Бекжігіт Мәуленов: «Он жыл той басқардым»

Бекжігіт Мәуленов
Бекжігіт Мәуленов

Өткен нөмірлерімізде сөз еткеніміздей тәуелсіздікпен бірге дамып, өркен жайып келе жатқан  «Отырар» телеарнасы 20 жыл ішінде талай қаламы қарымды тележурналистерді тәрбиеледі.  Солардың қатарында Бекжігіт Мәуленов те бар. Осыдан 9 жыл бұрын жай қызығушылықпен «Отырар» телеарнасы редакциясының табалдырығын аттаған Бекжігіт бүгінде танымал журналистке айналды.

– Бекжігіт, сізді кезінде мәдениет басқармасынан жиі көретінбіз. Мәдени іс-шаралардың жүргізушісі ретінде мерекелік игі істердің басы-қасында жүруші едіңіз. Телеарнаға тағдырдың қай толқыны алып келді?

– Мен «Отырарға» 2003 жылдың желтоқсан айында келгенмін. Рас айтасыз, мәдени шұғылданымпаздылық қызметін ұйымдастырушы педагог, облыстың бас алаңдарында ұйымдастырылатын ауқымды іс-шаралардың режиссурасын жасап, сценарийін жазатынмын, жүргізуші мамандығын игергенмін. Осы мәдениет саласында 3 жылдай қызмет атқардым. Кейін 1 жыл мемлекеттік қызметкер болдым. Бірақ шығармашылық адамы болған соң, еркіндікті қаладым. Оңтүстіктегі танымал режиссер Несіпханым Қамалқызы Камалова менің ұстазым. Оны әрдайым мақтан етемін. Студент болып жүргенімде іс-шараларды ұйымдастыруға белсене араласатынмын. Микрофонды дұрыстап қойып, үстелдерді ыңғайластырып дегендей. Осындай бір шақта телеарнаға Зәуре Оралбаевамен бір-екі рет сұхбаттасып қалдым. Содан ол кісі мені телеарнаға жұмысқа шақырды. 3-4 айдан соң, өмір толқыны мені телевидение саласына алып келді. Бастапқыда жаңалықтар жүргізуші болдым. Сериалдарды аудардық, түрлі түсірілімдерге бардық. Жастар, таңғы бағдарламалар редакциясының редакторы да болдым. Осылай «Отырар» жұмысына етене араласып кеттік.

– Ия, есімізде, сіздің дыбыстауыңызбен түрлі сериалдар, фильмдер де аударылды. Дубляж саласы сол кезде үлкен қарқын алды арнамызда.

– «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан» деген ғой Абай атамыз. «Мынау маған қиын» дегенім жоқ. Телевидение болған соң барлығы мені қызықтырды. Аударма, түсірілім, бағдарлама, дикторлық – барлығын қатар алып жүрдім. Таңғы сағат 8-ден түнгі сағат 1-ге дейін осында жүре беретінбіз. Аударма, дубляж жұмысы маған таңсық болған соң қызықтырды. Шынымды айтсам, қазақ киномотографиясында «Мимино» фильмін аударып, монтаждаған қателеспесем мен болармын. Мимикасын жасап, аузына сөз салып, қазақ киносына келтірдік. Әрине, алғашқы бастама болған соң, қателіктер болған шығар. Есімде қалған дүние осы.

– Диктор болу да бір өнер. Асабалық қасиетіңізді осында көрсетіп, жаңалықтарға импровизация қосу болды ма?

– Алғашқыда импровизация болды, жасырмаймын. Бірақ редакторлар жаңалық дегенге мұндайдың жат екендігін түсіндірді. Жаңалық деген мыңдаған ақпараттың сұрыпталып, өзегі қалған мәйегі. Соны көрерменге оқып жеткізуің керек.

