Эстрада жұлдыздары халықаралық тасжолдың құрылысымен танысты

"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық тасжолы
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тасжолы

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық тасжолының Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтетін бөлігінде құрылыс кешеуілдеп барып басталғанымен, қарқынды қимылдың арқасында қазір жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.

Бүгінгі таңда автодәліздің 190 шақырымына бетон төселіп бітті. Еліміздің көлік және коммуникация министрілігінің ұйымдастыруымен елге танымал тұлғалар, әншілер мен тілшілерден құралған ақпараттық топ Оңтүстікке ат басын бұрып, құрылыс барысымен танысты.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 458 шақырымы Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтеді. Бүгінде оның тең жартысынан астам жерінде жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс алаңына келген ақпараттық топ мүшелері жұмысшылардың істеп жатқан кейбір тірліктерін өздері атқарып көрді.

Жанна Орынбасарова, актриса, әнші: «Жолды тегістейтін машинасы бар екен «Мерседеске» орнатқан. Соған отырдым. Былай-былай жүрдім. Жолда жұмыс істеп жатқандардың ісі өте қиын екен. Бірақ жол салу арқылы көптеген адамдар жұмыс жасап, айлығын алып жатыр».

Мынау жол төсеуге қажетті құрылыс материалдарының сапасын тексерістен өткізетін зертхана. Мұнда құм, тас, бетон мен топырақтың тығыздығы мен беріктігіне байланысты 70-ке жуық сараптама жасалады. Ұзақ жылдар бойына осы салаға қажетті мамандарды оқытып шығарған ғалым-ұстаз Бақытжан Мұртазин қазір құрылыста пайдаланылып жатқан тың технологиялардың ескі әдістерден әлдеқайда тиімді екенін айтады.

Бақытжан Мұртазин, профессор, қоғам қайраткері, «Құрметті жолшы» атағының иегері: «Істің сапасы да басқаша. Бұл арада қолданылып жатқан материалдар да басқаша. «Шебеночно мастичный асфальт» бетон дейді. Ол өте үлкен машиналарға төтеп беріп, деформацияға жол бермейтін құрылыс материалдары. Кейбір жерлерде цемент бетон. Олардың көп уақытқа шыдайтын қасиеті бар».

Халықаралық көлік дәлізінің салынуы «Ұлы Жібек жолы» бойында ежелгі тарихи орындарымызды көпшілікке таныстырып, туризмнің әлеуетін арттыруға да айырықша сеп жасамақ. Ақпараттық топ мүшелері сапар барысында көне Сауран қалашығы орнында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысты. Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде де болды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-JTDDLSZzOs[/youtube]