Бүгінде «білімдінің жүзі жарық, білімсіздің күні ғаріп». Елбасының мына бір ұшқыр ойы да көпшілікке ой тастауы тиіс: «Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік».
Заман көші білім мен ғылымға бұрылды дегенімізбен, талапты жастардың білім алуына толық жағдай жасап отырмыз ба? Білімге ынтық, жігерлі жастардың жүйкесін жұқартатын бір мәселе бар десек, ол оқу ақысының жоғары қарай секіруі. Бұл ең әуелі ауыл баласының қалтасын қағары анық.
Құбылмалы нарық заманы ауыл баласы үшін оңай тимей тұр. Қатардан қалғысы келмей, жоғары оқу орындарын сығалайды-ақ. Амал не, бағасы аспандаған оқу орындары қалтасы тесік ауыл баласын көкірегінен кері итеруге мәжбүр. Бұл мәселе биік-биік мінберлерден айтылып жүрсе де, елеңдейтін ешкім жоқ. Ара-тұра Парламент мінберінен депутаттардың ащы айғайы естіліп тұрғаны болмаса.
Таяуда сенат депутаты Қуаныш Айтаханов Үкімет басшысына осы мәселе төңірегінде депутаттық сауал жолдады. Онда жерлесіміз ауыл-аймақтағы мектептердің заманауи техникамен қамтылмағандығына, тіпті қарапайым ғаламторға қол жеткізе алмай отырғандығын ашына айтқан. «Қала мектептері мен ауыл мектептерін салыстыруға келмейді. Білім беру сапасы төмен ауылдан келген баланың алған тәлімі, заманауи техникасымен дамыған жоғары оқу орындарының талаптарына сай болмай, мемлекеттік гранттарға қол жеткізе алмай отыр. Әрине бұл онсызда қалтасы жұқа ата-ананы баласын ақылы оқуға түсіруге мәжбүрлейді. Асқақтап тұрған оқу бағасын бәрі бірдей төлей алмайтыны ақиқат»,- дейді халық қалаулысы. Халықтың 47%-ы ауылды мекендейтінін ескерсек, расында дарынды жастардың дені ауылдан шығады емес пе? Жасыратыны жоқ, материалдық-техникалық базасы кемшін, білім беру сапасында кілтипан бар ауыл мектептерін бітірген түлектерде білім қайдан болсын? Бәрінің де ұлттық бірыңғай тестке қатысып, сынақтан сүрінбей өтсем деген арманы бар. Бірақ түйсіксіз білімнің кесірі «қылкөпірден» топырлай құлауға себеп болып тұр. Одан әупірімдеп өтті дегенімен, конкурста тағы сүрінеді.
Себебі, ауыл балаларына бөлінген квотаның көлемі де мәз емес. Елең-алаңда қалған талапкерлер енді қайтпек? Осылайша, ас-ауқатын әрең тауып отырған ата-аналар қорасындағы төрт түлікке телміріп отыр. Қалтасы қалыңдарға бала оқыту түк емес. Ал ауылда мал бағумен күнін өткізіп жүрген ағайын үшін үлкен мұң. Осыдан келіп, жұмыссыздардың саны артып, екі қолға бір күрек таппай жүргендері. Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібековтің «Қазақстанда жұмыссыздардың 71%-ын ауыл жастары құраса, олардың 76%-ының жоғары бiлiмi жоқ» деп маусым айында Парламент мінберінде шырылдағаны сөзімізге дәлел. Егер осы сүрлеумен кете берсек, сауатсыздық белең алып, тығырыққа тірелеріміз тағы айқын.
Ілияс ИСАЕВ, экономист-сарапшы
– Біздің елде оқу ақысы тым қымбат. Бағаны қымбаттату арқылы мұғалімдердің жалақысын көтереміз деген пікір бар. Бәрі бос сөз. Мен сияқты лекция оқып жүргендердің еңбекақылары мардымсыз. Есесіне ЖОО басшылығының жалақылары жылда көбейіп отырады. Олардың көпшілігі миллионға жуық ақша алады. Алайда олардың лекция оқып, студенттерге білім беріп, тер төгіп жатқандары шамалы. Осындай әділетсіздіктер мұғалімдердің көңіл күйлеріне әсер етпей қоймайды. Бұл білім сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Міне, оқуға ынтасы жоқ студенттер қайдан шығатындығы.
