«Ата - анасыз бір сағат» бағдарламасы
«Ата – анасыз бір сағат» бағдарламасы

«Отырар» телеарнасындағы көрермендердің көзайымына айналған бағдарламаның бірі – «Ата – анасыз бір сағат» бағдарламасы. Аты айтып тұрғандай, хабар балғындардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге бағытталған.

Алғашында қазақ және орыс тілінде таратылатын бағдарламаның эфирлік уақыты бір сағат болатын. Бес жасар балабақша бүлдіршіндері мен мектептегі он екі жасқа дейінгі оқушылардан құралған жүргізушілер кішкентай көрермендердің көңілінен шығып, өңіріміздің мақтаныштарына айналған.

«Отырар» телеарнасын «Журналистер шеберханасы» деп атаса, балалар бағдарламасы арнамыздан шыққан көптеген тілшілердің алғашқы баспалдағы еді. Оған дәлел, бүгінде білікті де тәжірибелі журналистердің дені осы редакцияда алғашқы тәлімін алып, шеберлігін шыңдап, жүргізушілік қабілетін дамытқан.

Солардың бірі, 90-жылдары алғашқылардың бірі болып, хабарды балдырғандарға жеткізген Марина Низовкина мен Әмина Шоқпарова, одан кейін Дина Төлепбергенова мен Степан Балашов, Ақбота мен Азамат, Катерина Попкова мен Алиса Дуваева, т.б. бар. Айта кету керек, «Ата-анасыз бір сағат» балалар хабары 2000 жылы республикалық дәрежеде өткен байқауда «Ең үздік балалар бағдарламасы» деп танылған болатын. Бұл да болса, үлкен жетістік.

«Ата – анасыз бір сағат» бағдарламасы

Содан бері де он жыл өтті.

Жүргізушілер толқыны ауысып, орнына жаңарған құрам жыл сайын ауысып отырды. Соған орай хабардың аудиториясы да кеңейіп, өзіндік формасын қалыптастыра түсті. Жоспарлай жұмыс жасау барысында бағдарламаға тек талапты, талантты, әртістік қабілеті бар балалар жиналды. Олардың уақыттарын тиімді өткізуге бағытталған түрлі орындарға саяхат, ой-өрісін дамытуға арналған тренингтер мен танымдық сабақтар, өзін-өзі тану сабақтары мен спорттық ойындар өткізіледі.

Қуыршақ театры мен мұражайларға саяхатқа шығып, аула клубтары мен оқушылар сарайындағы түрлі үйірмелерге қатысады. Балалар өнер мектебі мен балалар саз мектептеріндегі ұлттық аспаптар мен түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрімен танысып, билеріне қанық болады. Өзге оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттыру үшін әр аспаптың үйрену жолдарын ұстаздардың көмегімен таныстырады. Кәсіби мерекелер де біздің жас тілшілердің назарынан тыс қалмайды. Олар жақындарын құттықтай отырып, сыйлықтарды бірге жасайды.

«Ата – анасыз бір сағат» бағдарламасы

Айта өтейік, бағдарлама әр жексенбіде, сағат 10:30-да және сәрсенбі күні сағат 11:45-те болады

Телеарна басшылығы да балалармен жұмыс жасау барысында түрлі әдістерді қолдануда. Өткен жылы қалалық білім бөлімімен бірлесе жұмыс жасап, бір жыл бойына шымқаламыздағы барлық білім ошақтарындағы шәкірттер бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Яғни, қаламыздағы мектептердің 4,5,6,7 сынып оқушылары түрлі тақырыптар бойынша өздерін жан-жақты қырынан таныта білді. Онда ұстаздардың да еңбегін атап өту керек.

Мұғалімдердің өзара ұйымдастыруымен және балалар бағдарламасы жүргізушілерінің қатысуымен «Жол ережесін білеміз бе?», «Әкем, анам және мен» отбасылық сайысы, «Ұстазды не үшін сыйлайсың?», «Көңілді қарындаш», «Ертегілер еліне саяхат», «Бәрін білгім келеді», «Аналарды ардақтайық!», «Компьютер досың ба?», «Құстар – біздің досымыз», «Деніміз сау болсын» т.б. тақырыптарда хабарлар түсірілді. Жыл соңында белсенді қатысқан мектеп ұжымы арасында үздіктерді таңдап, сыйлықтар берілді, мадақтама қағаздарымен марапатталды.

«Ата – анасыз бір сағат» бағдарламасы

Баланың тілін табу үшін, өзің де бала болуың керек. Сондықтан бағдарламаның редакторлары балалармен жұмыс жасау кезінде көбіне олардың өз ойларына тоқталады. Балалардың пікірімен санасады. Биылғы жаңа оқу жылын балалар бағдарламасы жаңалықтармен бастады. 6-12 жас аралығындағы балдырғандар арасында байқау жариялап, жаңа құрамды сайлап алды. Олардың қатарында Қаракөз Әбденова, Ақерке Берекешова, Рахат Әбдіманат, Ыбырай Махамбет, Ердос Боранбаев, Әйгерім Темірбекова, Диана Қаражанова, Нұрай Сәрсенова мен Аяжан Сейіткамал бар. Диана балет мектебіне барса, Ыбырай ән айтады, Рахат спортты жаны сүйеді, ал Ердос әдебиетке жақын. Өзі өлең шығарады. Нұрай сән әлемі туралы айтар болса, Әйгерімнің әртістік қабілеті мықты. Қаракөз мәнерлеп өлең оқыса, Ақерке өзгелерді жанына үйіріп алатын мінезі бар. Ал балалар хабарының бұрынғы жүргізушілері Жайна мен Қарақат, Тұмархан мен Елболат бұған дейін үйренгендерін жаңа достарына үйрететін болады.

«Ата – анасыз бір сағат» бағдарламасы

Балалар хабарға түсу кезінде жақсы мен жаманды, әдептілік пен әдепсіздікті, үлкенге орын беріп, көшеден дұрыс өтуді, үстел үстінде дұрыс отырып, гүл отырғызуды үйренеді. Бастысы дос-тар тауып, журналистік шеберлігін қалыптастыра бастайды.

Махаббат Әбдешова