«Әйелдер не дейді?»
Әлиевтердің тегінен қашатыны несі?
Облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиев тегін ауыстырды. Енді ол бұдан былай ресми түрде Болатбек Нажмединұлы. Әрине, тегін қазақылағанға қарсы емеспіз. Бұған дейін Сайрам ауданының әкімі болып тұрған кезде Мұхит Әлиев те «ев»-ті алып тастап, Мұхит Әлі болғаны есімізде.
Өмірзақ Әлиевтің де бизнестен билікке ауысқан кезде бірден тегін ауыстырып, Өмірзақ Әмет болғанын ұмыта қоймадық. Тек кейде, неге осы «Әлиев» деген тектен бас тартатындар көбейіп кетті екен, деген ой келетіні болмаса.
Айтпақшы, Болатбек Нажмединұлы «Әлиев» болып тұрған кезде басының біраз дау-дамайға қалғаны да бар еді. Бәлкім соның барлығын еске салып тұратын «фамилиядан» ертерек құтылайын деді ме … Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тұманбек Әлиев қайтер екен?
Жәрмеңке жәрмеңке болмады
Кешегі сенбі-жексенбі күндері Шымкентте өткен азық-түлік, көкөніс жәрмеңкесіне көңілі толмағандар көп. Әсіресе, әл-Фараби алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге барғандардың бірі «Төлеби ауданынан әкелінген 100 дана бананнан өзге ештене көрмедік» дейді. «Елді алдап, арзан бағада көкөніс сатылады деудің қажеті не, Оңтүстіктің барлық сапалы көкөнісі арзан бағада Астана мен Өскеменге кетіп қалған болса…Жәрмеңкені жоғары жаққа ақпарат беру үшін ғана өткізе ме?» деп ашынғандар да болыпты.
Студенттер риза емес
Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан студенттерге жеңілдік жасалып, жолкіре үшін айына 1300 теңге бөлінуде. Бірақ, бұған риза емес студенттер көп. Олардың уәжі: «ана корпустан мына корпусқа ауысып жүреміз, кітапханаға барамыз…мұның барлығына айына тек жолақы үшін 2500-3000 теңге кетеді. 1300 теңге беріп жатырмыз, көбейттік деп мақтанады. Ол түкке де жетпейді» дегенге саяды.
«Ақбұлақ» бағдарламасын кім ойлап тапқан?
Мемлекеттік осы бағдарламадан талай шикілік шығып жатыр. Соның кесірінен, құбыр тарту ісінде өрескел кемшіліктер жіберіліп, құбыр, тіпті, ауру малдар өлекселері көмілген молаларға келіп тірелген жобалар бар екен. Егер осы бағдарлама әрі қарай шикі күйінде жүзеге асырыла беретін болса, таза сумен қамтуды тым ұзаққа созып жіберсе, сапалы ауызсудан тарығып отырған 3 миллион халық ата мекенін тастап үдере көшуі мүмкін екен…
Ең «кедей» әкім кім десеңіз…
«Нұр Отанның» «Өзіңнен баста!» акциясы аясында табыстарын, байлығын көрсеткен аудан әкімдерінің ішінде ең кедейі ретінде Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев тіркеліпті. «Кедейлігі» соншалық, бірнеше жылдан бері Шымкенттен үй салмақ боп құрылысын бастағанымен, ақшасының аздығынан құрылысы тоқтап қалыпты.
Бар жоғы 195 мың айлыққа қарап, ауданның сан-мыңдаған мәселелерін шешуден қолы босамай отырған Қайрат әкімнің басқа көлденең табысы жоқ екен. Балаларым өскен соң өздері бітіріп алады деп отырса керек. Дегенмен дымсыз отырған жоқ. Түлкібаста және осы ауданға қарасты Керейт ауылында үйлері бар екен. Аудан орталығындағы әкімдер үшін салынған үйді басқа жақтан келген, мұнда баспанасы жоқ қызметкерлерге бергізіпті. Азаматтық деп осыны айт.