«Дипломмен ауылға» республикалық форумы осымен екінші рет өтіп отыр. Алғашқы басқосу бас қаламыз Астанада шымылдығын түрген. Қазақстанның барлық өңірінен келген 150-ден астам делегат, яғни жобаның қатысушылары бас қосқан форум үш күнге созылды. Негізгі отырыс М.ӘУезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында өтті.
Шараға еліміздің ауыл шаруашылық вице-министрі Мүслім Өмірияев пен Парламент мәжілісінің депуттатары, облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов қатысты. Бұл биылғы жоғарғы оқу орнын бітіретін түлектер үшін насихаттық жұмыс болса, өзгелер үшін көкейкесті мәселелерді шешу жолдарын қарастыру, дамыту бағыттарын айқындау болатын.
Айта өтейік, 2009 жылы бастау алған «Дипломмен ауылға» жобасына республика бойынша 21000-нан астам жас жұмысқа орналасып үлгерген. Оның 16 000- ы мұғалімдер болса, 4345- і денсаулық сақтау, 653- і мәдени, ал 195 маман әлеуметтік саланы таңдапты. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда 227 жас жұмыс атқаруда.
Жоба бойынша шаһарымыздан 1600 маман ауылға жол тартыпты. Оңтүстік Қазақстан облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметі бойынша, үш жылда 1561 жасқа 163468 теңге әлеуметтік көмек ретінде бір реттік жәрдемақы берілсе, 516 маманға 934 809 теңге жеңілдетілген пайызбен баспана алуға несие берілген.
Бұған дейін жоба аясында бес сала бойынша мамандарды ауылға тарту ісі қарастырылса, биылдан бастап, мал дәрігер мамандығы да тізімге қосылып отыр. Өйткені мал дәрігері ауылда зәру. Бұл жастардың бос жүрмей, сұранысты қамтамасыз ететініне сенімдіміз.