Сөзіміз жалаң болмас үшін статистика мамандарының дерегін сөйлетіп көрелік. Бір анығы, жыл сайын жоғары оқу орнының табалдырығын тоздыратын ауыл жастарының қатары сиреп барады. Мәселен, биыл елімізде 169 мыңдай оқушы мектеппен қоштасса, оның 48 мыңы Ұлттық бірыңғай тесттен тыс қалды. Яғни, білімге ынтасы болмай, бір жапырақ аттестатты құ-шақтап, нәпа-қасын басқа саладан іздеуге осыншама жас әрекет жасаған. Ал сынаққа қатыс-қан 121 мың талапкердің 43 мыңы оңбай сүрініп, межелі бағаны жинай алмады. Олар үшін де жоғары оқу орнының грантына ілігу тек арман-қиял ғана.
Мемлекет қарастырған 34 мың гранттан 78 мың жас өрен дәмелі болды. Аңғарғаныңыздай, талапкерлердің 50%-ы түптің-түбінде ақылы оқу орындарын жағалайтыны айдан анық. Ал баға деген аспанға шапшып тұр. Кешенді тестілеудің сиқы да осы. Тестке қатысуға 65 мың 168 талапкер өтініш білдіргенімен, оған бөлінген грант саны – небәрі 2700 ғана. Қалған 63 мың талапкер қайда баратынын ішіңіз сезіп тұрған болар. Енді бір құйқаңды шымырлататындай дереккөзге сүйенсек. Біз жоғарыда мәністегендей, жоғары оқу орнының студенті атанған ауыл жастарының үлесі жыл сайын құлдырап келеді. Мысалы, 2005-2006 оқу жылында жоғары оқу орындарына 90 324 ауыл жасы қабылданса, 2008 жылы оның саны 54 210 немесе 40%-ға төмендеген. Бұл тек ауыл жастары ғана. Жалпы, еліміздегі студенттер қатарының жыл санап азайып бара жатқаны да алаңдатарлық. Мәселен, 2007-2008 жылдары елдегі ЖОО-да 717 053 студент білім алса, 2008-2009 жылдары олардың саны 633 814-ке азайған.
Ал 2009-2010 жылдары 610 264-ке жетті. 2011-2012 оқу жылы да бұл көрсеткіш 19%-ға азайғанын меңзейді. Бұның басты себебі, әр жаңа оқу жылы сайын оқу ақысының өсе түсуі деп білеміз. Жығылғанға жұдырық болғандай, жоғары оқу орындарында сырттай оқу бөлімдері де жабылу үстінде. Бұл қазақ жастарының білім алу мүмкіндігін шектеу емес пе? Біле білсек, елімізде жалындаған жастардың 65%-ы өз қаржысына жоғары білім алады.
Әбдіхалық ӘБДУӘЛИЕВ, талапкер
– Мектепті бітіргеніме 3 жыл болды. Әлі күнге дейін жоғары оқу орнына түсе алмай келемін. ҰБТ-да бағым жанбағандықтан, ақылы оқуға тапсыруға әрекет жасадым. Бірақ бағасы шарықтап тұр, мүмкіндік болмады. Бұл әсіресе, ауыл жастарын қанау ғой. Мүмкіндігім болмағандықтан қалада қаражат табудың әрекетімен жүрмін.
Шыны керек, нарық заманында отандық жоғары оқу орындарының араны ашылып тұр. Жыл сайын оқу ақысы 30%-ға өседі. Тізімнің алдын бермей тұрған «крутой» университеттерді тізбектей кетсек. Тізімнің көш басына ҚБТУ жайғасқан. Мұндағы қаржы, мұнай саласындағы мамандықтың бір жылдық ақысы 1,5 млн. теңгеден асады. Ақпараттық технология саласы мамандықтарына бойынша білім алғыңыз келсе, 1 млн. 200 мың теңге төлейсіз.
