында, яғни түнде ішеді. Мұның да өзіндік сыры бар. Айран жүйке жүйесіне де оң әсер етеді. Ұйқысыздық және соңғы кезде әрбір адамды мазалап жүрген стрестік жағдайды емдейді, тыныш әрі жақсы ұйқыны қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, түнде ішілген айран ағзаны кальциймен толықтай қамтамасыз етеді. Ғалымдардың дәйегіне сүйенер болсақ, кез келген ағза кальций көлемін түн уақытында жақсы қабылдайды екен. Ағза толығымен тынығып, бұлшықет физикалық белсенділіктен босайтындықтан кальцийдің сіңірілуі өте жақсы үрдісте жүреді. Кешкі ас толықтай сіңіріліп, таңертеңгі тәбет жақсы болады.
Соңғы кезде сүт өнімдерінің арасында танымалдыққа ие болып жүрген айран бар. Ол – биоайран. Көп адам оны кәдімгі айраннан әлдеқайда пайдалы деп ойлайды. Ол шын мәнінде шала ұйытылған кәдімгі айран. Апаларымыз ұйытқан айранды уақытынан бұрын ашып ішсеңіз, биоайранның өзі. Ал сүт комбинаттары арнайы ашытқылармен дайындаған айраннан айырмашылығы жоқ деуге де болады. Тек «био» деп айдар таққан айранның құрамы бифидобактериялармен байытылған. Бұл ішектегі патогенді, яғни зиянды бактерияларды жойып, іш құрылысының саулығын арттырады.
Айгүл АБДУЛЛАЕВА, дәрігер-диетолог
– Айранның пайдасы орасан. Әсіресе ота жасатқан адамның саулығын нығайтатын ең пайдалы тағам. Әлсіреген ағзаны қайта қалпына келтіріп, ішек пен тоқішектің жұмысын белсенді етеді. Бірақ, пайдалы екен деп көп іше беруге де болмайды. Айран ішудің тәуліктік мөлшері 500 грамнан аспауы тиіс. Сондай-ақ айранды тым салқын немесе жылы етіп ішудің де пайдасы жоқ. Құрамындағы белсенді элементтер мұндай жағдайда өз күшін жояды. Орташа температурадағы айран барлық пайдалы қасиеттерін сақтап тұрады.
Айранды пайдалы тағам ретінде тұтынатындардың арасында косметологиялық мақсатқа пайдаланатындар да бар. Мәселен, шашты айранмен жуу. Бас терісінің құрғауы, қайызғақ, жансызданған шаш сияқты мәселелерді апаларымыз бір кесе айранның көмегімен-ақ жойған. Шаштың тамырын бекітіп, түсуін азайтатын, тарағанда оңай әрі сусылдап тұратын сүмбіл шаштар айранның көмегімен көптің қызығушылығын тудырады. Жоғарыда айтылған пайдалы элементтер мұнда да айрықша рөл атқарады. Шаштарды нәрлендіріп, жылтырауына сеп болады, тез өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар айраннан қыз-келіншектер маска жасаса да болады. Ол үшін аса күрделі технология қажет емес. Қою айранның өзін тазартылған бетке жақса теріні нәрлендіріп, әр береді. Терең әжімдердің алдын алады. Ал бір стақан айранға 1 қасық бал қосып жақсаңыз құрғақ тері үшін таптырмас дауа. Бет терісін қалпына келтіріп, зат алмасу процесін жақсартады. Тері астындағы өлі жасушалардың шығуына жол ашып, демалдырады.
Күнделікті тіршілікте елей бермейтін, пайдасы зор екенін екшей бермейтін айранның қасиеті осы. Апаларымыздың «ағарған іш» деп отыратын ескертулерінің астында қанша мән жатқанын біле бермейміз. Көп тағамның дәмін арттырып, тәбетіңді ашатын айранның сыры мұнымен бітпек емес. Дастарханымыздан ақ кетпесін!
Ақмарал Мырзахметова