Дегенмен диктор болғанда басымнан өткен қызықтарым есіме түссе, әлі күнге дейін күлкім келеді. Жүргізуші болған соң, арнаның бет пердесісің. Артық өзгеріс жасау үшін басшылықпен ақылдасу керек. Ал мен бір күні шашымды қып-қысқа етіп қысқартып келдім. Өзіме қысқа шаш үлгісі ұнайтын. Содан эфирде құлағым қалқиды да қалды. Оператор былай алады болмайды, былай көреді болмайды. Қалқиған құлақты жасыра алмады. Сонымен не керек, скотчпен құлақ жапсырып жаңалық оқыған кездерім болған( күліп).

– Той басқаруды да доғармадыңыз ғой… 

– Иә, журналистикамен қатар он жылдай асаба болдым. Бірақ журналистика мен асабалықтың ұштаспайтын жерлері көп кездесе бастады. Тойды жүргізуге деген көзқарасым өзгерді. Ол кәсіпті уақытша қойып кеттім.

Айта кетейін, осыдан 7 жыл бұрын тойдың өзіндік мәдениетін қалыптастырғым келді. Мамандығым мәдени шараларды ұйымдастырушы болғандықтан, мен қонақты жинап алып, қарын тойдыртып, мас қылып қайтару деген пікірден қашу керектігін ұсынып, тойға келген халық бір өнеге алып кетсе екен деп ойладым. Басқарған той думандарыма ерекше леп беріп, театрланған қойылым қоюды ұсындым. Солай өткіздім де. Қазір байқаймын той өткізудің осы бір мәдениеті қалыптаса бастады. Дегенмен, тойшыл халық бірсыдырғы өтетін тойлардан шаршады. Енді тағы бір өзгерістер жасап, той тек тамақ ішіп, тілек айтып кететін жиын емес, өнеге беретін басқосу болатындай ерекше әдістерді ойлап табу керек сияқты.

–Қазір «КТК» арнасының біздің облысымыздағы меншікті тілшісісіз. Хабарларыңыздың барлығы дерлік проблемалық материалдардан тұрады. Мәселе көтеріп, Оңтүстікте орын алған тосын оқиғаларды бірінші болып көрерменге жеткізуге тырысасыз. Бұл басшыларыңыздың осындай материал әкеліңдер деген тапсырмасы ма, әлде…

– Әр каналдың өзінің форматы болады. «КТК» арнасының бағыты осындай. Мәселен, еліміздегі орын алып жатқан оң істерді көрсететін «Хабар», «Астана» секілді телеарналар бар. Әр нәрсенің ақ пен қарасы болады. Өмір өзі күн мен түн, жетістік пен кемшіліктен тұрады. Ал «КТК» алғашында «Хабар» арнасына балама ретінде ашылған болатын. «Хабар» елдегі болып жатқан игі бастамалар жайында айтса, «КТК» елдегі шенеунік, халықтың мұң-мұқтажын ойлауы керек,халық қалаулыларының жіберіп жатқан қателігін көрсететін, жалпы халқымыздың қамын күйттейтін арна.

– Тележурналистикада тұсауыңызды кескен «Отырар «телеарнасының ұжымына не тілейсіз?

– «Отырар» есімін ел танитын тележурналистерді тәрбиелеп шығарған үлкен мектеп. Шеберхана. Біз «Отырардың» ескі ғимаратында, ескі құрал-жабдықпен, монтаж жетіспейтін кездерде тілші болып шыңдалдық. «Отырарға» алғысым шексіз. Қазір жаңа ғимаратта отырасыздар. Жаңа орынға жаңа талантты жастар келуде. Журналист мамандығына деген қызығушылық көп жастарда осы «Отырармен» байланысты туындайтынын жасырмаған жөн. Ал, «отырарлықтарға» көрерменге жаңа дүние ұсынудан шаршамаңыздар дегім келеді. Шығар шыңдарыңыз көп болсын әріптестер!

– Сұхбатыңызға рахмет, сізге де шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан – Арай БЕКСЕЙІТОВА

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=cZqOmUmFhn0[/youtube]