Ең төменгісінің өзі 635 мың теңгеге жетіп жығылады. Оның артында Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП) менмұндалайды. Ондағы жыл сайынғы төлем де 1 миллионға жуық. Одан кейінгі деңгейлес университеттер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ. Бұл оқу орындарындағы баға 300 мыңнан басталып, 600 мыңға дейін барады. Байқағаныңыздай, біздегі ең арзан оқу 150-300 мыңның арасында. Мәселенки, бір үйде екі студент болса, жыл сайын 600-800 мың теңгені қайтіп болсын табуыңыз керек. Оған тағы студентіңіздің тамағын, жатақ-жайын, жолақасын қосып қойыңыз. Сонда жоғары оқу орындарында тек байдың балалары ғана білім алу керек пе?
Ал білім тізгінін ұстағандар оқу ақысын көтеру арқылы оқудың сапасына мән береміз дегенді айтады. «Ақылы білім беретін орындарда баға гранттың мөлшерінен төмен болмауы керек деген талап бар. Ал қазір гранттың бағасы 500 мың теңге болса, ақылы білім алатындар жылына 200-250 мың, кейбіреулері 100 мың теңге төлейді. Тіпті, 50 мың теңге төлеп оқитындары да бар. Ал 50 мыңға қандай білім беруге болады. Біз кейбір оқу орындарына бағаны бірден көтермей бірте-бірте сапалы білім беретіндей деңгейге жеткізуге тапсырма бердік», – деп еліміздің бас ұстазы Бақытжан Жұмағұлов сенаторларға жауап қатыпты. Бас педагогтың меңзегеніндей, білімнің құны тағы қымбаттайтын түрі бар.
Расында, біздегі білім сапасы оқу ақысына сай ма? Естеріңізде болса, қайбір жылы мәжілісмен Сағынбек Тұрсынов «ЖОО-дағы оқу ақысының көлемi берiлетiн бiлiмге сай емес, ол негiзсiз көтерiлiп отыр» деп Үкiмет басшысынан мәселенiң алдын алып, шұғыл шешiм қабылдауын өтiнген-тұғын. Оның айтуынша, біздегі оқу ақысының көлемi Еуропа, Азия елдерiндегi бірқатар университеттерден асып түскендігін айтқан еді. Мәселен, кәрі құрлықтағы Германия, Норвегия, Дания, Финляндия, Франция, Чехия сынды дамыған елдерде жоғары бiлiм алу тегiн көрінеді. Бұл мемлекеттерде білім алу неміс бол, француз бол, шетел азаматы бол – тегін. Ұлыбританияның әлемге әйгілі, аса беделді саналатын Оксфорд және Кембридж университеттерінің бизнес, құқық, саясат, экономика бөлімдерінде білім алу жылына 15-20 мың еуро (3-4 млн. теңге), АҚШ-тың Гарвардында 30 мың доллар (4,4 млн. теңге) екен. Бұл университеттердің сан жылдық тарихы, материалдық-техникалық базасының қандай екендігін екінің бірі біледі.
Сондай-ақ, Ұлыбритания, Мальта және Кипрдің колледждеріндегі оқу ақысы біздегі бірқатар білім ордаларынан арзан, яғни жылына – 4-5 мың доллар. Ал біздің «тәбеті жоғары» оқу шаңырақтары сапалы білім береді дейін десек, бітіруші түлектерді арнайы жолдамамен жұмысқа орналастырып жатқан жоқ. Қолында табақтай дипломы бар қаншама бiлiктi жастың жұмыс іздеп сандалып жүргенін көріп те, біліп те жүрміз.
Сонымен, оқу ақысының қымбаттауы мемлекеттiк грантқа бiлiмдi жастардың түсуiне мүмкiндiк береді делік. Алайда жағдайы нашар, білімі төмен ауыл баласы грантқа іліге алмай қалса не істемек? Осылайша, қолында билігі барлар мен білімі жоқтардың сөз ләмі қабыспай тұр. Бұл орайда елдегі талапкерлер шетелде арзан әрі сапалы білім алған жөн емес пе деген ойдың құшағында жүруі де мүмкін. Айтайын дегеніміз, өзіміздікін өзекке тебу емес, өзгелердің озық технологиясынан үлгі алсақ деген ниет қана.
Тағабай ҚАСЫМ